Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегімен елге танылған

Еңбегімен елге танылған

Осыдан алты жыл бұрын Астана қаласына көшіп келгеннен кейін, бірде ауылда еңбек жолын бастап, еліміздің ауыл шаруашылығы саласында жоғары басшылық қызметке дейін атқарып, құрметке бөленген ардагер, көрген жерде алдымыздан кесе өтпей, сәлемін жазбайтын ініміз Ертуған:
– Осында Қазалы ауданында туып-өсіп, есейген кезде Сарыарқа төсінен егін егіп, еңбегімен елге танылған Ұлықпан деген ініңізбен танысудың сәті түскелі тұр. Отбасына қонаққа шақырады, – деген еді.
Міне, осыдан бері реті келгенде бірге жүрген қазыналы қарттардың қатарында өткен өмірімізден түрлі әңгіме қозғап, көңіліміз көтеріліп, бір жасап қалатынымыз бар.
Кейде жалған дүние деп жүрген өмірге келген әрбір пенденің көргені мен түйгені, бір сөзбен айтқанда, басынан өткізген тағдыры «біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» дегендей әрқилы. Мұндайда ата-бабамыздың пешенеңе жазылғанды көресің деген аталы сөзі ойыңа оралады.
Бұл күндері жетпіс жасты алқымдап, төбесіне шыққалы тұрған, біздің ізімізді қуып келе жатқан Ұлықпан Жақанұлы ініміздің өмір жолымен бірте-бірте етене танысып, ой бөлісіп, пікір алысқан сайын осындай тұжырымға келдім.
Мен туып-өскен жеріміз бір болғанмен ол есейе келе орта білім алысымен жоғары оқу орнына түсіп, бітірісімен еңбек жолы ауылдан тыс жерлерде өткендіктен Ұлықпанды көрмеппін де, жете танымайды екенмін.
Оғыз мемлекетінің сан жылдар бас қаласы болып келген Жанкент шаһары етегін ата-баба, нағашы жұртым мекен еткен екен. Осындай тарихы тереңде жатқан ұлы даланың қасиетті топырағына аунап, ескі қаланы қоршаған қабырғаларына мініп-түсіп, балғын балалық шақ Жанкент шаһарының маңында өткендіктен болар, көнекөз дүние мен тарихи маңызы бар әңгімелерге әуес болып өстім. Ата-баба дін жолымен өсіп-өнген адамдар болған екен. Арғы бабамыз – ишан, ахун дәрежесінде, ал бергі ата-баба, олардың ізін жалғастырған – мақсым ата Мұхиядин де кезінде ишан дәрежесінде болып, елге қызмет еткен, елі – әулие ата деп атаған.
Мен дүниеге келгенде жасы сексеннен асқан атам, шөбересінің есімін Ұлықпан деп қоюды ұйғарып, батасын берген екен. Осы жағдайларды жыр қылып айтып отырғанымның жауабы, еш нәрсе себепсіз болмайды дегенді тілге тиек еткім келді. Мүмкін атамның батасында бір ерекше сыр болған болар, өмір жолым өзгелерден ерекшелеу болды. Адам өзінің мінез-құлқына мінездеме бере алмағанмен, өмірде атқарған ісіне есеп бере алады емес пе? Құлқынға құл болмай-ақ, жақсы істер атқаруға болатынын, санама жазып қойғандай сезінетінмін. Жоғары оқу, мамандық таңдау мәселесінде де тың ойлардың жетегінде кетіп, өмірімде көріп білмеген тау-кен инженері мамандығын таңдауыма, айналамдағы адамдардың таң қалмағаны болмаған шығар. Одақтың дәуірлеп тұрған тұсында, тікелей орталыққа бағынатын алып кәсіпорында қызмет атқару, мен үшін өмірде шыңдалу болды. Алып комбинатта он мыңға жуық адам жұмыс жасады. Соның оннан бірімен қоян-қолтық араласып, оның ішінде, жаманды-жақсысы, әр түрлі ұлты бар дегендей, жақсысынан үйреніп, жаманынан жиреніп жүріп өмір мектебінің бастауыш сыныбын бітіргендей болдым. Алпауыт өндірісте жауапты қызметтер атқара жүріп, адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасының қаншалықты шытырман екеніне, оның ішінде, өзің қандай адам болғаныңа байланысты, олардың арасында өз орныңның болатынына көз жеткіздім. Осылай өмір өрби беретін бе еді, кім білсін? Бірақ елімізде қайта құру мәселесі көтерілгеннен бастап менің ойым сан-саққа бөлінді. Алда үлкен істер күтіп тұрғанын, заман талабын айналамдағылардан ертерек сезіне бастадым.
Бірде Ұлықпан ініміз өзінің өмірі жайлы сөз болғанда осылайша ағынан жарыла әңгімелеген болатын.

Мұхиядинов Ұлықпан Жақанұлы 1958 жылы 2-қаңтарда Қызылорда облысының Қазалы қаласында дүниеге келген. Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы қазақ орта мектебін 1975 жылы бітірген. Ол сол жылы Алматы қаласындағы Қазақ политехникалық институтының тау-кен факультетіне оқуға түсіп, тау-кен инженері мамандығын алған. Арасында Отан алдындағы борышын өтеуге өз өтінішімен барып, ол өмірді де көзімен көріп қайтты. Мамандығы бойынша еңбек жолын Жамбыл облысының Жаңатас қаласындағы «Орталық кенішінде» бастап, түрлі басшылық қызметтер атқарған.
1990 жылдан басталған тұрмыстық қиындықтар халықты әбден титықтатты. Қалада жылу, электр қуаты, газ жиі сөніп қалатынды шығарды. Қолма-қол ақша азайды. Қаражат болған күнде дүкен сөрелерінде түк жоқ. Осындай өте қиын кезеңде отбасындағы әйелі мен үш баласын асырау үшін жұмыстан өз арызымен шығуға тура келді. Сөйтіп, Алматы қаласына барып, екі жылдай теміржол саласында қызмет жасап көрді.
Қазақстан Республикасы 1991 жылы КСРО елдерінен бөлініп, өз тәуелсіздігін алып, дербес елге айналған жылдары, алғашқылардың бірі болып, меншік қатынастарын реформалау арқылы мемлекеттік меншікті меншіктің басқа нысандарына айналдыру процесіне қатысты.
Осындай дүрбелең кезеңде тәуекел етіп, кәсіпкерлік қызмет түріндегі ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен айналысатын жеке шаруашылық құрды. Тәуелсіздік жылдары еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі – астық шаруашылығы дақылдарын, оның ішінде дәнді-дақылдарды өсіріп-өндіру бағытында еңбек етті.
Өмірдегі осы жылдардағы халықтың мойнына түскен ауыртпалықтардан шығудың, бала-шағаны адал еңбекпен асыраудың жолын іздеп, Ұлықпан көп ойланды. Соның нәтижесінде, 1994 жылы Қостанай облысына сапарға аттанды. Аталған өңірдің «Октябрь» ауданында «Агробанктің» басшысы болып істейтін інісі Нұрланға барып ақылдасты. Қостанай өңіріндегі тіршілікті барлап, бақылап көрді. Орыс, неміс, украин, беларусь, тағы басқа ұлт өкілдері жаппай көшіп жатыр екен. Үйлер түгіл, ауылдар қаңырап, бос қалуда. Ал, иен дала бос жатыр. Бірақ, оңтүстікке қарағанда қысына үйрену де оңай болмайтынын сезінді.
Қостанайда орыс тілді өзге ұлт өкілдері көп екен. Қазақтардың өзі орысша ойланып, орысша сөйлейтін болып кеткен. Яғни, жергілікті тұрғындардың бізден салт-санасы, менталитеті өзгеше. Отбасым үшін бұл жәйт та оңайға соқпасы белгілі. Алайда, «Нар тәуекел – ер ісі».
Уайым түбі – тұңғиық,
Батарсың да кетерсің.
Тәуекел түбі – жел қайық,
Өтерсің де кетерсің, - деген халық даналығын еске алып, батылдық пайда болды. Сондықтан «бұл жақта да адамдар тұрып жатыр ғой, үйреніп кетерміз» деген байламға келдім, – дейді ол.Егін шаруашылығымен айналысуға бел байладым.
Ұлықпан Жақанұлы 1994 жылдың жазына қарай Жамбыл облысынан Қостанай облысының Октябрь ауданындағы Железнодорожный совхозына көшіп барады. Туған інісі Нұрланның ықпалымен 400 гектар жер алып, «Бастау» атты шаруа қожалығын құрады.
– Мықты мамандардың бәрі жаппай өзге мемлекеттерге көшіп кеткен. Ақша жоқ. Қаржы болған күннің өзінде алатын жанар-жағар май табылмайды. Оны тек Ресейден заңсыз жолмен ғана әкелуге болады. Ауданда ақылдасар басшылардың да реті көрінбейді. Қаншама намысқа тырысқанмен техника жоқ жерде түк өнбейді.
Не істерімізді білмей, салымыз суға кетіп жүргенде Қарапа деген кісіні бізге құдайдың өзі жібергендей болды, – дейді Ұлықпан.
– Ол ауданнан 40-50 шақырым жердегі «Молодежный» совхозының директоры болатын. Заты әйел болса да мысы басып тұратын адуынды әрі іскер басшы еді. Танысудың реті келгенде руы Кіші жүздің ішінде Жағалбайлысымыз деген. «Әй, інім екенсіздер ғой» деп бізді жақын тұтып жүретін.
Бір демалыс күні, жексенбіде үйдің алдына «Волга» көлігі келіп тоқтады. Халық әнінде «Әттең, тонның келтесі-ай» деп айтылатындай, техника жоқтықтан, шаруамызды бастай алмай жүрген кезіміз. Бізді іздеп келген Қарапа екен.
– Айналайын, Ұлықпан, Нұрлан, – деп сөзін бастады Қарапа.
– Менің жасым жерортадан асты. Аз ба, көп пе, білмеймін, осыған дейін біраз уақыт халықтың қызметінде болдық. Арпалысып жүріп, басшы болу да оңай емес. Қалай дегенмен де, әйел адаммын. Шаршадым, қажыдым. Туған жеріме, Магнитогорск қаласының маңындағы ауылыма (қазір Ресей қарамағында) қайтамын. Қалған ғұмырымды ағайын-туысымның арасында өткізбекпін. Бірақ мынадай қиын-қыстау заманда ел-жұртты басшысыз қалдырғым да келмейді. Алайда әрі қарай қызметімді жалғастыруға менің шамам жетпейді. «Ел іші – алтын кеніш» қой. «Ісімді жалғастыратын сенімді азаматтар бар» деп өздеріңе келіп отырмын. Егер келіссеңдер, совхоздың барлық техникасы мен мүмкіндіктерін, банк арқылы құжаттарды рәсімдеп, жекешелендіріп алыңдар. «Ат тұяғын тай басар» деген, ізбасарым болам десеңдер, осындай мүмкіндік туып тұр.
– Бірақ, – деп сөзін жалғады ол.
– Мен бүгін түнде кетемін. Ертең таңертең мұнда болмаймын. Дегенмен, ауыл ақсақалдары мен атқамінер азаматтарына ескертіп, бәрін сендерге тапсырғанымды айтып кетемін.
«Көктен іздегенім жерден табылды» деп осындайда айтылмаушы ма еді?! Біз Қарапаның ұсынысын қуана қабылдадық.
Келесі күні, аталмыш ауылға келіп, жергілікті жұртты жинап, совхозды банк арқылы несиеге алатынымызды түсіндірдік. «Уайымдамаңыздар, жұмыс істейміз. Сіздерді жұмыспен қамтимыз, ауыл-аймақты гүлдендіреміз» деп халықтың абыржулы көңілін тыныштандырдық.
Айтатыны жоқ, алғашқы кезде түрлі түсініспеушіліктер болды. Бұрын жекеменшік деген ұғым болмағандықтан олармен күресуге тура келді.
Егер басқа адам келеді деп күтіп отыра берсеңіздер егін егілмей қалады Сонда қалай күнкөріс жасайсыздар дегенге дейін бардық. Әйтеуір қиындық атаулының неше түрін көріп, бірте-бірте халықтың сеніміне ие бола бастадық. Осылайша шаруашылығымызды игере келе, туып-өскен ауылымыздағы туысқандарымызға хабарласып, бізге келіп, көмектесіп, әрі табыс табуға шақырдық.
Қостанайдың құбылмалы ауа-райынан мол өнім алғалы отырған егініміз бас алмай, жерге қарап қалған кездеріміз де болды. Бәріне көніп, жолын тауып, мол өнімге қол жеткізудің арқасында еңбегімізбен елге танылдық. Мемлекетімізге миллиондаған тонналап өнім әкеліп, халқымызды асырадық. Біздің өнімдеріміз еліміздің өңірлеріне ғана емес, шетелдерге дейін экспортталып жатты. Осыларды мемлекет те ескеріп, ауылшаруашылығына жеңілдіктер жасай бастады. Шаруашылықтарға жерді кепілге қойып, несие алу мүмкіндігі көп мәселелерді шешуге жол ашты.
Жағдай дұрысталған кезде небір қиыншылықтарды жеңіп, еңбегі сіңгендерді барынша ынталандырып, ерекше көзге түскендеріне базардан жеңіл автокөлік сатып алып бергенде олардың төбесі көкке жеткендей болды. Сол кездегі Үкіметтің саясатына сай біз совхозды «банкрот» деп жарияладық та бірнеше шаруашылықтарға бөлдік. Бірсыпыралары өздерінің қалауынша жеке шаруашылықтарын құрып, еншісін алды. Ең соңында сол уақыттағы заңдарға сәйкес қолда бар мүлікті де, жерді де тиісінше тапсырып, абыроймен аяқтадық.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп Абай бабамыз айтқандай осы салада жиырма жылдай өміріміз өте шығыпты.
Бір бас қосуымызда қасымдағы ардагерлер Ұлықпанды «Дәстүр тағылымы» атты жаңа кітабының баспадан шығуымен құттықтап жатты.
– Ұлықпан інім-ау, мен сені атақты егінші деп мақтап жүрсем, басқа да өнерің көп екен ғой, – дедім.
– Онда не жазғансың?
– Аға, бәрі бар, – деп күледі ол.
– Ата-бабадан мирас болып қалған салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздың құнды екендігін еске алу. Көнекөз қарияларымыз күн санап азайып барады. Санадан өшпесін деген үміт қой. Кейде қолым қалт еткенде уақытты босқа өткізбеу үшін басымнан өткен күндер жайлы толғанып, шабытым келіп кеткенде өз әлімше өлең де жазып тастайтыным бар.
Көп ұзамай Ұлықпан ініміз өзінің баспадан шыққан «Өмір белестері», «Дәстүр тағылымы», «Кемел сана» атты кітаптарын қолтаңбасын жазып, сыйға тартты.
Енді бірде теледидар көріп отырсам бір журналист Ұлықпанның шетелде сақталған бір қылышпен әуесқойлықпен жинаған коллекциясының толығуы жайлы сұхбат алып отыр.
– Тарих бетінің қойнауына кетіп бара жатқан қиын-қыстау кезеңдегі ата-бабаларымыздың күнделікті қарекеті мен тұрмыс салты, елі мен жерін қорғауда мұздай құрсанып, бес қаруын бойына асынған кезеңдеріне құрметпен қарағанымыз жөн. Ерлерінің есімдерін ұранға айналдырып, олар ұстаған қару-жарақтарын ұрпаққа мұра етіп қалдырған, – дейді ол.
– Жер шарындағы басқа халықтардың өмір сүру салттарына көз жүгіртіп қарасаңыз, қанжар, пышақ, қылыш кейбіреуінің жанынан тастамайтын атрибутына, яғни, өмір сүру дағдыларына айналған. Ал, қазіргі жас буын өте нәзік болып кеткен. Қолына қару алып, ел басына күн туа қалған жағдайда айбарланып, атқа қонатын жастарымыздың көбісінің үй тұрмысындағы пышақты да қайрауға құлықтары жоқ.
Осындай қару түрлерінің бірнеше түрлері және дүние жүзіндегі көптеген халықтардың тұрмыс-тіршілігінен, жауынгерлік өмірінен сыр шертетін жәдігерлерді жинаудағы мақсатым, кейінгі ұрпаққа, біздің де ата-бабаларымыздың өмір сүру дәстүрінде қару-жарақтың өз орны бар екенін және ұмытылмас мұра болып қалу керектігін білдіру еді, – дейді Ұлықпан ініміз.
Міне, бүгінгі әңгімемізге арқау болған кейіпкеріміз Мұхиядинов Ұлықпан Жақанұлы осындай жан-жақты жан. Ол бүгінгі күні өмір бойғы өзінің қолдаушы жұбайы Задаш екеуі ұл-қызын тәрбиелеп, өсіріп, оқытты. Олар жоғары білім алуда. Жуырда туып-өскен Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы №17 қазақ орта мектебін бітірген Айнұр Ұлықпанқызы «8Д06103 – Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін диссертациясын ойдағыдай қорғады. Осылайша бұған ата-аналарының төбесі көкке жеткендей болып, бір марқайып қалды.
Бұл күндері Ұлықпан Жақанұлы немере сүйіп, қызығын көріп отырған Астана қаласындағы ардақты ардагерлердің бірі.
Шамша АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Қазалы ауданының Құрметті азаматы

15 шілде 2025 ж. 30 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031