Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Келбеті келісті Көларық

Келбеті келісті Көларық

Ауданға қарасты ауылдардың атаулары өздерімен бірге терең сыр мен тұңғиық тарих қатпарларын қаттап жатқаны бесенеден белгілі. Маңызына бойласаң, көпшілік біле бермейтін мәліметке кез боласың...
Аудан орталығынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан Көларық ауылдық округінің атауы да сондай сырды бойына бүгіп жатыр. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, ауыл әуелгіде «Домақ» деп аталыпты. Саяси кезеңдер кезінде ауыл ақсақалы Айғазы «Домақ атауы рушылдықты насихаттайды, көпке зиян тигізуі мүмкін» деген желеумен «Домақ»-ты «Доман» деп өзгертуді ұйғарады. Ауыл тұрғындары ақсақалдың бұл ұсынысына қарсы келмей, бірден келіседі. Сөйтіп ауыл «Доман» аталып, бертін келе «Томан» болады. Округтің «Көларық» аталуы да тегін емес. Ауылдық округке бұл атаудың берілуі репрессия кезінде ауылға корейліктердің көшіп келуімен байланысты. Соның негізінде Томан, Жалайыр жерлері қосылып, «Көларық» ауылы болып аталған. 1994 жылы Көларық ауылдық округі болып бекітілді. Округ құрамына Ақтан батыр елді мекені кіреді. Жер қоры – 12 861 гектарды құрайды. Ауылда 1511 тұрғын, 273 отбасы тұрақтаған. Ауылдық округ әкімі Серік Өмірзақовтың айтуынша айтуынша, ауылдағы 737 адам Экономикалық белсенді азамат санатында. Ал жұмыспен қамтылғандар 720 адам. 195 адам өз-өзін жұмыспен қамтыса, 17 адам жұмыссыздар қатарында тіркеуде тұр.
Көларықтың білім көкжиегінде бәсі биік десек артық емес. №190 орта мектепте оқитын балалар түрлі додаларда топ жарып, ауыл абыройын асқақтатып жүр. Бүгінде аталған білім ордасында 297 бала білім алуда. Мектепте барлығы 55 мұғалім бар. Оның 13-і І санатты зерттеуші, 19-ы ІІ санатты сарапшы, 16-сы ІІІ санатты модератор, 7-уі санаты жоқ мұғалімдер. Мұндағы ұстаздардың ұстамы мықты десек жарасады. Өйткені, былтыр ҰБТ бойынша жақсы нәтиже көрсеткен. Нақтырақ айтсақ, 2024 жылы бітірген 16 оқушының 14-і қатысып, мектептің орташа балдық көрсеткіші 82,3 пайызға жеткен. Бұл мұғалімдердің жүйелі жұмысының жемісі.
Ауылдық округ әкімінің айтуынша, ауыл балаларына барынша жағдай жасалған. Оларды балабақшамен қамту жайы да қарастырылған. Қазір округ бойынша 3-6 жастағы бала саны – 145. Оның 50-і шағын орталықта, 30-ы мектепалды даярлық тобында тәрбиеленуде.
Ауылда мәдениет мекемесі жұмыс істеп тұр. 200 орынға шақталған шағын клуб 1986 жылы типтік жобада салынған. Мұнда мамандар ауыл тұрғындарына арналған мәдени әрі мазмұнды шаралар ұсынып, концерттік бағдарламарды ұдайы ұйымдастырады.
Кітапсүйер қауымға кітапхана қызмет көрсетеді. Ол ауылдық клуб ғимаратында орналасқан. Кітапханада 19664 дана кітап қоры бар. Ал оқырман саны – 694. Адамдарды рухани азықтандыратын орында оқырмандарға арналған мазмұны терең шаралармен қатар түрлі акциялар өткізіледі. Ал ауыл кітапханашылары кітап қорын көбейтуге мейлінше мән беріп қоймай, ауыл жастарын кітап алаңына жұмылдыруға атсалысып жүр.
Ауылда тұрғындарға медициналық мекеме қызмет көрсетеді. Ақтан дәрігерлік амбулаториясы типтік жобада салынып, 2010 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде онда білікті мамандар қызмет етеді. Олар науқастардың жағдайын назарда ұстап, оларға қажет көмекті көрсетіп келеді.
Округтің жер қоры 12861 гектарды алып жатыр. Оның 3722 гектары жайылымдық жер болса, 449 гектары шабындық жер. Ал егістік аумағы 3783 гектарды құрайды. Басқа да жерлер 1643 гектар. Ауыл халқы аталған жер аумақтарында егінін егіп, малын бағып, шөбін шауып күн көріс қамын жасап отыр.
Ақтандық ағайынның ауылшаруашылығы саласында ауыз толтырып айтарлықтай еңбек етіп жатқанын аңғару қиын емес. Өйткені мұндағы тұрғындардың жан бағып отырған кәсібі – мал шаруашылығы. Округте 2887 мүйізді ірі қара, 4396 уақ мал, 2710 жылқы, 196 түйе есепке алынған.
Ауылда ауыз су мәселесі де шешімін тапқан. Топтық су құбыры желісі жүргізілген. Ұзындығы 9,3 шақырым сервистік желіге қосылып, тұрғындар таза суды тұтынып отыр. Ақтандықтар аяқ су мәселесінде де таршылық көріп отырған жоқ деуге толық негіз бар. Өйткені ауылдық округ теңгеріміндегі Жаңақазалы, Әжіарық каналдары ауыл халқының тұрмысына септігін тигізіп тұр.
Көларық ауылдық округінде ұзындығы 10,32 шақырымды құрайтын 14 көше бар. Бұгінде оның 9-ы жарықтандырылған. Ұзындығы – 4,5 шақырымды құрайды. Ал ұзындығы 1,3 шақырым болатын 5 көше жарықтандыру кезегін күтіп тұр.
Ауыл халқы кәсіпкерлікке де ден қойған. Қолда бар мәліметке жүгінсек, округ бойынша барлығы 82 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Оның ішінде 6-ауы жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 17-сі шаруа қожалық. Ал 2-еуі азық-түлік дүкені. Сондай-ақ ауылда 1 қоғамдық монша, 1 газ құю бекеті, 1 көлік жуу бекеті бар. Ауылда 59 кәсіпкер ауыл шаруашылығы, құрылыс және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Ауыл әкімінің айтуынша, кәсіпкерлік субъектілер саны биыл да артқан. Жыл басынан бері 23-і тіркелген. Ауылда кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы бағдарлама арқылы қолдау тауып, кәсібін бастағандар да бар.
– 2024 жылы «Байқоңыр ӘКК» АҚ арқылы «Береке» шаруа қожалығы 250,0 миллион теңге несие қаражат алып, шаруашылық жұмыстарымен айналысуда. Бұдан бөлек, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының гранттық қаржыландыру компоненті аясында жалпы құны 4,4 миллион теңге болатын 3 жоба қайтарымсыз қаражат алып, жұмыстарын жүргізуде, – дейді ауылдық округ әкімі Серік Өмірзақов.
Былтыр бюджеттен біршама қаржы бөлініп, ауқымды жұмыстар атқарылған. Елді мекендегі көшелерді жарықтандыру, абаттандыру мен көгалдыру жұмыстары жүйелі жүзеге асқан. Ауыл санитариясын қамтамасыз ету мәселесі жолға қойылып, ауылдық округтегі автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ ауылға бөлінген бюджет бірқатар мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың күрделі шығыстарын өтеуге жұмсалған.
Ауыдық округ әкімінің айтуынша, өткен 2024 жылы ауылда жүйелі жұмыстар жүргізіліп, біршама тірліктің түйіні тарқатылған.
– Өткен жыл Ақтандықтар үшін жемісті жыл болды. Газ желісі жүргізіліп, бүгінде ауыл тұрғындары көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Сондай-ақ құны 799 мың теңге болатын жоба аясында ауылдағы бұрыннан асфальт төселген көшелердің шұқырларын тегістеу жұмыстары толығымен аяқталды. Су айдайтын СНП-500/10 дизельді су насосына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жобаға 1 996 мың теңге жұмсалды. Ауыл паспорты қайта жаңартылып, оған 3264 теңге кетті. Ауыл аумағын абаттандандыру, көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Жоба құны – 857 мың теңге құрайды. Сонымен бірге округті жасыл желекке айналдыру аясында да жұмыстар аяқталып, оған 2836 мың теңге жұмсалды, – дейді ауылдық округ әкімі Серік Дәкенұлы.
Биыл да ауылда ауқымды жобалар жүзеге аспақ. Округ әкімінің айтуынша, бүгінде оның бірқатары бастау алған. Жарқын жобалар жүрісінен жаңылмай, жалғасын тапса, ақтандықтардың жағдайы одан әрі оңалары күмәнсіз.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
15 шілде 2025 ж. 29 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031