Маңызы зор шипалы орталық

Қазалы ауданы дәрігерлері дертті емдеп, одан толықтай айығудың жолдарын қарастыруда. Ангиограф аппаратымен ауыр халдегі науқастарға ота жасап, қауіптің көзін жойып, оларға денсаулық сыйлап келеді. Дегенмен Қазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханасындағы кардиология және инсульт бөліміндегі төсек орындары түсіп жатқан науқастар үшін аздық етуде. Сондықтан күн тәртібінде қосымша төсек орындарын көбейту мәселесі туындаған болатын. Оның оңтайлы жолдары қарастырылды.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына өзгеріс енгізу және ҚР Үкіметінің қаулысына сай Денсаулық сақтау саласында халықтың, оның ішінде ауыл тұрғындары денсаулығының кейбір көрсеткіші алаңдатарлық жағдай туғызуда.
Атап айтқанда, қан айналымы жүйесі – жіті миокард инфарктінен, инсульттерден, тыныс алу органдары ауруларынан қайтыс болу дерегінің көптігі. Сондай-ақ жарақаттан өмірі қиылғандар саны өсуі байқалады.
Қазіргі уақытта ауылда халықтың 41 проценті немесе 7,8 миллионнан астам тұрғын тұрады. Олар үшін қолжетімді және сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету мәселелері маңызды.
Қолданыстағы 20 орталық аудандық аурухана КОАА болып қайта құрылады және тиісті бөлімшелер ашу үшін ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізу, реконструкциялау, жапсарлас құрылыстарды салу, медициналық жабдықтармен (КТ, МРТ, ангиографтар, сараптамалық сыныптағы УДЗ аппараттары, реанимация, операция бөлімшелеріне арналған жабдықтар және тағы басқа) жарақтандыру арқылы жаңғыртылатын болады. Инсульт және кардиология орталықтарын ашу мәселелері рет ретімен шешіледі деп күтілуде.
– Инсульт және кардиология орталықтары – адам өмірін сақтап қалуда және оның сапасын жақсартуда маңызды рөл атқаратын мамандандырылған медициналық мекемелер. Олардың әрқайсысы белгілі бір бағытта жұмыс істейді. Бірақ мақсаттары ортақ – науқастарға жоғары сапалы көмек көрсету, – дейді кардиология бөлімінің меңгерушісі, кардиолог дәрігер Ләззат Жұбанова.
Оның мәлімдеуінше, инсульт орталықтары миға қан айналымының жедел бұзылулары (инсульт) бар науқастарға шұғыл және кешенді көмек көрсетуге бағытталған. Инсульт кезінде әр минут маңызды, өйткені ми жасушалары оттегісіз қалған сайын зақымдану тереңдей түседі.
Жедел диагностика және емдеу қатар жүреді. Инсульт орталықтарында компьютерлік томография (КТ), магнитті-резонанстық томография (МРТ) сияқты заманауи диагностикалық құрылғылар болады. Нәтижесінде инсульт түрін (ишемиялық немесе геморрагиялық) тез анықтауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты, «терапиялық терезе» деп аталатын уақыт ішінде (инсульт басталғаннан кейінгі алғашқы бірнеше сағатта) мамандар тромболизис (қан ұйығышын еріту) немесе тромбоэкстракция (қан ұйығышын механикалық жолмен алу) сияқты шұғыл емдеу шараларын жүргізе алады. Бұл мидың зақымдануын азайтуға және науқастың толық қалпына келу мүмкіндігін арттыруға көмектеседі.
Интенсивті терапияда инсульттан кейінгі алғашқы күндерде науқастар қарқынды терапия бөлімшелерінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында болады. Мұнда олардың өмірлік маңызды көрсеткіштері (қан қысымы, жүрек соғуы, тыныс алу) бақыланып, ми ісінуінің алдын алу және асқынуларды емдеу жүргізіледі.
Ерте оңалту бойынша инсульт орталықтарының ерекшелігі – ерте оңалтудың басталуы. Науқастың жағдайы тұрақталғаннан кейін, физиотерапевттер, еңбек терапевттері, логопедтер және психологтар олармен жұмыс істей бастайды. Бұл науқастың жоғалтқан функцияларын (мысалы, сөйлеу, қозғалыс) қалпына келтіруге және өмір сапасын жақсартуға көмектеседі.
Нейрохирургиялық көмекте кейбір инсульт орталықтарында нейрохирургиялық бөлімшелер болады. Геморрагиялық инсульт (миға қан құйылу) кезінде қажет болуы мүмкін хирургиялық араласуларды жедел жүргізуге мүмкіндік береді.
Кардиология орталықтары жүрек-қан тамырлары жүйесінің ауруларын диагностикалауға, емдеуге және алдын алуға маманданған. Аталғанл орталықтар жүрек ұстамасы (инфаркт), жүрек жеткіліксіздігі, аритмия, артериялық гипертензия және тағы басқа сияқты аурулармен жұмыс істейді.
Екі орталық та жедел медициналық көмекті қажет ететін өмірге қауіпті жағдайлармен жұмыс істейді. Олардың екеуі де жоғары технологиялық жабдықтарды, білікті мамандарды және кешенді емдеу мен оңалту бағдарламаларын қолданады. Себебі инсульт пен инфаркттың көптеген қауіп факторы (жоғары қан қысымы, диабет, семіздік) ортақ болып табылады.
Қос орталық та халықтың денсаулығын сақтауда және өмір сүру ұзақтығын арттыруда шешуші рөл атқарады. Қазақстанда осы бағыттағы орталықтар дамып, сырқаттанушыларға мамандандырылған көмек көрсетуде.
– Жүрек қан тамырлары ауруымен Қазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханасында 10378 науқас диспансерлік есепте тұрады. Қазір инсульт бөлімі мен кадиология бөлімінде науқастар ем алып жатыр, – дейді Қазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханасының бас дәрігері Қадірбек Алипов.
Осыған орай «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында «Қазалы аудандық көп бейінді ауруханасы» жанынан 42 төсектік тұратын жапсарлас ғимарат салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Аудандық ауруханада басталған қосымша құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «СМП Кызылорда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңіп алып, кардиология және инсульт орталығының құрылысын жандандыруда. Маңызды міндеттемені жауапкершілігіне алған серіктестік аудан халқына жоғары және сапалы медициналық көмек көрсетуге арналған орталықтың құрылысын жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Жобаның жалпы құны 1,9 миллиард теңгені құрайды. Жоба бойынша кардиология және инсульт орталығының құрылысы аяқталғаннан кейін онда бүгінге дейін аудан тұрғындары үшін ең өзекті мәселелердің біріне айналған МРТ құрылғысы орнатылады деп жоспарланған. Сонымен бірге тиісті мамандардың білімі жетілдіріледі.
Шипалы орталықтың аудан тұрғындары үшін маңызы зор. Сол үшін де бастысы, құрылыс жұмыстары сапалы әрі мерзімінде аяқталатындығына халық шын ықыласпен үміт артып отыр.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА