“Сыр жұрты” – жаңа серпін
Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мерекесіне орай облыстық басқармалар мен салалық мекемелермен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы негізінде «Сыр жұрты» танымдық-пассионарлық жобасы әзірленді.
Жоба «Сыр саңлақтары», «Туған жер – тұнған шежіре», «Тал бесіктен – жер бесікке дейін», «Сыр елі – Жыр елі», «Сыр өңірі – ұлттық құндылықтардың темірқазығы» секілді 5 бағыттан тұрады. Мұндағы басты мақсат – өңірдің тарихи-саяси және мәдени-рухани даралығын айшықтап, өскелең ұрпаққа тәуелсіздіктің құндылығын ұғындыру. Ол алдағы 3 жылға жоспарланған.
– Жобаға енгізілген бес бағыттың өзіндік ерекшеліктері бар. Біз түркі жұртына ортақ Қорқыт атадан бастап, Сырда өмір сүрген тарихи тұлғалар туралы телехабарлар дайындап, ғылыми ізденіс жұмыстарын жүргізіп, тарихи орындарға экскурсия ұйымдастырмақпыз. Салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптарды, тәрбие дағдыларын, дәстүрлі отбасы құндылығы мен салауатты өмір салтын насихаттаймыз. Жастар арасында жыршы-жыраулық, ақындық, күйшілік және орындаушылық өнерді насихаттауға қолдау білдіреміз. Мәдениеттанушы, тарихшы, философтар мен әлеуметтанушы мамандардың қатысуымен лекторийлер, зиялы қауым өкілдерімен кездесулер, сұхбат ұйымдастыру секілді түрлі форматтағы шаралар өтетін болады, – деді облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет.
Жалпы жобаның бірінші кезеңі, яғни 2021 жылы түрлі форматта 113 шара ұйымдастыру жоспарланған.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат