Қамшының киесі
Сонау ықылым заманнан салтына сеніммен қарап, дәстүрін дәріптеп келе жатқан халықпыз. Оның үстіне қазақтың салт-дәстүрін тізе берсек, тоқтау жоқ. Барлығының астарында тәрбиелік маңызы мен ұлтқа тигізер пайдасы жатыр. Ертеден ата-бабамыз соған сүйеніп анық аяқ басқан. Алайда қазір соның барлығы ептеп тарих түбінде қалып бара жатқан секілді. Әрине қазір салттан мүлдем бейхабармыз деуге болмас. Дегенмен кейбірі ұмыт болып бара жатқанын жасыра алмаспыз.
«Қазалы» газетінің тұрақты оқырманы бүгінге дейін талай салт-дәстүрден бөлек, ұлттық бұйымдары туралы хабар беріп отырғанымызды білетін болар. Оның бүгінде ел ішінде барын да, жоғын да жаздық. Бұл жолы қамшының сіз білмейтін киесі мен сыры туралы ой қозғаймыз.
Құрметті оқырман, сіздің төрде қамшы ілініп тұр ма? Жалпы қамшыны қалай өреді? Білмейсіз бе? Ендеше, осы мақаланы аяғына дейін оқып шығыңыз.
Қазақ халқының мәдени-тұрмысында, салт-дәстүрінде, рухани зердесінде қамшының алатын орны ерекше. Қамшы өнер туындысы, сый-сыяпаттың төресі, ер жігіттің серігі, айбыны, шаңырақтың киесі, тіпті, кейде батырдың қаруы да болған. Ал оны жай ғана ат айдайтын құрал деп айта салу ағаттық.
Ауылда өскен әрбір қара домалақ қазақ атқа мінбес бұрын қамшыны қолға алады. Мейлі, олай болмады дегеннің өзінде үй төрінде ілулі тұратын осы бір бұйым атауының нені білдіретінін ойлап көрдіңіз бе?
Шыны керек, қамшы сөзінің шығу тегі туралы бірнеше нұсқа айтылады. «Қамшы» сөзіндегі «қам» түбірі қазақ тілінде бірнеше ұғымға ие. Қам – шикі, шылғи, шала, қам-қарекет, қимыл, айла, тәсіл, амал, қам-уайым, қайғы, қамығу, қам-қамдану, әзірлену, даярлану. Әрі қарай: қамба, қамау, қамал, қамту сөздері мен терісі құнды аңдар қама, қамар, қамшат; қымбат маталар – қамқа, қамқап болып келеді де, барлығының түбірі қам деген сөзден түзіледі. Ол өрімі иленбеген шикі, шылғи теріден де өріле беретіндіктен әрі кейде бір ұғым беретін осы сөздер қосарлана айтыла беретіндіктен: қам – шикі, қамшы, қам – шылғи-қамшы түрінде қамшы сөзі қалыптасты деген тұжырымдар бар.
Нағыз қамшы әбден иленген сиыр терісінен 3 таспадан 40 таспаға дейін өріледі. Таспа неғұрлым көбейген сайын жіңішкеріп, әрі ажарлана, күрделене түседі. Бір қызығы, дәл осы өрімге байланысты қамшының бірнеше түрі, атауы бар. Мәселен, ат қамшы, дыр қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы, ұзын қамшы, шолақ қамшы, сары ала қамшы, білеу қамшы, орама санды қамшы, мүйіз сапты қамшы, киелі қамшы, қасиетті қамшы, тобылғы санды қамшы, шашақты қамшы, бала қамшы, құрау қамшы, шыбыртқы қамшы. Шеберлер бұл бұйымның басына күміс, жез, тері секілді мойнақ салады. Осы қасиетіне орай, күміс мойнақ, жез мойнақ, сара ала мойнақ, ақ мойнақ қамшы деген түрлері бөлініп шығады. Білекке, ер басына, керегеге іліп қою үшін саптың дүм жағынан бір тұтамдай қалдырып, тесіп, қайыстан бүлдірге өткізеді. Қазақ ауылдары осындай тамаша бұйымды жасап шығаратын өрімшілерді ерекше қадірлейтін болған екен. Оның түрі мен атауының сыры осындай. Енді құрамын тарқатып көрейік.
Қамшының бөліктері: өрім, сап, бас, дүм, алақан, бүлдірге, орам, кежеге, шежемей, айдар, мойнақ, бүркеншік, бунақ, бауыр, шашақ, өзек, түйін, шығыршық, топшы, түйнек. Осылардың ішінде қамшының сабына ерекше көңіл бөлінеді. Оны тобылғыдан, ырғайдан, еліктің, киіктің сирағынан, мүйізінен, таутекенің мүйізінен жасайды. Әсіресе елік, керік сирағынан металлмен, терімен мойнақтап, орам салып, шашақталған қамшылар өте жоғары бағаланады, көптің қолы жете бермейді. Негізінде, сап үшін ең көп қолданылатын ағаш – тобылғы екен. Мұның бояуы да, беріктігі де, әдемілігі де бар. Қызыл түсті бояуынан жасалған қамшы көз тартады. Ерте кезде осындай қамшымен қызға барған серінің абыройы асқақтап, құрметке ие болған көрінеді.
Жалпы оның мырзалыққа жақындығы өз алдына, күнделікті тұрмыс үшін қызметі бір бөлек. Халқымыз қамшыны мал айдауға, ұрыста, соғыста қару орнына пайдаланды деп жоғарыда айтып кеттік. Бұлар: дыр, дырау, дойыр қамшылар. Олардың өрім өзегіне темір, ұшына қорғасын орап өрген. Сабы жуан, қатты ағаштан жасалған. Кейде бұларды екі-үш жерден үзбелете өрген. Мұндай қамшының күшімен жылқылар ғана емес, атан түйелер мен өгіздер жүріп кетеді екен. Көпті көрген қариялар: «Дыраумен бір тартқанда адамға шабатын бура да, көкжал қасқыр да орнынан тұра алмай қалған» – деп жатады.
Қазақтың салт-дәстүрінде қамшыны ұстау мен қолданудың тәрбиелік мәні, ережелері болады. Мұны да білген жөн. Қамшы әрдайым оң қолға ұсталу керек. Жайшылықта қамшыны екі бүктеп ұстайды. Қамшы өрімін салбыратып ұстау дұшпандық, әдепсіздік белгісі. Сондай-ақ жөн, жол көрсеткенде де саусақпен емес, қамшымен нұсқайтын болған. Қамшыны сыйға тартқан кезде кісінің қолына ұстатпайды. Ондағысы жерге тастаудың мәні береке-құт бірге кетпесін, ұшығы жерде қалсын, салмақты жер ғана көтереді дегені. Есіңізде болсын, қазақта қамшы ұрлау үлкен қылмыстың бірі саналады.
Білесіз бе, біздің халқымызда «Қамшы ойыны» деп аталатын күрделі спорттық ойын да болған. Қолынан қамшысы түспейтін қазақтың бұл тапқырлығы сізді таңдандыра қоймас. Ал қамшыгерлік өнері туралы білетініңізге сенімсізбіз. Яғни, адамдар оның көмегімен өнер көрсеткен. Төрт жақтан керілген өгіз терісін қамшымен бір тартқанда тіліп түсіру, жаугершілікте, ұрыс-жанжалда жауын қамшымен сатып алу, қасқыр соғу қамшыгер абыройын арттыра түседі. Қазақ жазушыларының шығармаларында осы өнер түрі жақсы суреттеледі. Мұнан басқа, құдалық жол-жоралғыда «қамшы қайтару» деген салт бар. Дәстүр бойынша, қыз айттыруға келген жігіт жағының басшысы қамшысын қыз үйінің төріне іліп кеткен. Егер қыз әкесі келісімін бермесе, көп ұзамай қамшыны иесіне қайтарып жіберген. Ал ұл баланы «атқа мінгізу» ғұрпында бәсіре атқа ашамай ерттеп мінгізіп, аяғын тепкішекке сұғып, қолтырмаш ағашпен екі қолтығынан сүйемелдеп танған соң ақсақалдар бата беріп, баланың қолына аттың тізгіні мен қамшы ұстатады. Жаңа түскен келіннің бетін үкілі, қоңыраулы қамшымен ашатын кездер де болған.
Дала қазағының өмірінде өшпес ізін қалдырған қамшының осындай ерекшеліктерін білу сіз бен бізге парыз. Ал мұны білмеу әрбір қазақ баласы үшін ұят болары сөзсіз.
ДайындағанА.БАҚЫТҰЛЫ