Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шаштың сәні – шашбау

Шаштың сәні – шашбау

Қазақ қыз балаға ­жастайынан «Шашты жерге ­тастама», «Шашыңды жинап жүр» деп тыйым салған. Өйткені әйел «шашының ұшында тіршіліктің күші бар» деп есептеген. Осы наным-сенімге сәйкес қыздың шашын қимай, бұрым етіп өсіріп, шолпы, шашбау байлайды. Бұрындары қазақтар «шашбау шаш арасындағы жын-шайтанды қашырады» – деп иланған. Ал шолпы болса, күміс немесе алтын тиындар қадалған шашбау.
Қазір бойжеткендер арасында шашбау тағу сәнге айналды. Бұл қуантарлық жағдай. Әсіресе ұзатылып бара жатқан қыз баланың қос бұрымындағы әшекей оны ерекше әсемдендіріп, көркіне көрік қосады. «Иықтан шашы төгіліп жерге, күмісті шашбау жарасып белге...» деген өлең жолдары осындайда туса керек. Әр нәрсеге мән бере қараған ойлы халқымыз сұлудың көркі – шаш, шаштың көркі – шаштеңге деп есептеген. Әйел шашы табиғатына қарай қолаң шаш, сүмбіл шаш, өріміне қарай жалғыз бұрым, қос бұрым деп аталады. Оның әр талын жібектей, өрілген бұрымды білектей деп салыстырған. Ұзындығы тілерсек соғатын алтын, күміс шолпы тағылған сұлу бұрым, бойжеткен көркін одан әрі арттыра түседі. Шаш күтімі, оны тарау, өсіру, өру – үлкен бір тәрбие мектебі. Шашты жалтырату үшін шашмай жағады. Қыздарға Алтыншаш, Қарашаш, Сұлушаш, Шолпы деп ат қоюдың өзі шаш қасиетін көрсетеді. Жеңгелері қайын сіңлілеріне ат қойғанда Шашбаулым, Шаштеңгелім, Сырғалым деп сызылуында да сыр жатыр. Ал шолпы, шашбау, шаштеңге, шашқап – сол сый-құрметке сай, әр әйелдің әсем табиғаты мен нәзік жаратылысына лайықталған қазақтың талғампаздығы әрі ұлттық сыр-сипаты.
Қазақтардың дәстүрлі дүниетанымы бойынша бұрым – сұлулықтың сәні, қыз-келіншектердің бақыты мен абыройы. Қазақ халқы бұрымды айрықша күтімге алып, оны ұзын етіп өсіруге түрлі шөп тұнбаларын, халық рецептерін пайдаланған. Қыздың шашын қырқып, кеспеген, керісінше оны бойжеткеннің тобығына дейін жеткізе өсіруге айрықша мән берген. Сонау кезден бастап әйелдер шашқа тағатын және оның сәнін келтіретін сәндік бұйымдарды үйлесімді де мағыналы қолдана білген. Шашбау жасалу, әшекейлену түріне қарайшашақты, теңге, үзбелі, сәлкебай, шашбаутас, шаштүлек және үкіаяқты шашбау болып бөлінеді. Қазақ зергерлері шашбауды негізінен күмістен қақтап соғады, ұшына теңгеден шұбыртпа тағылып, түсті масаты, жібек шашақтармен әсемделеді. Матадан жасалған шашбаудың екі ұшына зер шашақ тағады, оның жоғарғы жағынан бунақтап құндыз тұтып қояды. Шашбауды бұрымға қоса өреді, сосын шаштың ұшына таяу жерінен бір шалып байлайды, сөйтіп, бұрымның ұшын бекітеді. Жасы ұлғайған әйелдің шашбауы қарапайым болады.
Ал шолпы сәндік бұйымдардың ішіндегі асылы. Ол сәндік үшін ғана емес, шашты өсіретін, әрі ұзартатын, желді күнде көтеріп кетпес үшін де тағылады. «Шолпы» деген ұғым балықтың судағы секіріп ойнағанынан шыққан сияқты. Жас қыздар қос үзбелі, күміс, алтын, үзбелі, маржанды, меруертті, ақық, қоңыраулы, көзді, сылдырмақ, тізбелі шолпы таққан. Шолпының күміс, алтын теңгелерден тізбелеп жасалған түрін шаштеңге деп атайды. Шолпы мен шаштеңге шашбауға немесе бұрымның ұшына тағылады. Шаштеңге таққан қыз-келіншек мезгілсіз жүрмеуге тиіс. Өйткені күміс сыңғыры олардың мезгілсіз жүргенінен хабар беріп, «айтып» қояды.
Осындай тәрбиелік мәні зор құндылық – қазақ қолөнерінің сырын танытып, үнін ұқтырады. Сұлудың сәнін арттырып, салтанатын жарастырған әшекей әрбір бұрымдының бұрымынан табылса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
19 қыркүйек 2020 ж. 5 916 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930