Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бұрымның қасиеті туралы бірер сөз

Бұрымның қасиеті туралы бірер сөз

Ғасырлар керуенінің көшімен жеткен аңыз бен ақиқаттың арасындағы байланыс адамға ой туғызары анық. Біреудің махаббатын маздатып, қызғанышын қозғаған, сағынышын оятқан қос бұрым туралы өлең өрмеген ақын кемде-кем шығар. «Батырларды матап байлап тастауға, Жетіп жатыр қара шаштың бір талы», – деп Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, адамның жан дүниесін сан алапат сезімге салатын шаштағы қасиетке таңдай қақпай тұра алмайсың. Қазақ бұрымды киелі санап қана қоймай, оны ардың белгісі санаған. Тәуке ханның “Жеті жарғы” заңнамасының үшінші тағаны “Кек пен жаза” деп аталады. Мұндағы түрлі қылмысқа қатысты жазалардың ішіндегі ең ауыры – өлім жазасы. Содан кейінгі ауыр жазалардың бірі – бұрымын кесу. Нәпсісін тыя алмаған еркектің атының құйрығын кесіп, ардан аттаған қыздың немесе күйеуінің көзіне шөп салған әйелдің бұрымын кескен.
Ел тарихы мен ұлттық тәрбиенің тереңінен сыр шертетін қос бұрымның қай кезден келе жатқанын болжап айту қиын әрине. Десе де, Қазақстандағы қола дәуірі ескерткіштерінің зерттелу тарихына назар аударсаңыз, патшалық Ресей, Кеңес үкіметі тұсындағы және Тәуелсіздік жылдарындағы зерттеу нәтижесінде жерлеу орындарынан: алқа, моншақ, шашбау, шолпы және т.б. сәндік бұйымдардың табылғанын нақты дәлелдеп келеді.
Шаштың беріктігін алюминиймен салыстыруға болады. Бір шаштың өзі 100-ден 200 грамға дейінгі салмақтағы затты ұстап тұруға шамасы келеді. Әйел адамның бұрымы 20 тонна салмақтағы затты көтеріп тұра алады дейді мамандар. Сондықтан, қола дәуірі ескерткіштерінен табылған шолпының салмағы 6 килограмм дегенге де аса қатты таң қалуға болмас. Шашқа осыншалықты ауыр шолпыны таққан қыздар денесін тік ұстап жүруді үйренген. Осы қазақ қыздары халық әніндегі «Керім-ау, айдай, керме баудай» деген сұлу тіркестің тууына тікелей себепкер болған. Енді бір жағынан, үйде отырған үлкендер де келе жатқан қызды шолпысының сылдырынан біліп, әңгіменің денін дұрыстап, оғаш әрекеттері мен артық әзілдерін қыз-қырқынға естіртпей, дұрыс үлгі болуға да тырысқан.
Бұрым – тазалық құралы. Ас-сумен жанасатын әйел затына ас үйдегі тазалық түсінікті болар. Əр күні таңертең мен кеш арасында автобусқа отырсаңыз, жайып алған шашы елге кедергі жасап, түс шайысып, басы сиған көлікке шашы симаған «қаралы сұлуларды» да жиі кездестіреміз. Бұрым – денсаулықтың кепілі. Қазақта «итаяққа салу» деген дәстүр бар, жас келіншек бір ауылға қыдырып барғанда, есік көргенде үлкендер «итаяғыңа сал» деп күмістен алқа, моншақ, теңге, түйме сыйлайды. Итаяққа салу – әйел босанғанан кейін баланы шаранасынан жуатын суға, яғни «шілде суына» сол күміс заттарды салып, «Күмістей жарық болсын» деген ырыммен нәрестені жуып, судағы әшекейлерді сол жердегі әйелдер бөліп алады. Бізге жеткен тағы бір аңызда: Ертеде Қазақ әскері мен қалмақтар соғысып жатқан аймақта жұқпалы ауру тарап, қалмақ қолы дерлік қырылып қалыпты да, қазақ сарбаздарының ешбіріне кесел дарымаған екен. Мұның негізгі себебі, қазақ сарбаздарының қару-жарағы мен ат әбзелдеріндегі күмістің пайдасынан болған дейді. Дәл осы аңыз араб халықтарында да сақталған. Ертеде бір өңірдегі халық жаппай тамақтан уланып қырылғанда, сол тамақты күміс қасықпен жеген бір басшы ғана аман қалыпты деседі. Қазір медицинада күмістің ауру тудыратын элементтерді жойып, ағзаға зиянды токсиндар мен микробтарды шығарып, бактерияның 650 түріне қарсылық көрсете алуымен бірге шашқа тағылған күміс теңгелер белге түсіп әйел затының өмірге ақаусыз ұрпақ әкелу үшін аса пайдалы екенін дәлелдеп отыр. Сондықтан да, ғылымды ерте білген әжелеріміздің қолында бар күмісінен түйме тағып, әсіресе бойға жете бастаған қызының шашын өріп, бұрымына күміс моншақ тағатыны осыдан болса керек-ті. Соңғы жылдары ғалымдар «Шаш – адам мен кеңестік арасын тұтастыратын байланыс құралы екенін, әйелдердің шашы инь қуатына бағынатынын, бұл қуат қыз-келіншектердің бойына жұмсақтық, мейірімділік, байыптылық, кешірімшілік қатарлы қасиеттер дарытады» деп әлем халқы таң қалып жатқан шақта қара қоста отырып: «Балам, жалаңбас жүрме, жаман болады», – дей салған қара шалдан қарапайымдылық пен ғылым аспапты ғой деп қайран қаласыз. Сәті түсіп, ауылға бара қалған бір сапарымда, сексеннен асқан әжем Күннің нұрына қыздырынып, шашын тарап отыр екен. Жұқарып кеткен бурыл шашын асықпай тарап болғасын, үстіне жабысқан, жерге түскен шаштарын жинап жатып: «Балам, қарашы, шаш қалып қалмасын», – деді. Іздегенге сұраған: «Неге?» сұрағыма қарапайым ғана «Шаш аяқтың астында қалса немесе құс іліп кетсе бас ауыруына шалдықтырады», – деді де жұқа бурыл шашын бұрым етіп өріп алды.
Бұрым – әдетте жалғыз өрім, қос өрім болып, шаштың қалыңдығына қарай үлкен бұрым және кіші бұрым болып бөлінеді. Халқымыздың қара өлеңдерінде суреттелетін «Жеңді білектей бұрым» мен «Таудан аққан бұлақтай бұрым» осы түріне қаратылса керек-ті. Қасиет санаған бұрымға тағатын шашбаудың үзбелі шашбау, шашақты шашбау, сөлкебай шашбау, теңге шашбау, үкі аяқты шашбау қатарлы түрлері бар. Бұлардың ерекшелігі мен жасалуы, өзіндік қасиеттері басқа бір мақалаға себеп боларлық дүниелер. Бұл мақаладағы біздің айтпағымыз басқа. Халқымыз «Әйел мінезді еркекте қуат жоқ, еркек мінезді әйелде ұят жоқ» десе, кешегі Бұхар бабамыз: «Қызда қылық болмаса, құр шырайдан не пайда?!», – деп толғайды. Ал, бүгінде белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева апамыз: «Өмірде қыз болу бар да, Қазақ қызы болу мүлдем бөлек», – деп пікір айтқан. Сол тәрізді, ғасырлар бойы халқымыздың ұлттық дүние танымымен қалыптасқан ырымдар мен тиымдардың астарын, оның ішінде, Жаратушы қылықты қыздарымызға сыйға берген қасиетті шаштың да киесі барын жете түсініп, шолпы сылдыры мен күлкі сыңғыры, бұрымы мен қылығы жарасып, өшкенімізді жандырып, жоғымызды толықтырса деген тілек қана. Қалғаны сіздерге аманат, арулар...
Нұрбол МҰРАТБЕКҰЛЫ


11 қазан 2018 ж. 2 394 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 22

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930