Балаңның шашын ала-құла етпей, дұрыстап ал
Баланың шашын ала-құла алуға тыйым салынған Мұсылмандық салт бойынша нәресте туылғаннан біраз уақыт өткен соң шашын алып, сол шаштың салмағындай күміс мөлшерінде садақа беру керек. Бұл амалдың екі түрлі пайдасы бар. Біріншісі – денсаулық пайдасы, яғни шаш алу нәрестенің құйқасының, жалпы ағзасының күшеюіне әсер етеді. Екіншісі, әлеуметтік пайдасы, оның шашының салмағындай садақа беру мұсылман қоғамындағы әлеуметтік ынтымақты нығайтады.
Шаш алу мәселесінде шаштың бір бөлігін алып, бір бөлігін қалдыру, кекіл, тұлым қою сияқты мәселелер туындайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шашты алақұла алуға қатаң тыйым салған. Сонымен қатар, шашты бей-берекет далаға шашпау, аяқ асты етпеу де халық ғұрпында мұқият сақталған. Әйел кісілердіңде тарақтан түскен шаштарын жинап, жерге көміп отырған немесе өртеген. Сондықтан шаш алудың да, оны тастай салмаудың да астарында үлкен тәрбиелік мән жатыр.
Жоғарыда айтып өткеніміздей қазақ халқында қалыптасқан салт бойынша нәрестеге байланысты әдет-ғұрыптардың көпшілігі біраз уақыт өткен соң, кейде қырық күннен кейін жасалатындығы бегілі. Баланың шашы да сол кезде алынады. Бұның астарында климаттық, тұрмыстық ерекшеліктер жатқан болуы ықтимал.