Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Батырдың соңы Байқазақ

Батырдың соңы Байқазақ

Сыр бойындағы қазақ батырларының соңғы өкілі Байқазақ батыр деп жүрміз. Тарихи деректер мен көнекөз қариялардың әңгімесіне сүйенсек, ол 1839 жылы Ырғыз ауданы, Темірастау болысында дүниеге келген. Оның шыққан тегі Қарамашақ (Төртқара), соның Жаншүкірі тармағынан тарайды. Қасымның ұрпағы, ол кісінің ел аузындағы аты Қаракісі деп аталған. Себебі жоңғарлармен болған бір соғыста айрықша көзге түседі. Атын білмеген шартараптан келген сарбаздар «Ортамызда жауға қирата соққы берген бір ірі денелі қара кісі болды» дей келе Қасым бабаға осындай лақап ат береді.
Қасымның ұрпақтары: Байзақ, Олжай, Мазы, Кенжеқара, Бесбай, бес Қасым деп аталады. Байқазақ батыр бес Қасымның ішіндегі Мазысынан. Мазыдан: Қасқатай, Құмар, Сары, Дүкен. Ал Сарыдан – Маз Бұзаубай, Қасқатайдан – Бекбауыл, Құдайсүгір (Бегжан) одан Қаратай, Қаратайдан – Жолдасбай. Жолдасбайдан: Байқазақ, Қазақбай, Садақбай, Қаптағай, Шуақбай, Қарсақбай, Шала деген жеті ұл, Көлдей деген бір қыз өсіп-өрбіген. Жолдасбайдың балалары суырып-салма ақын-әнші болған. Ақын қыз Көлдей:
«Қыз едім Жолдасбайдың атым Көлдей,
Өлеңді мен айтамын соққан желдей.
Мына жұрт несін айтып мақтанады,
Алдымда жеті ағам бар асқар белдей», – деп төгілдіреді.
«Біз Жолдасбайдан туған жеті едік,
Жетеуміз де қабылан бөрі едік.
Белдесе кеткен дұшпанды,
Бөрідей басып жеп едік», – деп Шуақбай батыр жырлаған.
Байқазақ батырдың өмірі мен ерлігі туралы төртқараның кәнісбегі Өтепберген шежіресінде баяндайды. Өтекең 1850-1938 жылдары өмір сүрген, батырдың көзін көрген. Ал шежіреші қарияның қазынасын кейінгі ұрпаққа жеткізген көкірегіндегісінің майын тамыза айтатын Нағашыбай Оразымбетов, Разақберген Орысбекұлы ағаларыммен талай тұз-дәмдес болып, салиқалы сырларын тыңдадық. Байқазақ батырдың өмір сүрген кезеңі патшалы Ресей, екінші жағынан Қоқан, Хиуа хандықтарының, бытыраңқы қазақ ұлыстарын қыспаққа алған уақытымен тұспа-тұс келген. Хиуа, Қоқан басқыншылары Сыр бойынан Күмісқорған, Ақмешіт, Құртөбе, Жаңақала, Қожанияз, Шолаққорған, Қарабөген бекіністері мен Бабажан қорғанын салды. Сол маңда орналасқан қазақтарға салық төлетіп, аяусыз жәбірледі.
Ресей болса Ақтөбе, Жайық бойына, Қармақшы Сырдарияның бергі бетінен Райым, Қазалы форттарын ашып, құнарлы аймақты басып алды. Әсіресе Хиуаның жіберген өкілі Бабажан сарт әскерінің жасаған озбырлығы шектен шықты. Міне осы кезде Жанқожа, Ақтан, Байқазақ батыр бастаған қазақ сарбаздары, Бабажан сарт қамалына шабуыл жасады.
Осы соғысқа Байқазақ та қатысып, Бабажанның атының ер тоқымы тартпасын босатып қойған балалардың бірі болды деген әңгіме бар. Байқазақ жасынан Жанқожа, Ақтан, Басықара батырларға еліктеп өскен.
Өтепберген шежіресінде былай деген сөз бар дейтін Разақберген ағам: «Жанқожаның Итжемес деген баласы болды. Итжемес пен Байқазақ қарын бөле болып келеді. Байқазақ көп уақыт бойы Жанқожаның үйінде жүрген. Өйткені әке-шешесі ерте қайтыс болып кеткен еді.
Бір күні Итжемес екеуі бір нәрсеге таласып қалады. Сонда Жанқожа: «Тәйт, Байқазаққа тиіспе, оның қолынан келетін іс сенің қолыңнан келмейді» деген екен. Өтепберген шежіресінде «Жанқожа батырдың түсі өте сұсты, жанарынан жалын атып тұратын, ашуланғанда екі көзі шырадай жанып тұратын. Яғни арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты болған. Жанқожа кейін соғысты қойып өзіне жақын адамдарымен «Қоянбай» деген жерде қоныстанып отырғанда, «жау келіп қалды» деп Сатыбалды сақау батырды оятады. Батыр кім екенін қарашы дегенде, аңдыған жау қоршап алып біреусі қапысын тауып, қолындағы қорғасын оғы бар мылтығымен алқымынан атып салады. Осы қастандықты есіткен Байқазақ батырды өлтірген адамды тыным таппай іздеп, ақыры ол Сауқым екенін біліп, тауып алып, сол жердегі адамдардың көзінше мауыздайын деп жатқанда, сол ауылдың ақсақалы: «Бұл алты ауылдың Сауқымы әрі ардақтысы еді» деп араша сұрайды. Сонда Байқазақ «Иә, Жанқожа алты алаштың ардақтысы еді ғой» деп шалып жібереді. Міне, осы жерде Жанқожаның ­Итжемеске айтқан Байқазақтың қолынан келген іс сенің қолыңнан келмейді деп айтқан сөзі, Жанқожаның көреген әулие екендігін дәлелдейді.
Патшаның қызметшісін өлтіргеннен кейін Байқазақты ұстауға бұйрық беріледі. Бірақ ол қолға түспеді. «Елі барда ер қор болмас, ері барда ел қор болмас» дегендей оған Қарақұмдағы Қыр, Қызылқұмдағы Сыр шектілері, Төртқара, Шөмекей ағайындар реті келгенде орыс солдаттарынан жасырып, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырады.
Байқазақ бір жолы Жанқожаның бейітіне барып түнеп қалады. Таң алдында көзі ілініп кеткенде түс көреді. Түсінде батыр баба, бар орысқа беріл деп аян береді. Бұл кезде Байқазақтың қашып жүргеніне екі жылдай болған екен. Ол уақыт шамамен 1862 жыл еді. Байқазақ Сырдариядан атын жалдап өтіп, Қазалы түрмесіне келеді. Түрме бастығына «Сауқымды өлтірген мен мойындауға келдім», – дейді. Түрме бастығы «Кет, мен сені танымаймын, ешкім ешуақытта қылмысын мойындап келмейді» деп қуып жібереді. Байқазақ үш-төрт күн ағайындар арасында болады. Сол кезде Басықара ұрпағы Өтепберген он төрт жастағы бозбала екен. Ол Байқазақты былай суреттеп жазған «Батыр қоңыр өңді, бойы ортадан төмендеу төртпақ, өте жуан денелі адам. Бірақ батырдың басы ерекше үлкен. Үлкендігі шәугімдей екен» дейді. Байқазақ қайтадан Қазалы түрмесіне келеді. Түрме бастығы Қазалы оязына хабар береді. Сол уақытта Қазалы оязын «Қызыл мойын» деп атаған. Өйткені оның арақты көп ішкенінен мойыны күрке тауықтыкі сияқты қатпар-қатпар қып-қызыл болып жүреді екен. Ояз дереу би-болыстарды, батырдың туысқаны Маз Бұзаубайды шақырып, «Сауқымды өлтірген мен деп келіп отыр сол дұрыс па?» – депті. Болыстар растап, протоколдап қамауға алады. Алайда Байқазаққа ешқандай ауыртпалық көрсетпейді. Жанқожа баба осылайша екінші рет желеп-жебейді. Кешікпей Елек түрмесіне айдалады, жолда Ақтан батыр сарбаздарымен Байқазақты құтқарып ­алады.
Бұл оқиға туралы Байқазақ батыр:
Төртқара Байқазақпын мақпалдай-ақ,
Мен жүрмін алты Әлімге ­мақтанбай-ақ.
Жанымды Жанқожаға қиып едім,
Бұл күнде түсіп тұр ғой қақпанға аяқ.
Аузынан арыстанның алып шықты,
Қатын туса ұл тусын Ақтандай-ақ.
Бұл өлең ауыздан-ауызға айтылып, осы заманға жетіп отыр.
Байқазақ қара күштің иесі болуымен бірге дұшпанына рақымшыл да болған. Оның бір мысалы, Патша әскерімен бір шайқаста тұтқынға түскен солдаттарға өздерінің қолға түскен адамдарымен айырбас келісімге келген. Бір соғыста орыс офицерін өлтірмей босаттырып жіберген. Сол офицер кейін Байқазақтың жасаған қылмысын жауып тастап, түрмеден шығуына көмектескен. Ол туралы Байқазақ батыр былай деп өлең шығарған.
Мен жаттым Орынбордың түрмесінде,
Жолығар өлі балық өлмегенге.
Офицер уәдесі берік екен,
Жеткізді екі жылда ел шетіне.
Түрмеде жатқанында Жанқожа Байзақтың түсіне еніп, жиырма төртке дейін санайды да ғайып болады. Байқазақ мұның сырын біле алмайды. Ақырында жиырма төрт айдан соң босанып шығады. Сонда Байқазақ батыр.
Жәкемнің санағаны болды рас,
Барсыз ба, сау-саламат құрбы-құрдас?
Айтамын өздеріңе бар сырымды,
Болған соң бірақ сырлас, бірақ мұңдас.
Жанқожа баба қайтыс болғанымен сүйікті ұрпақтарына аян беріп, желеп-жебеп керметтерін көрсетіп жатты. Байқазақ батыр Қарақалпақтың Қоңырат деген жеріне қоныс аударып, 1896 жылы қайтыс болған.
Азаттық жолында алысып өткен Байқазақ батырды халқы еш уақытта ұмытпайды.
Қадырбек БЕКЕТОВ,
ардагер ұстаз
14 шілде 2020 ж. 2 326 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 70

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 65

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930