Жалғыз жебемен жауды қайырған
Би әрі батыр Бекарыстан би Амалдықұлы 1765 жылы Қазалы ауданында туып, 1858 жылы дүниеден озады. Кіші жүз Әлім тайпасының Шекті-Кішкенесінен шыққан. Бекарыстан Хиуа, Қоқан басқыншылығына қарсы күресте ерлігімен көзге түскен. Жетім-жесірдің маңдайынан сипаған, түйіні қиын мәселелерді әділдікпен шешкен.
Абылай ханның ұлы Жанғазы сұлтанды жалғыз ауыз сөзбен тоқтатқан шешендігі, түрікмен барымташыларын садақтың жалғыз оғымен сескендірген айбары туралы дерек ел арасында сақталған.
Ізге түскен жауды бір оғымен қайтарған қайсарлығын көнекөз қариялар өсиет-әңгімесінде сөз етеді. Бұл оқиға ХІХ ғасырдың орта шенінде болған дейді олар. Көнекөз ақсақалдардың айтуынша, бір жылы ел дүрлігіп, «жау келе жатыр» деген хабармен Бекарыстан би ауылы мұз үстімен Көкаралға қарай көшеді. Бекарыстан би: «Қашанғы қаша береміз, қайрат қылмаймыз ба?» десе балаларының ешқайсысы үндемейді. Сонда батыр әрі би Бекарыстан садағын алдырып, ат үстінде тұрып жебені тартады. Атылған оқтың бір ғана сүйемі мұз үстінде қалыпты. Көш жүре береді де, артынан қуып келген жаудың сарбаздары қадалған жебеге кезігеді. Содан олар батырдың ісін қайталамақшы болып мұзға жебе тартып көріпті. Бірақ ешқайсысы Бекарыстан батырдың жобасына жеткізе алмапты. Қазақтың мықтылығына көзі жеткен түрікмендер: «Қой, мынадай батыры бар ел бізге алдырмас», – деп кері қайтқан көрінеді.
«Бір ауыз сөзбен ханды қайтарған» деген ауызекі дерекке сүйенсек, 1842 жылы Бабажан сарт Ақтан батыр мен Жанқожа батырдың қолынан өлгеннен кейін Хиуа ханына бағынатын Жанғазы сұлтан Сыр бойында хандық құрады. Бір күні Жанғазы хан Шектінің Матығұл аталығына келіп, өзіне қарсы шыққан көптеген Матығұл аталығының ержүрек жігіттерін дарға асады. Бұл сұмдық хабар қарт Бекарыстан биге де жетеді. Хан ордасына келген Бекарыстан би: «Әй, Жанғазы, хан қыламын деп мен әлек. Хан болмаймын десең жолың ашық», – депті де, келген ізімен кері кетіпті. Бекарыстан бидің бұл ескертпе сөзінен кейін Жанғазы хан қонысын тастап кетіп қалыпты. Бұл оқиғалар Бекарыстан бидің әрқашанда қарапайым халықтың мұңын ойлайтын ер екенін көрсетеді.
«Бір ауыз сөзбен ханды қайырған, жалғыз оқпен жауды қайырған жайсаңым-ай!» деген қанатты сөз де осыдан шыққан.
Бекарыстан Амалдықұлының ерліктері мен білгірлігіне бас иген ұрпағы Қазалы ауданына қарасты ауылға ел сыйлаған шешеннің есімін берді. Бүгінде Бекарыстан би ауылы орталығында батырдың рухына арнап ескерткіш монументі орнатылған. 1996 жылғы сәуір айында қойылған ескерткіштің авторы Қазақстанға еңбек сіңірген өнер қайраткері, қылқалам шебері Қайырбай Зәкіров.
Қазалының киелі перзенттерінің бірі – Бекарыстан Амалдықұлы атақты Нұрбай бидің немересі, Жылқайдар батырдың жиені деген нақты деректер кездеседі. Содан да болар жігіттің жақсысы нағашысынан дегендей, дүйім жұртты аузына қаратқан би әрі батыр болған.
Бекарыстан Амалдықұлы Қоқан, Хиуа бектерінің озбырлығына қарсы шыққан, жарлы-жақыбайларды үнемі қамқорлыққа алып, қиын мәселелерді байыппен, туралықпен шешіп отырған. Сондықтан да ел ішінде би атанып, халқының қадірлісіне айналды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА