Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бойға қуат, жанға дәру

Бойға қуат, жанға дәру

Қазақта сүт өнімдерінен жасалатын, яғни адам денсаулығына орасан пайдасын тигізетін тағамдар жетерлік. Соның бірі құрғатылған, кептірілген сүт өнімі – құрт. Оның адам денсаулығына тигізетін пайдасы ұшан-теңіз. Сондықтан оны қазақ халқы ертеден бүгінге дейін кәделі тағам ретінде жеткізген. «Халық айтса, қалт айтпайды» демекші оның құдіреттілігі жан баласына сусын әрі қорек бола білген. Бүгін біз көнеден мирас болып жеткен осы құнарлы құрт туралы әңгімелейтін боламыз.
Езілген құрт түйіршіктерін малта дейді. Ол өте жұмсақ ас. Бағзы заманда ұзақ сапарға шыққан жолаушылар көбіне малта алып аттанған деседі. Өйткені ол бір жағынан ашыққан адамның өзегін талдырмаса, екіншіден шөлдеген кісіге сусын болған. Иә адам аштыққа бір айға дейін шыдауы мүмкін, ал шөлге бір аптаға да шыдай алмайды. Егерде ұзақ сапарға шыққан жолаушы қалтасына бес-алты түйірден салып алса, еш алаңдамауға болады. Себебі құрттың шөлден құтқарар ерекше қасиеті бар. Осы ретте бұрыннан жеткен естеліктегі мына бір хикая ерекше еске түседі.
Соғыс алдындағы шайқаста, қатары селдіреген взвод қорғаныс шебін тастап, шегінуге мәжбүр болады. Күші басым жау әскерінің танктері екі қанаттан орап, ту сыртынан өтіп кеткен. Тірі қалған бес жауынгер сай-жыраны сағалап, жау тылында қалады. Аштық пен шөл екі бүйірден қысқанда қатардағы жауынгер жүк қапшығын ақтарып отырып, құрт тауып алады. Майданға келгеніне сегіз ай болса да, «елдің дәмі ғой», – деп ырымдап, жемей жүрген көрінеді. Бой тасалаған олар жасырынған жерде төрт күн, төрт түн жатқан екен. Артынша бесінші күні таң атысымен қоршаудан сытылып шығып, өз бөлімдеріне қосылады. Күтіп алған қарулы жауынгерлерге барлық оқиғаны баяндап, «жанымызды сақтаған құрт болды» дегенде барлық әскер таңғалған.
Әрине құрттың ежелгі аштық пен құрғақшылық кезінде адам жанына қуат бола білгенін жасыра алмаспыз. Мұнан бөлек ұзақ уақыт бойы сақталып тұрса да бойындағы құнарын жоғалтпайтын оның ертеде қаншама жанға су мен қорек болғанын естен шығармаңыз.
Құрттың денсаулыққа пайдасын біздің ата-бабалар ертеден білсе керек. Расымен оның адам ағзасына деген құндылығы өте зор. Бүгінде іші-бауырымыз құрысып, көзіміз қарауытқанда дәруменім азайып кетті деп алабұртамыз. Керектіні өзге жеміс-жидектерден іздеп, шетелдің асына көз саламыз. Нақтысы, олардан гөрі ежелден қарт аналардың дайындаған құрты артық емес пе?!
Құрт тек азықтық рөл ғана атқармайды. Сонымен қатар оның дәрілік қасиеті де басым. Себебі құрамында көздің көргіштігін жақсартатын – А, жалпы иммунитетті көтеретін – С және сүйектің қатаюына көмектесетін – Д дәрумені, кальций, мыс, мырыш, күміс, темір, кремний, магний, кальций, алюминий микроэлементері жетерлік. Және де кальций-фосфор үйлесімді түрде кездескен . Ал бұл балалар үшін аса маңызды. Тістің түзу және қайратты, азулы өсуіне, асқазанның ас қорыту сөлін қалыпты бөліп шығаруында әсері мол.
Көненің көзі, тоқсаннан асып, жүзге қарай бет алған кез келген қариядан ұзақ жасаудың сырын сұрасаңыз міндетті түрде ағарған ішіп, құрт жейтінін тілге тиек етеді. Оның ұзақ өмір сүруге септігі бар-жоғын ғалымдар зерттей келе зерделі ойларын көпшілікке паш еткен. Ол расымен де адам өміріне ең қажетті зат – кальцийдің көзі екені дәлелденген. Бүгіндегі көптеген тағамдық биологиялық қоспалар мен мақтауы күшті түрлі дәрумендерді жолда қалдырады. Кеңес дәуірінің кезінде қазақтың ұлттық асын көбінесе ғарышкерлерге берген.
Құрттың түрлері көп. Олар жас құрт, көбік, ыстық құрт, сықпа немесе сүзбе құрт, малта құрт, езген құрт, ақмалта, ұнтақ құрт, ақ құрт, қара құрт, құрт-май болып бөлінеді. Бұлардың өздеріне тиесілі ерекшеліктері бар.
Жасыратыны жоқ, құрт осы күні көптеген ұлттардың сүйікті тағамына айналып үлгерді. Бір рет дәмін татқаннан-ақ қазақстандықтарға тапсырыс беріп жататын шетелдіктерді жиі естиміз. Әрине ұлттық астың пайдасы мен тағамдық құндылығы туралы көп айтуға болады. Дегенмен бүгінде оның ұлттық мәртебесі жоқ. Өкініштісі, оны сүйіп жейтін қазақ сирек жасайды. Қазір көп жағдайда оларды базарлар мен супермаркеттерден кездестіреміз. Нақты үйден жиі жасайтындар саны аз. Осыдан кейін бірте-бірте құрттың дәмі жоғалып бара жатыр деген қорытындыға келеміз.
Негізі құрт пен ірімшікті көшпенділер ойлап тапқан. Бұл қазақ халқының жеке меншік ұлттық тағамы. Мұны қазақтың салт-дәстүрі мен тұрмысы дәлелдейді. Шындығында құрт сөзінің аудармасы да жоқ. Бүгіндегі біздің басты мақсатымыз – бағзы заманнан аманат болып қалған құндылығымызды ұлттық брендке айналдыру болуы тиіс.
А.БАҚЫТҰЛЫ
09 маусым 2020 ж. 1 132 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 43

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930