Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құнарлы құрттың қадірі

Құнарлы құрттың қадірі

Бүгінде ел аумағында 150-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, берекесі мен ынтымағы жарасып, бірлік пен бейбітшілікті тең ұстап отырған жайы бар. Сонымен қатар біздің көпұлтты болуымыздың өзі ертеден қалыптасқан. Өйткені қазақ халқы бағзы заманда өзге ұлт өкілдерін талай қиындықтан аман алып, ерекше қолдау көрсеткенін жасыра алмаспыз. Бұл туралы бүгінге дейін жеткен аңыз-әңгімелерден бөлек, әлеуметтік желідегі тараған бейнебаяндардан аңғаруға болады.
Instagram, Facebook, WhatsApp желілерінде тұтқынға түскен әйелдерді таспен атқылап, артынша оның тас емес жеуге жарамды зат екенін байқайтындары туралы тараған бейнероликті сізде тамашалаған боларсыз. Шындығында ол оқиға желісі мынадай:
Сталиндік репрессияның кезі. Шаш ал десе бас алатын шолақ белсенділердің өршіп тұрған шағы. Жалған жаламен сотталған жандардың әйелдері қазақ жеріндегі Алжир лагерінде жазасын өтеп жатқан. Бір топ тұтқын әйел қыстың қақаған боранында Жалаңаш өзенінің бойынан барак салу жұмысына жегіледі. Анығында үкімет үшін бұлар керексіз жандар болатын. Сол себептен жөнді ас берілмей, таңның атысы, күннің батысы, ызғарға қарамастан қаумалаған күзетшілердің ортасында жүріп, жұмыс істеген.
Бір күні сол маңайдағы Жаңашу деп аталатын ауылдан бір топ кәрі шал-кемпірлер мен жас балалар тұтқындарға жақын келіп, әйелдерді таспен атқылай бастайды. Ал күзетшілер болса балалар мен қариялардың бұл әрекеттеріне риза болып, күле қарайды. Әйелдерге: «Көрдіңдер ме, сендерді Мәскеу ғана емес, осы жақтағы ауылдың балалары да жек көреді», – деп жазғырса керек. Белгіленген жоспар бойынша күніне 40 бау қамыс жинауға тиіс әйелдер аштық пен ауыр жұмыстан, қара суықтан қалжырап жүргенде жергілікті тұрғындардың мына бір әрекеті жығылғанға жұдырық болып тиеді. Сол күннен бастап ауыл адамдары әйелдерге «тас атып» тұруды әдетке айналдырып алады.
АЛЖИР-де жазасын өтеген тұтқын әйел Гертруда Платайс өзіне қарай құлаш сермей лақтырылған кесектен жалтармақшы болып бұғып қалғанда, аяғы сүрініп, жерге құлап түседі. Өмірге әбден налып, көз жасы көл болған ол әлгі жерде ірімшік пен құрттың иісін сезеді. Кесекті ұстап, дәмін көргенде оның тас емес, жеуге келетінін байқайды. Әлгі «кесектерден» бірнешеуін жинап алып, қазақ әйелдеріне көрсетеді. Олар мұның тұздалып, күн астына кептірілген сүт тағамдарының бір түрі – құрт екендігін айтады.
Анығында өздері де бір кездері аштықты бастарынан өткерген жергілікті тұрғындар тұтқын әйелдерге жандары ашып, көмектесуді ойластырылған. Сталиндік саясаттың қырына ілінуден қорқып, осы бір амалды ойлап тапқан. Жас балалар жау есебіндегі тұтқын әйелдерге деген жеккөрушілік сезімін жеткізбек болғандай, оларды таспен емес аспен атып, күзетшілерді алдаған. Олардың бұл көмегі тұтқындарға үлкен демеу болып, өлімнен аман қалуына септігін тигізген. Кейіннен олар қазақтардың дарқандығы мен тапқырлығына бас иіп, көмектеріне алғыс айтып өткен. Міне, өзіміздің төл мәзіріміз ертеректен жалғыз қазақ халқына ғана емес, әлем халықтарының сұрапыл аштық пен құрғақшылықтан аман қалуына көмегін тигізген. Мұның өзі қазақ халқының бауырмалдығының анық белгісі.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
01 мамыр 2020 ж. 685 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 109

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930