Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Базарқожа әулие

Базарқожа әулие

Базарқожа бабаның ұрпағы Бөріқожа Бұқарбайұлы ауданымыздағы білім саласында ұзақ жыл мұғалімдік қызмет атқарды. Бастауыш сыныптарда жүргенде ол кісіден мен де дәріс алғанмын. Осы ардагер ұстазымның қасиетті атасы жөнінде жазып қалдырған жазба деректері қолыма тиіп, көп жайларға қанық болдым.

***
Қазалы жері – халқымыздың текті, киелі перзенттерінің Отаны. Оларды халқымыз әулие тұтып қадірлейді. Соның бірі – Базарқожа әулие.
Әдетте қожаның арғы тегі арабтан шығатыны белгілі. Базарқожа қазақ еліне ислам дінін таратуға келген Сейіт қожа аталығынан тарайды. Атақты Қылыш қожаның ұрпағы.
Базарқожаны кішкентай кезінде біздің жердің белгілі адамдары жаугершілікте, сонау Түркістан жағынан алып келіп, өзіне еншілес бала қылып алған көрінеді. Базарқожа киелі әруақты әулие болған. Енді ел аузында жүрген әңгімелерге кезек берелік.
Үш жүздің пірі болған, Сопы Әзіз атанған атақты Мүсірәлі әулиенің баласы – Қосым қожа әулиенің жасы ұлғайып, қартайған шағы болса керек. Қасына ерткен нөкерлерімен жолаушылап келе жатып, биік нұраның баурайынан алаулап жатқан от-жалынды көреді. Нөкерлеріне: «Анау жанып тұрған отты көрдіңдер ме?» – деп сұраса, олар: «Көрмей тұрмыз»,– деп жауап беріпті. «Онда соған барып білейік»,– деп келсе, ылдида қозы бағып жүрген жас балаға жолығады. Манағы аспанға көтерілген от-жалын әлгі қозы баққан баланың екі иығында жанып тұр екен.
Қосымқожа қозы баққан бозбала – Базарқожаның кереметін көрген соң тағы да сынамақшы болып:
– Ауылға барғанша жарыссақ қайтеді? – депті.
Базарқожа болса абдырап қалып:
– Ата-ау, мына жауыр тайға сеніп, қалайша жараулы атпен жарысамын, – десе керек.
– Нар тәуекел деп көрші, – деп қолқа салыпты үлкен кісі.
Арқасы жауыр ала тайға мінген жас бала әп дегеннен-ақ жарысқандарды артта қалдырып, шаңын көрсетіп, көзді ашып-жұмғанша ауылға бәрінен бұрын жетіпті.
Сол кездегі көріпкелдікті сынаудың бір тәсілі болса керек, көп сиырдың ішінен бір құнажынды көрсетіп: «Осы құнажын буаз ба, буаз болса ішіндегі бұзауы қандай түсті?» – деп сұрапты. Сонда Базарқожа: «Мына құнажын буаз. Ішінде меңсіз ұрғашы қара бұзауы бар. Ұзамай бұзаулайды»,– десе керек. Айтқаны айна-қатесіз дәл келіпті...
Осыдан бастап Базарқожаның басына бақ қонып, елге көріпкелдік кереметтері арқылы кеңінен тарай бастаған. Бұл хабар жер-жерге жетіп, халық оған ағылып келе бастайды.
Базарқожа әулие осыдан 270-300 жылдай бұрын өмір сүрген. Негізгі қонысы қазіргі Бекарыстан би ауылының территориясында болған. Көріпкел әулие тарыққанға, қиналғанға аян беретін киелі әруақты Базарқожа емші ретінде де халыққа көп көмегі тиген. Ел арасында имандылық ұрығын сепкен тақуа адам болған.
Бір ауылдағы байдың қызы (айтушылар Қаракесек Қонай бай еді дейді) ес-түссіз денесінің әр жері тесіліп, жазылмас дертке шалдықса керек. Маңайындағы тәуіп-емшілердің емі дауа болмағасын алыстан ат арылтып, Базарқожа тәуіпке әкеліп көрсетіпті. Дереу ту биенің ішін жарып жіберіп, жылы қанымен әлгі қызды жуындырып болғасын түс ауа: «Балам енді жазылдың. Қайта бер»,– деген екен. Сол қыз кейін тұрмыс құрып, бір тайпа елге ана болыпты.
Осындай киелі емімен Базарқожа бабамыз су қараңғы соқырды, екі аяғынан баса алмай қалған мешелді түрлі шөптермен емдеп, құлан-таза айықтырып жіберген.
Ел аузында әулие баба әруағының ғажаптығы жөнінде түрлі әңгіме көп. Соның бірі мынандай.
Қола деген бай жылқы қарап жүріп, дүзге отыру үшін атынан түскен. Атының шылбырын бостау ұстаса керек. Бір кезде ойда жоқ жерден аяқ астынан күшті құйын тұрып, домалап келе жатқан қаңбақтан үріккен ат ышқына тартып, шылбырды қолдан шығарып жібереді. Үріккен ат шығандай қашып, иесіне ұстатпайды. Қуа-қуа әбден титықтап шаршаған Қола шарасыздықтан не қыларын білмей қатты қиналады. Содан тізерлеп отыра қалып:
– Иә, Базарқожа әулие, мен айдалада қалатын болдым ғой! Маған көмектесе көр! – деп жылап тілек тілейді.
Бір кезде қараса, әлгінде ышқына қашқан ат анадай жерде тұр. Жақындап барса, бір болымсыз томашаға қазық бау шалынып, байланып қалыпты...
Кейін Қола Базарқожаға кездескен екен.
– Әй, Қола, әнәукүні әуре болып атыңды ұстай алмағанда маған жалбарынып едің. Сол атты ұстаған менің мына саусағым еді ғой, – деп сұқ саусағын көрсетіпті. Қараса, оң қолдың сұқ саусағы ісініп, қызарып-қанталап, бунақталып қалған екен.
Базарқожа бабамыз барынша қарапайым өмір сүрген. Барды қанағат тұтқан, жұрттан ерекшеленуді қаламаған. Ғұмыр бойы тұрмыста қарапайымдылығын сақтаған ұлы баба бақилыққа аттанғанда тірідегісін қайталаған тахуалығын көрсеткен.
Базарқожа әулие қайтыс болғасын балалары өзара ойласа келе, әкесіне былайғы жұрт айта жүретіндей биік етіп үйтам салуға ұйғарым жасайды. Базарқожаның көп жылдан қатысқан өзбек досы, Қазалы қаласында тұратын Атамұрат есімді қолынан өнері төгілген шебер ұстаны шақырып, құрылысты бастайды. Әлгі кәсіпкер ұста үйтамның қабырғасын көтеріп, күмбезін қалауға жақындай бергенде ертеңіне қараса, бір жақ қабырғасы құлап қала береді. Осылайша бір-екі рет қайталанады. «Бұл қалай болды?» деп қиналып жүргенде Базарқожаның Жарылғап деген баласы түс көріп, әкесі аян береді. «Маған үйтам салдырып әуре болмаңдар. Оның аты – ысырап. Ол – шайтан ісі. Мен тірімде ысырапты жақтырмаған адаммын. Маған төрт құлақ етіп қана шағын қоршау салсаңдаршы» деген. Қазіргі кезде шырақшы қойып, ел жиналып жүрген Базарқожа әулиенің төртқұлақ тамы әлі өзгерген жоқ.
Әулие бабаның киесі жайлы мына бір жайтты айтпасақ болмайды. 1954 жылы Арал ауданына қарасты «Аманкелді» деген колхоз (баба қорымынан бір-екі шақырым жерде осы колхоздың орталығы болды) егін саламыз деп әулиенің қорымына жақын жерге арпа, бидай еккен. Бірақ егін судан қалып, ешқандай өнім алынбаған. Келесі жылы колхоз сол араға мал қыстайтын жабық баз салған. Жазғытұрым мал өріске шыққанда іргеде жатқан қорымға сүйкеніп, төңіректің ақ шаңдағын шығарған. Сонда Базарқожаның ұрпағы, Елубай қожаның баласы – Ханқожа колхоз басшыларына барып, түсінде атасының аян бергенін айтып, малды басқа жаққа көшіруін өтінген. Бірақ басшысымақтар бұл ескертуге құлақ аспаған. Көп ұзамай, қорадан түнде өрт шығып, мал өлімі орын алады. Сол жылы төл де аз болыпты. Оның үстіне аяқ астынан колхоз кеңсесіндегі ақша салынған касса өртеніп, колхоз басшылары әбден әбігерге түсіпті. Бірінен соң бірі орын алған оқиғадан кейін колхоз басшылары Базарқожа әулиеге келіп сыйынып, жалбарынып тәубеге келеді, – деп отыратын «Шөмішкөлдегі» Манас, «Шабантүбектегі» Күніке ақсақалдар.
Базарқожадан тараған әулеттер Ақтөбе, Қызылорда облыстары мен Қарақалпақстан елінде тұрады. Қазалы жерінде төрт шаңырақ Базарқожаның Балқожа деген үлкен баласынан тараған. Балқожаның балалары: Даңғара қожа ұрпақтарына бабаның емшілік қасиеті дарыған. Жарқын қожа. Баласы – Тілеуқұл, одан Смет, Файзулла туған (бұларға он саусағынан өнері тамған ұсталық өнері дарыған). Жанқожа балаларына (Жарылғап қожа, Жарылғасын қожа) атасынан аян беретін-түс көріп, оны жору қасиеті дарыған. Балқожа бабаның ең кішісі – Толыбай қожа жер қыртысын аударып, егіншілікпен айналысқан, халыққа сол арқылы шарапаты тиген. Бір жылдары қатты қуаңшылықтың салдарынан егін шықпай қалып, халық ашаршылыққа ұшырағанда Толыбай қожаның балалары еккен қауын мен асқабақ бір тайпа елді тойғызып, келесі жылдың аяғына дейін жеткізген екен. Бұл атамыздың көріпкелдігі туралы да аңыз көп.
Халық осы кезге дейін Базарқожа әулиенің үлкен баласы – Балқожадан тараған ұрпақтарын сыйлап құрметтейді. Жоғарыда айтылған Тілеуқұл балалары: Смет қожа мен Файзулла қожа ел арасында аты шыққан зергер, ұста екен. Күмістен көк сауырлап ер соғатын шебер зергер болумен бірге, Кеңес өкіметі кезінде ауданымыздағы «Солжаға» МТС-інде отыз жыл бойы еңбек еткен. Соғыстың ауыр жылдарында ауылшаруашылық техникалары трактор, комбайн, автомашина, тағы басқаларының бөлшектерін көрікке салып, темірді балқыту арқылы қолдан жасаған. Ол кезде МТС-тің директоры Қожәли Өтепбергенов еді.
Жанқожа баласы – Жарылғап қожаның өзі және оның баласы Абыз қожаға атамыз аян беріп, түс көруді берсе, оның қызы – Күнқияш түс көріп, аян қабылдап, жұрттың жоғын тапқан.
Толыбай баласы – Елубай ғұмыр бойы адал еңбегімен жер қыртысын аударып, егін егіп, елге қайырқомын тигізген. Сырдарияның «Қос иірім» деген жерінде «Елубай әремі» деген жер әлі бар. Кезінде су баратын арықты бір өзі қазып жеткізген. Дария жиегіндегі шеңгел, жиде өскен аумақты қыршып, орнына егістік жер жасаған. Осы жерге байырғы халық сонау ашаршылық жылдарында, соғыстың қиын кезінде егін салып, бала-шағасын асыраған.
Базарқожаның үлкен баласы Балқожаның үлкені – Даңғара қожаның ұрпақтарына емшілік қасиет дарыған. Даңғара баласы Бұқарбайқожа халыққа белгілі емші болған. Ол өмірінің ақырына дейін шөптен, мал майынан уыттап, дәрі-дәрмек жасап беріп, ауырып-сырқағандарға көмегін көп тигізген.
Базарқожа әулиенің бейіті қазіргі Бекарыстан би ауылының жоғарғы жағы – «Қотанкөлдің» жиегіне орналасқан. Сол төңіректегі Кішкене атаның ұрпақтарының үлкен-кішісі басы ауырып, балтыры сыздаса, жоқ іздесе, Базарқожа әулиеге түнеп, жалбарынып сыйынады, баба бейітіне тәу етіп, садақа таратып, Құран оқытады.
Әулие баба бейіті жанында зиярат етуге келгендер үшін түнеухана салынған. Онда барлық жағдай жасалынған. Іші қазан-ошақ, кесе-шәйнек самаурындар, төсек орын, тұс киіз, кілемдермен жабдықталған. Басында шырақшысы бар.

Сахи ҚАПАР,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
27 наурыз 2020 ж. 1 487 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031