Көріпкелдігімен танылған Базарқожа
Кие мен қасиетке тұнған Қазалы өңірі тарихи тұлғаларға бай өлке. Олар жайлы аңыз-әңгімелер халық аузынан ұрпақтан-ұрпаққа мирас ретінде өтіп келеді. Сондай әулиелер қатарынан Базар қожа кереметі ерекше айтылады.
Оның құрметіне салынған кесене – он тоғызыншы ғасырдың аяғы мен жиырмасыншы ғасырдың басынан сақталған сәулет өнері ретінде бағаланады. Архитектуралық ескерткіш Бекарыстан би ауылынан солтүстікке қарай алты шақырым қашықтықта орналасқан. Шикі кірпіштен тұрғызылған, жатаған күмбезі дөңгелек тұғырдан шығарылған. Алдыңғы беті ішке қарай біртіндеп кішірейе беретін үш аркалы порталмен бедерленген. Портал екі жағынан негізгі бөлікпен біріктіріліп, саздан құйылған тұтас мұнаралармен көмкерілген. Күмбез астындағы төменгі бөліктің шалқақ қабырғасы шығыңқы белдеумен өрнектелген және күмбезге дейін сыланған. Базар қожаның өзі сол өңірдегі ислам дінін уағыздаушылардың белгілі өкілдерінің бірі, көріпкелдігімен ел арасында қадірлі болған адам.
ХVIII ғасырда қазаққа шүйліккен жау қарасы көп болған. Хиуалықтар Сыр бойындағы елдерге жиі шабуылдап, мал-жанды олжалап отырған. Осындай кезекті шапқыншылықта Ақмешіт маңында Әззер ахунның ауылын шауып, мал-мүлікті алып кеткен. Оның арасында 11-12 жастағы Әззердің ұлы Ыбырайым тұтқынға түскен. Көп ұзамай ол Қазалы өңірін жайлаған Қаракесектер тайпасының Жақау аталығының ұрпағы Шойдың қолына тап болады. Шойдың ұлы Бегімбет Ыбырайымға қой бақтырған. Ыбырайым бір күні жолдан шаршап Қотан шетінде ұйықтап жатса, байдың қыздары оның басынан жанып тұрған екі шырақты көреді. Ерекше таңданыспен үйіне келген қыздар әкесіне малай басындағы жанып тұрған шырақты алып беруді айтады. Бай баланы алдырып, бас киімін шештіріпті. Сөйтсе басында жарқыраған айдары бар екен. Айдарды бай әйелі баланың қарсыласқанына қарамастан кесіп алып, қыздарына береді. Бұл орынсыз әрекетке налыған Ыбырайым әкесінің қойған айдары екенін айтып, еңкілдеп көз жасына ерік береді. Жылаумен малын бағып кеткен бойдан бай әйелінің қол-аяғы тартылып, төсекке байланады. Ол заманда үш жүзге пір болған Мүсірәлі қожаның баласы Қосым қожаның үлкейіп қалған кезі екен. Соған хабаршы жіберіп науқасты көруге шақыртыпты. Қосым қожа қасындағы бір топ адамымен бай ауылына келе жатқанында биік нұраның бауырынан екі иығынан алау шырақ жанып тұрған ерекше бейнені көріпті.
Қасындағылардан: "Анау мал жайып жүргеннің иығында лаулаған алау отты көрдіңдер ме?" – деп сұраса, олар көрмей тұрғандарын айтқан екен.
– Мұндай қасиетті көрініс кез келген адамның көзіне көріне бермейді. Соған барып жолығайық, – деп атын қамшылап келсе, қой бағып жүрген жас бала екендігіне таң қалған.
Жөн сұраса келе баланың өзі іздеп келген ауыл адамы екенін біледі. Тағы да сынамақ ниетпен: "Ауылға дейін жарыссақ қайтеді?" депті. Ыбырайым астында күйі нашар ақсақ ала тай болғандықтан Қосым қожадан қысылып келіспепті. Дегенмен пірлі қожа қолқа салып көндіріп, малын қасындағы жолсеріктеріне тапсырып, ауылға қарай жарысқанда бала бәрінен озып, бұрын жетіпті. Бай жұрты Қосым қожаны кілем жайып, құрметпен қарсы алған. Оны сыйлап аттан түсіріп, қонақжайлылық көрсеткен. Мән-жайға қаныққан Қосым науқасты қарап: "Шырағым, әлгі қой баққан баланы шақыр" деп баланы қасына алдырған. Өткен-кеткен әңгімелер айтып, жетімді сынап отырыпты. Бала жөнінен хабардар болған соң байға: "Мына бала киелі екен. Оған зәбір көрсеткендіктен әйеліңнің айығу кілті сонда. Бұны бала қылып алыңдар. Болмаса киесіне ұшырайсыңдар," – деп кеңес береді. Әңгіме үстінде бала елі шапқыншылыққа ұшырап, өзі құлдыққа түскендігін әкесінің есімі Әззер, сүйегі Қылыш қожадан екендігін мәлімдеген.
Қосым қожа: "Енді сен осы араның қожасысың, мына отырғандар сенің ағайын-жұртың, бұдан былай атың Базарқожа болсын. Ал халқым, бөтендік танытпаңдар", – деп ақыл қосқан екен. Кетерінде Базарқожаның қасиетіне тәнті болған Қосым қожа ақ батасын берген деген аңыз бар.
Бүгінде баба ұрпағы әулиелік әрі көріпкелдік қасиеті бар Базар қожа тарығып, қиналғанға аян беретін, науқасқа ем жасайтын емші, әруақты адам болған деседі. Сондықтан ол ел арасында үлкен сенімге ие болып, дүние-байлыққа қызықпаған имандылық рухын оятқан қайырымды адам ретінде халық жадында сақталған.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА