Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өлеңдері өміршең ақын

Өлеңдері өміршең ақын

Ауыл шетіндегі мектепке кірсем, шәкірттерім өз орындарында отыр екен. Жым-жырт. Оқтын-оқтын алдарында жатқан дәптерлеріне қарап қойып, ауыздары жыбыр-жыбыр етеді. Мен әншейінде үзіліс кезінде ерсілі-қарсылы жүгіріп жүретін ойын балаларының мына тосын қылықтарына таң қалып тұрдым да:
– Балалар, дәптерлеріңді неге ашып қойдыңдар? – дедім. Сола-ақ екен, бәрі де бір ауыздан шу ете қалды.
– Апай, Мұқағали атаның өлеңдерін жаттап отырмыз!
Осы кезде өзім де біртүрлі болып, толқып кеттім. «Өлең өлмейді. Ендеше оны жазған ақын да өлмейді. Олай болса Мұқағали Мақатаев та көз жұмған жоқ» – деп Әбділдә Тәжібаев айтқандай, жылда ақын ағаның туған күнін мектепте үлкенді- кішіміз боп, салтанатты түрде атап өтеміз.
Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы Нарынқол ауданы, «Қарасаз» ауылында дүниеге келген. Әкесі – Сүлеймен осы өңірде колхоз жұмысының ұйымдастырушысы болған. 1941 жылы майданға аттанған ол соғыстан қайтып оралмаған.
Балалық шағынан ерте есейген Мұқағали анасы Нағиманы асырап-бағу мақсатында еңбекке белсене араласқан. Орта мектепті бітірген соң, ауылдық кеңестің хатшысы, «Қызыл отаудың» меңгерушісі, сондай-ақ комсомол қызметінде жа-уапты міндеттер атқарған.
Мұқағали Мақатаев 1954 – 1962 жылдары Қазақ радиосында диктор, 1962 – 1972 жылдары «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, 1972 – 1973 жылы Қазақстан Жазушылар Одағында әдеби кеңесші болып еңбек еткен.
Мұқағалидың тұңғыш өлеңі 1948 жылы Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде жарық көрген. Ақын ағаның әр жылдары «Дариға жүрек», «Аққулар ұйықтағанда», «Өмір – дастан», «Атамекен», «Райымбек, Райымбек» тағы басқа да кітаптары оқырман жүрегіне жол тартқан. Ақын ағаның «Аманат» атты жыр жинағы 2000 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болған.
Бүгінде Мұқағали ақынның 13 кітабында 1834 өлең 19 поэмасы бар екені анықталып отыр. Біздің оймызша, Мұқағали әлемі – қазақтың ұшы-қиырына көз жетпейтін Ұлы даласындай кең де, жұмбағы көп қазына. Бұл орайда белгілі қаламгер Бексұлтан Нұржекеұлы: «Қазақтың классик ақыны Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығын сүйсіне той¬лап жатқанымызбен, біз оны әлі түбегейлі зерттей қойған жоқпыз, зерттеп те жатқан жоқпыз», – деп жазған.
Мен осы мақалама көзі тірісінде пешенесіне ерекше тағдыр бұйырған ақиық ақын Мұқағали туралы оқыған бірқатар естеліктерді арқау етіп, оны жастардың бір қажетіне жарап қалар деген оймен оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдім.
Мұқағали аға көзі тірісінде көп ақынның бірі болып жүре берген. Оның мықты ақын екенін бірен- саран адам ғана біліп, талантын мойындаған. Бірақ оны жұртқа жеткізіп, соншама дабырайта айту тым қиын болған көрінеді. Өйткені Мұқағалидың жыл сайын шығып жатқан жыр жинақтары шетінен жұп-жұқа, кіп-кішкентай кітапшалар еді. Оларды оқыған кез келген адамның көкейінде: «Егер шынымен де мықты ақын болса, неге көсілтіп көп жазбайды, кітаптары неге кітап құсап шықпайды» деген дүдәмалдардың тұрғаны айдан анық.
Ақынның артында қалған мол мұрасын зерттеушілердің пікіріне қарағанда, Мұқағали көзі тірісінде шөміштен қағылған көрінеді. Мысалы, мына бір құпияға толы ақпарат көзіне назар аударып көрсеңіз, көп нәрсеге қаныға түсесіз.
Мұқағали қайтыс болғаннан кейін жарық көрген бір ғана «Өмір – өзен» кітабының көлемі (14 жарым баспа табақ). Көзі тірісінде жарық көрген мына бес кітапшасының көлемімен пара-пар болып шыққан: «Армысыңдар, достар!», «Қарлығашым, келдің бе?», «Мавр», «Дариға-жүрек», «Шөп жырақтары».
Ақынның тірі кезінде ауыз толтырып айтатындай ең үлкен кітабы «Құдіретті комедияның» аудармасы мен таңдамалысы өлерінен бір ай бұрын ғана жарық көріп, әдебиет сүйер қауым оны ақын қайтыс болғаннан кейін оқыған.
Енді көп оқырманның бірі ретінде ойланып қарасақ, шынында ақын аға кезінде: «Тағдырдың бір жарытпай-ақ қойғаны-ай!» деген өкінішін ақшаға байланысты емес, бақталастарының қызғанышына күйінгендіктен айтқан екен-ау.
Тағдырдың жазуымен өзі де біліп айтқандай «дәл қырықтың бесеуінде» ұйықтап кеткен Мұқағали ағаның туған күнінің жылда атап өтілетін себебі: біріншіден, ол кісі жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен жұртшылықтың махаббатына бөленді. Екіншіден, текті ақын қанша қысым көріп, шөміштен қағылса да, ешкімнің атын атап, түсін түстеп, кек сақтамаған. Қайта қайсар ақын жарым көңілін өлеңмен жамап, болашаққа арызын жазып кеткен. Мүмкін ілуде бір кездесетін осындай ұлылықтан шығар, ақын аға қазір «жиырма бірінші ғасырдың құрдасы» болып күнбе-күн қасымызда жүр. Содан да шығар, Мұқағали ағаны жылда қасымызда тірі жүргендей сезініп, туған күнін атап өтуді дәстүрге айналдырдық.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» – атты мақаласында: «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» – деді.
Ендеше, қазақтың қасиетті қара өлеңін кие тұтқан Мұқағали Мақатаев та өзінің жырларымен ғасырды-ғасырға жалғаған, рухы мәңгі өлмейтін ұлы ақын!
Нұргүл САХИ
06 ақпан 2018 ж. 2 942 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 79

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 72

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930