Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Кем болып жаралғам жоқ мен ешкімнен - бүгін Мұқағали Мақатаевтың туған күні

Кем болып жаралғам жоқ мен ешкімнен - бүгін Мұқағали Мақатаевтың туған күні

«Қазақтың күпі киген қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарған», поэзияға ерекше екпін әкелген ақиық ақын Мұқағали (Мұхамедқали) Сүлейменұлы Мақатаевтың туғанына бүгін тура 87 жыл толып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақын 1931 жылы ақпанның тоғызы күні Нарынқол өңірінің Қарасаз ауылында дүние есігін ашқан. «Қайран Қарасазым-ай» деп өлеңге қосқан, кейін әнші Рамазан Стамғазиевтің әніне айналған аядай ауылды бүгінде білмейтін қазақ кемде-кем.

Мұқағалидің бала кезі сұм соғыстың қасіретті жылдарына тұспа-тұс келеді. «Неңді сенің аңсаймын бала шағым, бұлдыраған айналаң ала сағым» деген ақынның анасы Нағиман Мұқағалидың өкшесін баса туған үш ұлды асырап жеткізеді. Әкесі соғыстан оралмаған. Орта мектепті интернатта жатып бітірген жігерлі жас еңбекке ерте араласып, ауылдық кеңестің хатшысы, қызыл отаудың меңгерушісі, комсомол қызметкері, жетіжылдық мектептің мұғалімі болады. Содан Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетіне орналасып, қаламгерлікке бет бұрады.

Мұқағали Мақатаев алпысыншы жылдардың басында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, 1963-1965 жылдары «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), 1965-1972 жылдары «Жұлдыз» журналдарында, 1972-1973 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында қызмет атқарған. Ол - қазақ поэзиясына қайталанбас туындыларымен, отты жырларымен келген ақын. Өз шығармалары арқылы қазақ поэзиясын жаңа биіктерге көтерді. Мұқағали поэзияда туған өнер деңгейіндегі ғана құбылыс емес. Оның өлмес өнері, қанатты поэзиясы қазақ халқының парасатын кемелдендіре түсті.

Мұқағали Алматыда өмір сүрген жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын таныта білді. «Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр» (1970), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді. Қырық бес жасында өмірден өткен соң Аударма саласында да еңбегі зор. Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» атты бөлімін, Шекспирдің «Сонеттерін», Уолт Уитменнің өлеңдерін қазақ тілінде сөйлеткен ақынның кітаптары өмірден өткеннен кейін он мыңдаған данамен басылып шығып жатты.

Күні бүгінге дейін ақынның шығармашылығына деген қазақтың құрметі бір мысқал кеміген емес. Бүгін де ақынның өлеңдері мен шығармаларының, ой-толғауларының жаңа кітап болып басылып жатқаны - осыған куә.

09 ақпан 2018 ж. 3 227 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031