Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ананың наласы

Ананың наласы

Күздің шуақты күні шақырайып шыққанымен, жаздың күніндей шекеден өтіп тұрған жоқ. Арқадан соққан жел де сап-салқын. Әнтек үзілген, сарғайған жапырақтар салқын желдің ырқына көніп, көше бойлап бірін-бірі қуалап, жылжып барады.
Темір өрнектермен өрнектелген үлкен дарбазаның жанындағы шағын есік айқара ашылды да, екі жас келіншектің сүйемелдеуімен қарт кісі ауладан шықты.
Бұны көрген көрші ауладан шыққан қарт әже келіп сәлем берді.
– Күлпара апа, амансыз ба?
– Шолпан, сенсің бе?! Ұсынған қолды қос қолымен қарманып әрең тауып ұстады.
Осы кезде төбесінде «такси» деген жазу бар жеңіл автокөлік келіп жандарына тоқтады.
Қарт кісі екі келіншектің көмегімен көліктің орындығына отырарда қолымен қарманып, медициналық жіңішке шлангіге жалғанған целлофан қалтаны үстіндегі жеңіл жадағайдың шалғайымен көлегейлей берді. Жанарсыз көздерден аққан жас әжімді жүзін жуып, көлікке үнсіз отырды.
Көлік ұзап кеткенше Шолпан әженің құлағынан «Шолпан, сенсің бе?», – деген қарлығыңқы дауыс кетпей сол бір жайларды еріксіз еске түсірді.
* * *
Оған да отыз жылдай уақыт болған-ау. Сонда да күздің осындай аумалы-төкпелі шағы болатын. Түскі үзіліске келіп, жұмысқа асығып шыққан ол қасынан өтіп бара жатқан жеңіл көлікке қол көтере салған. Тоқтаған көлік жүргізушісі көрші жігіт екен. Машинаға отырған бұған:
– Апа, ана әженің отырғанына біраз болды. Күн сап-салқын ғой, – деді.
Көлік терезесінен осы дарбазаның алдында отырған, Күлпараның енесін көрген. Ұзын көйлектің етегін жел тартқылап, басындағы орамалының ұшымен кәріліктен жанары тая бастаған көзін сүрткіштеп отыр екен.
– Кәрі кісі, күн шуқтап отырғаны ғой, – дей салған.
Жұмыс аяғына таман күзгі қорғасындай қара бұлт өз мінезіне басып сіркірей бастады. Ол кез кішкентай жауын сіркіресе көшенің шаңы басылғанымен, соңы батпаққа айналып аяғыңнан тартатын мезгіл. Үйге таксимен баруға тура келген. Үйге жақындай бергенде жауын күшейе түсті. Есіктің алдына келіп көліктен түсе бергенде, көзі көрші үйдің алдында, жауынның астында отырған бағанағы кейуанаға түсті. Тайғанақтай басып кейуанаға жүгірді. Келе есікті итере бастап еді, кейуана дірілдеген ерні
жуыспай:
– Шооллпансың ба?..Ол .. лл..ар ж..о..қ, – деді.
Шолпан апа сонда байқады. Кейуананың жанында үлкендеу орамалға түйілген түйіншектер тұр екен. Күздің салқын жаңбырына жаураған кейуана қалшылдай бастады. Шолпан дереу үстіндегі жадағайын кейуананың үстіне жауып, орнынан сүйемелдеп тұрғызып, үйге беттеді.
Осы кезде үйден шыққан келіні:
– Мама, қайда жүрсіз, машинаның дауысы шыққалы біраз болды..., – дей берді де, бұларды көріп осылай қарай ұмтылды.
– Балам, ана түйіншектерді ал, – деді де, кейуананы сүйемелдей берді...
Келін үйдегі шағын моншаны жылытып, кейуананы жуындырып, ыстық шай, сорпа беріп, Шолпан апаның бөлмесіне жатқызды. Шолпан келініне:
– Күлпара апаңа звондашы, – деп еді, кейуана басын шайқап:
– Звондама. Мені Күлпара қуып жіберді. Енді ол үйге бармаймын. Камзолдың қалтасында қызымның телефоны бар. Соны маған алып бер, – деді қарлығыңқы дауыспен.
Сәлден соң, талықсып ұйықтап кетті. Сол ұйықтағаннан бұлар жатпақ болғанда жөтел қинап оянды. Сарымай салынған, қолдан сауылған ешкінің ыстық сүтін қанып ішкен кейуана жөтелі басылған соң қайта ұйықтап кеткен.
Ертеңіне жұмысқа кеткенде көрші кейуана әлі оянбаған болатын. Түскі үзіліске келгенде бөлмесіндегі столдың үстінде тұрған алтын жүзікті көрді. Келінін шақырып, жүзікті көрсетті. Сұраулы жүзбен қараған енесіне келіні:
– Көрші әже маған беріп кетті, – деп әңгімесін бастады.
Ұйқыдан оянған кейуана камзолының қалтасындағы қағаздағы телефон нөміріне звондап, қызын шақырды. Үйде ұрыс болғанын, келінінің бұның киім-кешектерін буып-түйіп далаға шығарып тастап, қызыңа хабарластым, алып кетеді, – деп таң ертеңмен кетіп қалғанын, баласының іссапарға кеткенін, бұл жайдан оның да баласының хабары бар екенін айтып, өзін тез арада алып кетуін өтініп, телефон тұтқасын орнына қойды. Содан кейін маған мына жүзікті ұсынып:
– Айналайын, мына жүзікті кәрі жүректің өзіңе деген ыстық ықыласы деп ал. Он бес жыл бірге тұрып, жатсам-тұрсам тілеуін тілеген келіннен көрмеген жақсылықты кешеден бері өзіңнен көрдім. Мені жуындырып, арқамды ыспақ түгілі, келін болып көйлегімді де жуып көрген емес.
«Бар. Қызыңның үйіне барып жуынып кел» – деп есіктен шығарып жіберетін. Жалғыз ұлдың әйелін қыздарға қалай жамандайын?! Арғы жағымдағы көрші немере келін Әлияға барамын. Ол да бір мың болғыр бала, жуындырып, көйлегіме дейін жуып, шайын береді. Мен алғысымды беремін.
Кеше тіптен шектен шықты. Аяқ астынан бүлініп, менің күйбеңдеп, қолымның әлі келгенше жуған көйлектерімді: «Мына сасыған кебіндеріңді мен көрмейтін болайын, қақбас», – деп далаға лақтырды. Бұған дейін де үйге келген құрбыларына маған әдейі естіртіп «біздің қақбас» деп отыратын. Шыдамның да шегі бар. Мен де көңілде жүрген ащы «запыранды» ақтара салдым. Ақша ұстаудан қалтыраған қолын ала жүгірді. Шыр-шыр еткен немерем аяғына оратылмағанда ұрудан да тайынбайтын еді. Ашуланып, аулаға шыққан мені жұлқылап дарбазадан шығарып жіберіп, сәлден кейін мына түйіншектерді лақтырып, есікті сыртынан құлыптап, «әжелеген» баласын жұлқылап, «қызың келеді» деп тайып тұрды. Қызға айтпағанын жаңа білдім. Сенің енең болмағанда ...
Есіктен енген қызын көріп, жанары жасаурап, сөзін аяқтамастан сырттағы көлікке барып отырыпты.
* * *
Көрші ауылдағы қызының қолындағы сол кейуананың төсек тартып жатып қалғанын есітіп, екі-үш көрші барып көңілін сұраған.
– Шолпан, сенсің бе? – деген көзін ормалының ұшымен сүртіп. «Кеше қайныларымды шақырып алып, олай-бұлай болсам, осы қыздың қолынан шығарыңдар» – десем, олар:
– Балаң, шаңырағың бар емес пе? – дейді.
– Бала ақшалы қатынның шылауында кетті. Жалғыз бала шалым екеуміз салған үйді бұзып, қайта саламын дегенде, орны бар оңалар деген осы, шаңырақ тігетін болды деп, шалдан қалған мал-пұлды сол бала мен қатынның қолына салғанмын. Сөйтсем, шаңырақ қана емес, бала мен келіннің пейілі де бұзылған екен. Ана зәулім үй менің шаңырағым емес, ақшаға құныққан келін мен безбүйрек бала салған мен үшін жылуы жоқ мекен болды. Енді ол жерден менің мүрдем де шықпайды, – дедім.
Шолпан, сол бір жауынды күзді сен білесің. Есіңде, болсын кеудесі көк тіреп тұрған сол келіннің екі көзі ағып алдына түседі, ішкен-жегені бүйірін тесіп шығады. Оны мен көрмеймін, сен көресің, – деп еді-ау келінге налыған кейуана, жасаураған жанарынан жас парлап.
Алланың құдіреті. Жаңа Күлпараның қос қолымен қарманып, «Шолпан, сенсің ба?» – деген қарлығыңқы даусы мен көлікке отырып жатқандағы жадағайдың шалғайымен көлегейлеген медициналық шлангіге жалғанған целлофан қалтаны көргенде, ана наласының айнымай келгені Шолпан әженің ойына еріксіз оралған еді.
Құдайберген ЕСЕКЕЙ,
Әйтеке би кенті
12 қазан 2019 ж. 1 299 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 60

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930