Розаның рухы асқақтаған күн
Сейсенбі күні Қызылорда қаласында Халық қаһарманы, даңқты жерлесіміз Роза Бағланова атындағы республикалық “Ақмаңдайлым” әншілер байқауы өтті. Осымен төртінші мәрте ұйымдастырылған ән байқауында еліміздің әр түкпірінен келген 20 талапкер бақ сынады. Олар алдымен әйгілі әншінің репертуарындағы әндерден бір туындыны орындаса, мұнан соң көрермендерге Қазақстан композиторларының қазіргі таңдағы заманауи әуендегі бір шығармасын ұсынды.
Конкурсқа композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Дүйсекеев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ержан Абдрахманов, Сембек Жұмағалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Күләнда Қалымбетова және Р.Бағланованың келіні Марал Бағланова төрелік етті. Сондай-ақ, шараға Роза апаның ұлы Тәжен Бағланов арнайы қонақ ретінде қатысты.
Республикалық ән байқауында өзгелерден оқ бойы озып шыққан астаналық Айдын Жұмабеков бас жүлдеге ие болып, оған Бағлановтар отбасы тағайындаған 500 мың теңгенің сертификаты мен Халық қаһарманының бейнесіндегі статуэтка табысталды. Ал, бірінші орынды жерлесіміз, Әйтеке би кенттік клубының өнерпазы Рақымжан Мақсатбаев жеңіп алса, тағы бір қазалылық, Ғ.Мұратбаев ауылдық мәдениет үйінің өнерпазы Айсәуле Қияс “Ақмаңдайлым” арнайы жүлдесіне қол жеткізді. Екінші орынды ақтөбелік Нұртас Омаров пен Батыс Қазақстаннан келген Ерқат Жақашев қанжығасына байласа, үшінші орынды аралдық Сабыржан Көлбаев пен Түркістан облысының «Сарын» триосы өзара бөлісті.
Атағы дүйім жұртқа танылған әншінің туған өңірі – қазыналы Қазалы жері де ән-жырдан қалыс қалмады. Ертеңіне, яғни, 7 қараша күні Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында конкурс жеңімпаздарының қатысуымен гала-концерт болды. Жиналған көрермендерді аудан әкімі Мұрат Ергешбаев пен даңқты жерлесіміз, “Құрмет”, “Парасат” ордендерінің иегері Кеңес Дүйсекеев құттықтап, естеліктерін айтты. Өз кезегінде ауданға қонақ болып келген композитор мен оның жарына құрмет көрсетіліп, Алғыс хат тапсырылды.
Гала концертте Нұртас Омаров «Әлі есімде», Салтанат Әбдіқали «Темная ночь», «Самғау» триосы «На солнечной поляночке», Фариза Жоламанова «Елімнің еркесі мен боламын», Сабыржан Көлбаев пен Ернар Дүйсеев «Асыл арман», Айбек Дәулетқалиев «Әдемі-ау», Ұлтай Жүніс «Ах, Самара городок», Айсәуле Қияс «Ақсұңқарым», Ерқат Жақашев «Екі жирен», «Тереңдеп қарайсың», Айгерім Жанғалиева «Ахау керім», Рахымжан Мақсатбаев «Сен ғана», Айдын Жұмабаев «Кестелі орамал», «Жаным апа» әндерін орындап, көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Мәнді де сәнді шара Т.Мұхамеджановтың «Іңкәрім-ай» әнімен аяқталды.
Ән байқауы үстінде Роза Бағланованың ұлы Тәжен Бағланов жағымды жаңалықты алға тартып, алдағы уақытта күміс көмей әншінің шығармашылығына арналған мұрағаттық дискі шығатынын мәлімдеді.
– Анамның музыкалық шығармалары жинақталған дискі бұған дейін де шығарылған. Алайда аз ғана таралыммен. Қытайда дайындалған бұл дүние тез арада таралып кетті. Қазіргі уақытта осыны дамытып, жетпес жерін жетілдіргелі жатырмыз. Амандық болса, Роза Бағланованың шығармашылығына арналған дискі келесі жылы тыңдармандардың қолына тиеді, – деді Т.Бағланов.
Сондай-ақ, ол бұдан бұрын Алматы қаласында Роза Бағланова жөнінде орыс тілінде өмірбаяндық кітаптың тұсаукесері өткенін тілге тиек етті. Кітап қазақшадан орыс тіліне аударылған. Оның негізгі мақсаты орыс тілді оқырмандарды Роза Бағланова өмірінің жарқын сәттімен хабардар ету. Бұрын аталмыш кітап аз таралыммен оқырман қолына тиген. Ендігі кезекте таралым санын ұлғайту көзделіп отыр.
Иә, қасиетті Қазалы топырағында туып, айдай әлемге ерекше дауысымен танылған жерлесіміздің әнін сүйіп тыңдайтын елі барда, өнерін бағалайтын халқы барда Роза Тәжібайқызы ешқашан ұмытылмақ емес.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ