Сырнай сазы әуелеген кеш
Лақалы ауылдық клубында Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласына орай, Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары өнерпаздарының қатысуымен аймақтық «Сыңғырла, сазды сырнайым» атты баян аспабымен ән орындаушылар байқауы өткізілді. Ел арасында танылмай жүрген талантты өнерпаздарды насихаттау мақсатында өткен байқаудың басты шарты бойынша талапкерлер халық əнін орындады. Екінші кезекте өз қалаулары бойынша сырнаймен сызылта əн шырқаған өнерпаздарға көрермендер қошемет көрсетті.
Аймақтық деңгейде өткен байқауға, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының бөлім меңгерушісі Бағдагүл Есмұрзаева, Қазалы қалалық мəдениет үйінің директоры, жыршы Əзілхан Мақсатбаев, Лақалы ауылындағы №93 орта мектеп директоры, термеші Серікбол Сансызбаев қазылық жасады. Қорытындысында бірінші орынға Арал ауданы, Шөмішкөл ауылынан келген Дəулет Сейілханов ие болды. Қазалы ауданы, Өркендеу ауылының өнерпазы Мейрамбек Əлимаевқа екінші орын, лақалылық Мадияр Жеткербайға үшінші орын берілді. Арал ауданы Тоқабай ауылынан қатысқан Саян Дижанов “Көрермен көзайымы”, Əйтеке би кентінен Серікбол Шайықов “Шебер орындаушы” номинацияларымен марапатталды. Сондай-ақ, барлық талапкерлерге бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Лайық қатысушылар мен тыңдармандарға жылы лебізін білдірді. Ауыл ақсақалы Өтепберген Шазындаев ақ батасын беріп, байқауды ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
Айнұр МЕЙРАМБАЙҚЫЗЫ,
Лақалы ауылы