Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сатира – күштілер қаруы

Сатира – күштілер қаруы

Қазақ әдебиетінде Сатира деген болмысы бөлек көркемдік бейнелеу тәсілі бар. Мұның болмысы бөлек болуы өзіміз өмір сүріп отырған ортадағы оқиғаны, құбылысты не кейіпкерді өткір сынға алып, әжуаға айналдыруында. Сондықтанда «Сатира – күштілер қаруы» деп таңылады. Бұл күшті қарудың тілін білетін ғылым докторы Қазақстанда бүгінгі танда біреу ғана, ол – Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, белгілі әдебиеттанушы ғалым Алпысбай Мұсаұлы Мұсаев.
Арғысы Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышынан» бері сатираның аңдатпасы айтылғанмен бұл саланың табиғатын тану адамзат баласының жершарының солтүстігін кешеуілдеп игергеніндей кейін ғана және тәуекел етіп барғандары саусақпен санарлық. Соның ішінде биік нүктесіне жетіп ғылым докторы атанғандары үшеу. Олар: Алатаудай заңғар аңыз адам Темірбек Қожакеев, ағысқа қарсы жүзер Жайықтың бекіресіндей мінезді Мәтжан Тілеужанов және М.Тілеужановтың жетекшілігімен кандидаттық, Т.Қожакеевтің жетекшілігімен докторлық диссертация қорғап, қос енені тел емген Алпысбай Мұсаұлы Мұсаев.
Кейіпкеріміз Алпысбай Мұсаұлы елге әдебиеттанушы ұстаз-ғалым ретінде танылған тұлға болғанымен, Алпекең әдебиетке өлеңмен келген жан. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Президенті кеңесшісі, белгілі ғалым Бауыржан Омаровтың «Қазалының қазағы» мақаласын оқыған ләзім.
Қазалының қазағы Алпысбай Мұсаев 1948 жылы қараша айында Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы «Дихан» ұжымшарындағы қызметкер қазыналы Мұса қарттың отбасында отағасының алпысқа қараған шағында дүниеге келеді. Алпекеңнің замандасы, сыйлас досы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері ақын-драматург Иран-Ғайып бұл жөнінде:
«Тағдырдың талмай тартыс талқысында,
Төтеп бар тауқыметке, бар қысымға –
Қыннан қылыш суырып өзің үшін,
Мұса қарт майдан ашқан алпысында?!» деп жырлауы бекер емес.
Ертегідегі төстікке жерік болған ананың аңсары мен әкенің демсалы сойы бөлек Ертөстікті әкелсе, Сұлу ана мен Мұса қарт махаббаты Алпысбайды дүниеге әкелді.
«Ертөстігім» бір төбе дегендей шаңырақтың кенжесі Алпысбай да отбасының ерекше құрметіне бөленіп өседі. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ел әлі де болса еңсесін тіктей қоймаған кезең болса да Мұса қарт Алпысбайын дәмнен де, әннен де жұтаң қылған жоқ. Дастарқаны берекелі Сұлу ана мен тірлігі несібелі Мұса әкенің төрінде Сырдың талай сүлейлерітаңды таңға ұрып жырдың тоғанын ағытқан болатын. Осылайша, жыр құсы бір қонақтаған қасиетті Сыр елінің топырағы Алпысбайдың да кеудесіне сөз өнерін құт қылып құяды.
Сөз өнері әдебиетке деген ықылас мектеп бітірген Алпысбайды 1966 жылы Ақ Жайық төріндегі А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың филология мамандығына алып келсе, кейін өзі оқыған институтқа шақырту алған Алпысбай Мұсаев ізденушіден ғылым докторы дәрежесіне білімнің осы қара шаңырағында жетті. 1990 жылы «Қазіргі қазақ прозасындағы сатиралық образдың көркемдік ерекшеліктері» атты кандидаттық диссертациясын қорғаса, 1999 жылы «Қазақ прозасындағы сатира мен юмор» атты докторлық диссертациясын қорғады.
Алпекеңнің докторлық диссертация қорғауы оралдық филологтарға үлкен серпін әкелді десек артық айтқандық емес. Өйткені, М.Тілеужанов пен А.Мұсаев аралығында бірде-бір докторлық диссертация қорғалмаған еді. Ғылым жолындағы кез келгенге жалын сипатпайтын бұл межеге жиырма жылға жуық үзілістен кейін Алпысбай Мұсаұлы қол жеткізді. Аймақтағы тілші мен әдебиетшілерге алынбас асудай болып көрінген докторлық дәрежеге Алпекең осылай жол салып берді.
2003 жылы Оралдан Ақтөбеге қоныс аударған Алпысбай Мұсаұлы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің 2003-2005 жылдары ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, 2005-2018 жылға дейін университеттегі Гуманитарлық зерттеулер институтының директоры.
Ұстаз-ғалым А.Мұсаев көптеген монографиялар мен оқу құралдарының авторы. Бүгінгі таңда ғалымның еңбектері жоғары оқу орындарының филология мамандықтарында оқып жатқан студентер мен магистранттардың білім беру бағдарламасына енген негізгі әдебиеттердің бірі. Ғалымның шығармашылығын таратып айту бір мақала көлемінде мүмкін болмағандықтан еңбектерінің негізгілерін ғана атап өтсек, олар: «Қазіргі қазақ сатирасы» (1993), «Поэтика казахской сатиры» (1997), «Жанды жүйе» (2002), «Әйтеке би аймағының этномәдени мұрасы» (2006 ж.), «Рух бостандығының жыршысы» (2007), «Көркемдік кестесі» (2007), «Көркем шығармадағы сатира» (2007), «Қазақ әдебиетінің оқу әдістемелік кешені»(2007), «Қазақ прозасындағы жеке адам концепциясы» (2009), «Тарази тағылымы» (2009), «Қанатты қаламгер» (2010), «Әдебиет иірімдері» (2011), «Мәңгі өлмес күлкі» (2012). Жалпы көлемі 250 баспа табақтан аса ғылыми зерттеу еңбектері бар.
Ғылыми ортада танымал Алпысбай Мұсаұлы 1996 жылы Қазақстан Республикасының Жаратылыстану Ғылымдары Академиясының мүше-корреспонденті, 2015 жылы Францияның Конкорд Академиясының мүше-корреспонденті (Франция, Париж). 2017 жылы мамыр айында Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі болып сайланды. Сондай-ақ ұзақ жылғы жемісті педагогикалық еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы Білім беру саласының үздігі» белгісімен марапатталды.
Әңгіме Алпысбай Мұсаұлының шығармашылығы жөнінде болғандықтан ғалымның халық ауыз әдебиетіндегі күлкі феномендерінің ерекшелігін ашудағы тұжырымына тоқталайық: «...Бірде Қожанасырға көршісі келіп кір жаятын жіп сұрапты. Сонда Қожанасыр тұрып: «Ренжіме, мен оған ұн жайып қойып едім», – дейді.
– Қалайша, жіпке ұнды іліп қойдың? – деп сұрады танданған көршісі.
– Ол қиын іс емес, егер сен оны бергін келмесе» – деп жауап береді Қожанасыр».
Мұны Алпысбай Мұсаев былайша түсіндіреді: «Көптеген суфизм өкілдері Қожанасырдың мына оқиғасын мүмкін емес түсініктерді қалыптастыру үшін қолданады» дейді. Ғалымның «мүмкін емес түсініктерді қалыптастыру» деген қисыны ерекше бөлек пайым. Осындайда ойға М.Әуезовтің: «Қожанасыр күлкісі өзінше бөлек күлкі...» деген пікірі түседі.
Алпысбай Мұсаұлы туралы сөз қозғағанда ұстаздық қырына тоқталмай өту мүмкін емес. Бұдан тура 31 жыл бұрын Мұсаевтың сабағы болады дегенде А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының бас ғимаратындағы 416 аудиторияға үш топтың 75 студенті түгел жиналатын. Бұл жиналу қырықтағы лектордың алды қаттылығынан қаймығудан емес, театрдың жаңа премьерасынан қалыс қалмауды ойлаған көрермендік қызығушылық ықыластан. Сатира мен юмор саласын теориялық жағынан саралап талдай келе ұстазымыз кілт тоқтап, ешкімге назарын салып қарамай, ұнжырғасы түскен кейіпте аудиторияда қолын артына айқастырған қалыпта әрлі-берлі бір-екі минут жүріп, кенет жан-жағына кезек қарап, алға бір-екі қадам басып сол ізімен еңсесін бұрмастан артымен кейін шегіне жүріп, кібіртіктеп тұрып алады. Сол кезде аудиторияның әр жерінен осы сәтті асыға күткен студенттер «қазір, қазір бастайды» – деп дегібірсіздене сыбырлаған сөздері естіліп жататын. Содан соң... ағай образға кіріп шығарманың иіріміне үйіріп алып кететін. Ол тұста ұстазымыздың сөзі өз алдына қас-қабағына дейін сөйлеп, ирония, сарказмдардың көңіл-күй пернесін тап басып тұратын. Бұл Мұсаевтың өзіне ғана тән шеберлік, әдіс-тәсіл, қазіргі тілмен айтқанда мастер клас сабақтар болатын. Алпекең студенттеріне «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім» екендігін осылай түсіндіретін.
Алыптар тобы ағалар салған сатира мектебін бүгінгі күнмен жалғап, «Күлкі – өлмес елдің өшпес күші» екендігін қара ормандай қазақ көркем әдебиеті арқылы дәлелдеп келе жатқан белгілі ғалым Алпысбай Мұсаұлы Мұсаевқа 75 жылдық мерейтой үстінде шығармашылық табыс тілейміз. Өмірдегі және ғылымдағы серігіңіз Айсұлу Ақмадиқызы екеуіңіздің дендеріңіз сау, көңілдеріңіз қош ұл-қыз және немере-жиендеріңіз аман болсын деген тілек айтамыз.
Азамат МАМЫРОВ,
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің
профессоры, филология ғылымдарының кандидаты
19 желтоқсан 2023 ж. 232 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031