Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жазылған ән – жан рахаты үшін

Жазылған ән – жан рахаты үшін

Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан атырабымыз жайлы кезінде этнограф ғалым Григорий Потанин «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деген еді. Тал бесіктен жер бесікке дейін бар ғұмырын әнге сыйғызған қазақтың әу демейтіні жоқ екені жасырын емес. Ұлтымыздың жаны да, жүрегі де – ән.
Ән өнерінің салалық дамуы жылдан жылға биіктеп, көркем өнердің шыңы саналар классикалық бағыт та өзінше бөлек қарқын алып келеді. Ерекше бағытта ел мәдениетін дамытып жүрген жастар да жоқ емес. Сондай талантты жерлесіміздің бірі, 2017 жылы Түркия мемлекетінде өткен халықаралық өнер фестивальінің жүлдегері, халықаралық вокалистер байқауының екінші орын иегері, «Жыр жазамын жүрегімнен» Ғ.Жұбановаға арналған классикалық әншілер байқауының жүлдегері, «EXPO» жастары атты халықаралық әншілер фестивалінің лауреаты, халықаралық М.Магомаев әндерін орындау және жаңғырту мақсатындағы «Синяя вечность» әншілер байқауының жеңімпазы, талантты жас Сәкен Кермешпен әңгімелесудің реті түсті.

– Сәкен Қуантқанұлы, балалық шағыңызға бойласақ... Өнерге алғашқы қадам қашан басталды?
– Әйтеке би кентінде туып өстім. Баланың бойынан тамшыдай талантты байқайтын әуелі ата-ана. Өз жұртымда, нағашыларымда әншілікке жақын болғандар баршылық. Сондықтан қандай өнер болса да, қанмен келген қасиет дегенім артық емес.
2002 жылы №216 мектеп-гимназияның табалдырығын аттадым. Сол сәттен бастап менің өнерімді, бойымдағы дарынымды қолдап, алға сүйреген алғашқы ұстазым – Гүлнәр Аяпова. Ол жалғыз менің ғана емес, ауданда өнерге аяқ басқан өрендердің ортақ ұстазы.
2011 жылы Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіне тапсырып, оқуға түстім. Колледж қабырғасында жүргенде Қуаныш Құттымұратов есімді кәсіби маман, классикалық әншінің тобына қабылдандым. Осы орайда өнерге баулыған ұстаздарыма алғысым шексіз.
Колледжде білім ала жүріп Қызылорда облыстық Тұрмағанбет атындағы ұлт аспаптар оркестрінде қызмет жасадым. Сонымен бірге филармонияда жеке солист те болдым. Сол кезеңде аспаптармен кәсіби түрде танысып, композиторлық қырымды аштым. Әлі күнге дейін ән, өлең жазу өнерін дамытып келемін. Балалық арманым маған шетелдерді көріп, түрлі әлемдік фестивальге қатысу мүмкіндігін сыйлады. Қай бағытта жүрсек те, ән өнерінің жанашыры болдым. Қазіргі таңда аудандық өнер мектебінің вокал сыныбының оқытушысымын. Алдағы мақсат – шәкірт даярлап, туған елдің мәдениет саласына қызмет ету.
– «Мәңгі аяқталмайтын істерде адамның ұлылығы жатады» депті Гёте. Академиялық классика да өнер ретінде мәңгілік десек болады. Неге классикалық бағытты таңдадыңыз?
– Әнші болам деген балалық арман алға жетелеп, 2015 жылы Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның вокал кафедрасына қабылдандым. Үлкен шаһарда жүріп өнерге, алға қойған мақсаттарға деген көзқарас түбегейлі өзгерді. Яғни, өзімнен классикалық әнші болуды талап еттім. Опералық жанрда білім алып, өзімді дамытуға ұстазымыз Ұлан Кенжебеков тікелей әсер етіп, түрлі конкурсқа да дайындады. Классикалық бағытты таңдағаныма өкінбеймін.
– Өңірде музыканың ерекше жанрына қаншалықты сұраныс бар?
– Ауданда классикалық бағытты ұстанған 3-4 әнші бар. Жалпы мәдени шара немесе жиын-тойда классикалық әнге деген ерекше көзқарас сезіледі. Тыңдармандар өздерінің жоғары бағасын беріп жатады. «Ән айтсаң, жаныңды жеп айт» демекші, жанды қозғай шырқалған ән тыңдаушыны бейжай қалдырмасы анық.
– Шәкірт тәрбиелеудесіз. Болашақ таланттарды дайындауда аудан тарапынан қолдау бар ма?
– Қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы Қазалы аудандық өнер мектебінде оқытушымын. Эстрадалық, классикалық бағытта да әнге баулып жүрген шәкірттерім бар. Аудан төңірегінде жас таланттарға қолдау жеткілікті. Осы бағытта жергілікті өнерпаздар Мәдина Ералиева, Роза Бағланова атындағы ән сайысы жиі ұйымдастырылады. Мұндай шараларға балаларды қалдырмай қатыстырамыз.
– Өнер деңгейі көрермен санымен өлшенбейді. Дегенмен классикалық ән жанкүйерлерінің қарасы аз. Сіздің ойыңызша, себеп неде?
– Біздің елде классикаға деген сұраныс Италия, Германия, Франция сынды мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда аз. Себебі XVI ғасырдың 30-жылдарында Италияда опера пайда болды. Сол кезден бастап опера жанры ұлғайып, күрделеніп, бүгінгі күні ұрпаққа мұра, аманат болып отыр. Бізде неге сұраныс аз десеңіз, әр ұлттың өзіне тән ата-бабадан қалған рухани мұрасы бар, классикадан гөрі қазаққа қара өлең, дәстүрлі ән құнды.
Дегенмен опера бізге жат өнер емес. Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Л.Хамидидің «Абай», М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы театрларда әлі күнге дейін қойылып, халықтың ықыласына бөленуде. Қазақ елінде бұл бағыт енді қанат жайып, дамудың жаңа арнасына түскендей. Сондықтан болашақта классикаға деген сұраныстың көбейері анық.
– Әнге комерсанттық көзқараспен қарайтын бір топ бар. «Тапсырыспен» ән, өлең жазатындарға қалай қарайсыз?
– Өнердің қай-қайсысы да қасиет, киеге ие. Колледж қабырғасында, ата-анадан жырақ жүргенде жазған алғашқы «Сағынышым» деген ән туған жерге деген сағыныштан туған еді. Қазіргі таңда 15 авторлық әнім бар.
Ал комерсанттық көзқарасқа қатысты «өнер сатылмайды, тек бағаланады» деген ұстанымдамын. Жазылған әр ән – жан рахаты үшін, іште сайрап жатқан, маза бермейтін ноталардан туар дүние. Сондықтан ақша табу мақсатында шығатын ән жүрекпен жазылмайтын сияқты.
– Қазалы топырағы таланттарға кенде емес. Дегенмен тасада қалып кететіндер баршылық...
– Әрине, қазір ауылдық жерлерде күміс көмей, музыкалық аспаптың құлағында ойнайтын бауырлар, іні-қарындастар жеткілікті. Таланттың тасада қалуына негізгі себеп – білімнің жоқтығы. Кәсіби музыкалық білімді жалғастырмайтын дарынды жандар көп. Білім алмаған адамда өзіне сенімсіздік болады. Бірақ шын ниеттенген адамның арманы алдамайды, мақсатына жетеді.
Кеше ғана әріптесім Гүлдана Мұратбайдың республикалық «Қазақстан дауысы» жобасына қатысып, іріктеуден өту арқылы көрерменнің көзайымына айналғаны – соның айғағы. Ол өзінің өнеріне деген адалдықтың туын желбірете білді. Берілетін мүмкіндік баршаға ортақ. Тек әрекеттену, тоқтамау керек деген пікірдемін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Дина БӨКЕБАЙ
26 қазан 2021 ж. 1 000 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 51

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930