Таланттыға тұсау жоқ
«Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» деп кезінде Г.Потанин айтқандай, ұшы-қиыры жоқ байтақ мекенде әу демейтін қазақ жоқ. Дегенмен, шашасына шаң жұқпас шын мықты ғана өнер бәйгесінде өзгелерден озбақ. Талайдың арасынан талантты жазбай танитын «Славян базары» 1992 жылдан бастап әр жаз сайын Белоруссияның Витебск қаласында әлем елдерінен қатысушыларды жинайтын өнер көрмесіне айналды. КСРО дәуірінде мәдениеттің онкүндігі сайын ресейліктерді таңдай қақтырмай қоймайтын қазақтардың соңғы жылдары аталмыш фестивальдан жүлдесіз қайтпауы дәстүрге айналғандай.
Онжылдықтағы белес
Сонау 1992 жылы бастау алған байқауға қатысқан қазақстандық өнерпаздардың қатарында Алтынай Жорабаева, Маржан Арапбаева, Әлішер Кәрімов, Динара Сұлтан, Мархаба Сәби, Димаш Құдайберген, Ернар Садырбаев, Әділхан Макин, Бексұлтан Кенішқалиев сынды жас дарындар бар.
Өнер жолын “Әнші балапаннан” бастаған Маржан Арапбаева 2002 жылы “Жас қанат”, “Азия дауысы” жобаларында бағын сынады. Ал 2004 жылы “Славян базары” байқауына қатысып, екінші орын алды. Әнші Динара Сұлтанның есімі халықаралық байқаудан кейін таныла бастады. 2010 жылы ол байқаудан жүлделі үшінші орынмен оралды. Сонымен бірге Динара Сұлтан жеке альбомын жаздыруға арнайы сертификат жеңіп алған еді.
2011 жылы да Қазақстанға үшінші орын бұйырды. Бұл жолы жеңістің туын Әлішер Кәрімов желбіретті. 2014 жылы «Славян базарында» Қазақстанға жүлделі үшінші орынды Мархаба Сәби алып берді. Ол жүлделі орынды Израиль әншісі Диана Голбимен бөлісіп, 2500 доллар сыйақыға ие болды. 2015 жылы көптен күткен бас жүлдені Димаш Құдайберген әкелген болатын. “Қазақстанның Витасы” атанған әншінің атағы осы байқаудан кейін бүкіл әлемге жайылып, Игорь Крутой сынды танымал композитормен бірнеше ән жазды. Ал 2016 жылы “Славян базарына” Adam деген лақап атпен танылған отандасымыз қатысты. Ол халықаралық байқауда екінші орынды жеңіп алып, елге 15 мың доллар сыйақымен оралды. Әміре есімімен танылған Ернар Садырбаев 2018 жылы халықаралық фестивальден бірінші орынға лайық деп танылып, әнқұмар халқын бір қуанышқа бөлеген еді.
Қазақстан өнерінің абыройы тағы бір мәрте асқақтап, «Славян базары-2019» xалықаралық фестивалінде мемлекеттің намысын қорғаған Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы студенті Әділхан Макин бас жүлдеге ие болды. Ал 2020 жылы Бексұлтан Кенішқалиев 16-19 шілде аралығында «Славян базарынан» жүлделі үшінші орынды қанжығаға байлады.
Рухияның жеңісі
Сан ғасыр аспанында ән әуелеткен қазақ топырағының қасиеті ме, бабадан қалған бағасы биік өнердің тамыр жалғауы ма, «Славян базары» мен «Украина дауысы» қазақтың өз байқауына айналғандай. 2021 жылы ұйымдастырылған фестивальде Димаш Құдайбергенов қазылар алқасының мүшесі ретінде шақырылды.
«Славян базары» – елдер мен менталитеттер арасындағы барлық шекара жойылатын және барлық адам музыка тілінде сөйлесетін алаң. Қазылық ететіндіктен осы жылы байқауға қатысқаннан да әлдеқайда үлкен жауапкершілік жүктелген”, – деді Димаш Құдайберген. Дәстүр бойынша осы жылы да өнер байқауының бас жүлдесін қазақ әншісі Рухия Байдүкенова жеңіп алды. Өнерде ұлт пен тіл жоқ. Оның 5 октавалы дауысы мен орындау шеберлігі көрермен көңілінен шығып үлгерді. Доданың алғашқы кезеңінде-ақ Рухия жоғары ұпайға ие болып, өзге әншілерден оза шапқан еді. Байқауға қатысқан 16 елдің талантты жастарынан бәсі биік аруға қазылар алқасының төрағасы Анатолий Ярмоленко «Алтын лира» мүсіншесімен бірге 20 мың АҚШ долларын табыстады.
Айта кету керек, 22 жастағы Рухия Талдықорғанның тумасы. Ол ән айтумен бала кезінен айналысқан. Қазір бойжеткен Қазақ Ұлттық өнер университетінде «Эстрадалық вокал» мамандығы бойынша үшінші курста оқиды. 2014 жылы “Жас қанат” республикалық жас орындаушылар байқауының финалисі атанып, 2015 жылы “Еуразия жұлдыздары” және “Астана дауысы” халықаралық байқауларында бірінші орын иемденген. «Мен әнге бала кезімнен құштармын, отбасымда Байдүкен атам өнерге жақын болды. 4 сыныптан бастап Талдықорған қаласындағы Өнер мектебінде вокал сыныбында білім алдым.
Қазір вокалдан сабақ беріп жүрмін. Менің оқушыларым – бір-біріне ұқсамайтын жеке тұлғалар. Оның арасында 5 жасар бала да, 30-дан асқан ересектер де бар. 22 жасымда ұстаздықты бірге алып жүру үлкен жауапкершілік деп ойлаймын. Оның барлығы адамның өсуіне ықпал жасайды», – дейді жас әнші. Талантты қыздың алдағы мақсаты – өз әндерін орындап, клип түсіру, сонымен бірге қазақстандық және шетелдік телевизиялық жобаларға қатысу.
– Құр айғай бақырған
Құлаққа ән бе екен?
Өнерсіз шатылған,
Кісіге сән бе екен? – деп Абай айтқандай, өнерсіз шатылмай, ән арқылы қазақтың жанын танытып жүрген шын дарындарға артылар сенімнің салмағы ауыр-ақ. Шырқалса, қазақтың әні айтылып, таланты таңдай қақтырса, қазақтың ұл-қызы танылғай.
Дина БӨКЕБАЙ