Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өнер қонған отбасы

Өнер қонған отбасы

Жарты ғасырға жуық аудан өнері мен мәдениетіне қызмет еткен жандардың бірі – музыка әрлеуші, сазгер Әбілхайыр Ибрайымов. Ол ауданда алғаш рет эстрада ансамблін ұйымдастырушы. Бүгінде зейнеткерлік демалысқа шықса да өнерден қол үзбей, ізінен ерген жас буынға білгенін үйретуден жалыққан емес. Өнерге өмірін арнаған Әбілхайыр Дайрабайұлы бастаған Ибрайымовтар отбасылық ансамблі туралы да Қазалы халқы жақсы біледі.

Әбілхайыр Ибрайымов сонау 1970-1980 жылдары ауданда алғаш құрылған эстрадалық ансамбльдердің негізін қалады. Сол кездегі «Қазалы» және «Эрик» ансамбльдерін көпшілік сүйсіне тыңдады. Ансамбльде орындалатын әрбір музыкалық туынды эстрадалық музыка мәдениетіне сай өңделіп, көркемделіп көрермен назарына ұсынылды. Қызығы мен қиындығы мол өнер саласында толассыз еңбек ете жүріп, сазгерлікпен де айналысты. Оның шығармалары мен әндері республикалық, облыстық деңгейде орындалып келеді. Бұдан бірнеше жыл бұрын Әбілхайыр Ибрайымовтың ұйытқы болуымен ұйымдастырылған «Ретро-ән» фестивалі, «Қазалы дауысы» вокалды топтар конкурсы бүгінде жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді. 1956 жылы Қазалы қаласында дүниеге келген Әбілхайыр Дайрабайұлы алғаш еңбек жолын аудандық мәдениет бөлімі жанындағы автоклубтың киномеханигі болып бастады. Қызылорда музыкалық училищесінде оқып жүріп, «Құрылыс тресі» клубында көркемдік жетекші, облыстық филармонияда «Сыр самалы» ВИА құрамында музыка сүймелдеушісі болды. Ол әр жылдары Қазалы қалалық музыка мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары, аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, Сырдария аудандық мәдениет үйінің музыка жетекшісі, Қазалы қалалық мәдениет үйінде аға әдіскер, кейін директоры қызметін атқарды. Қазалы аудандық «Мырза» атындағы халық оркестрі, «Қорқыт сазы» фольклорлық этнографиялық ансамблінің тұрақты мүшесі. Өнердің өрістеуіне өлшеусіз үлес қосқан Әбілхайыр Дайрабайұлы республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі марапаттауларды иеленіп, алғыс арқалады. «ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалінің иегері. Қазіргі кезде Қазалы қалалық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі. Жары Гүлнәр Төлегеновамен бірге ұл-қызынан өрбіген немерелердің қызығына сүйсінген ата мен әже атанып отыр.

Ел құлағында есімі, жүрегінде әндері жатталып қалған Ибрайымовтар отбасылық ансамблі туралы айтпай кету мүмкін емес. Әке-шешесінің тұңғышы Әбілхайыр Дайрабайұлынан өнер жолына қалай келгені туралы сұрағанымызда: «Бала күнімде нағашы ағам Қуандық Тасмамбетов гитара тартуды үйретіп, өнерге келуіме көп септігін тигізді. Музыкалық аспаптарда шебер ойнайтын нағашыма тәнті болдым. Бойымдағы талантты танып, өнерді жаныма серік етуім де сол кісінің арқасы, – дейді.

Біз бүгін әңгімеге арқау етіп отырған жанның анасы Пікірия он баланы дүниеге әкелген Батыр ана. Әбілхайырдың ізіне ерген бауырлары да музыка әлемінің сиқырлы сырына еніп, өнер жолында өз қолтаңбаларын қалдыруда. Нағашысы Қуандықтың ұлы Ербол Нұр-Сұлтан қаласында «Формат» тобының бас гитарисі.

Киелі өнердің көшін жалғаған інілері Әділхан Ибрайымов Қазалы аудандық Қорқыт ата атындағы балалар музыка мектебінде мұғалім, Талғат Ибрайымов Байқоңырда әскери оркестрдің мүшесі, сондағы музыка мектебінің мұғалімі. Ерік Әбілхайырұлы Байқоңыр қалалық мәдениет үйінде еңбек етеді, ол да әскери оркестрге мүше. Айдана Ерікқызы Қазақстаннан бөлек шет елдердің сахнасында өнер көрсетіп, жүлделі жеңістерімен қуантуда. Ол Санкт-Петербург қаласында өткен V халықаралық фестиваль конкурсында «Новые перспективы» байқауының Гран-при жеңімпазы. «Рауан» республикалық фестивалінің бас жүлдегері. Қазір Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық училищенің студенті. Әбілхайыр Дайрабайұлының жиендері де өнерден құр алақан емес. Нұрсұлтан Қорқыт ата атындағы балалар музыка мектебінде саксафонның қыр-сырын үйретсе, Бағлан Байқоңырдағы әскери ансамбльде өнер көрсетеді. Ол гавой аспабының шебері.

– Ибрайымовтар отбасылық ансамблінің кез келген мүшесі кәсіби музыкант. Олар түрлі музыкалық аспаптарда ойнайды. Жұмыс барысымен әрқайсысы әр жерде жүргенімен басымыз құрала қалса, отырған жерді думанға айналдырамыз. Қанмен келген қасиетті өнердің құнын бағалай білетін бауырларымның әрбірі қазақ өнерінің өрістеуіне үлес қосуда. Бұл мен және отбасымыз үшін үлкен қуаныш, – дейді Әбілхайыр Дайрабайұлы.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
23 қараша 2019 ж. 944 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 77

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930