Ұстаз-ана абыройы
Дана халқымызда «шәкірт тәрбиелеген сауап арқалайды» деген ұлағатты сөз бар. Астарында нарға салмақ түсіретіндей мағына жатыр. Олай болмағанда ше?! Дүйім жұртқа пәрменін жүргізген әмірші, шаршы топты тамсандырған өнерпаз, жұмыр әлемге елін танытқан спорт саңлағы, жаңалығымен ерекшеленген ғалым, адал еңбегімен отбасының нәпақасын айырған қарапайым тұрғын, мейлі кім болса да, ұстаздың бойына сіңірген тағылымды тәрбиесі, сапалы білімімен адами тұрғыда қалыптасатыны, әмбеге аян.
«Алты Алаштың баласы бас қосқан жерде, төрдегі орын мұғалімдікі» деген ғибаратты нақылдың өзге емес, ұстаздар қауымына бағышталуы да тегін емес. Ал шәкірттерін адалдық пен әдептілікке, имандылық пен ізгілікке, өзге де игі қасиеттерге үндеген ұстаздар қауымына бағыт-бағдар беріп, Қ.Күлетов атындағы № 92 мектепті табан аудармай ширек ғасырға жуық басқарып, ұжымының аудан, облысқа танымалдығын арттырып, іргелі білім ошағына айналуына өлшеусіз тер төккен ұстаздардың ұстазын қалай бағалар едіңіз? Мұндай адамды «білім саласының адастырмас шамшырағы» дегеніміз орынды шығар.
Бүгінгі әңгімемізге арқау қылған «Облысқа айрықша еңбек сіңірген зейнеткер», көптеген мерекелік медальдардың, республикалық, облыстық, аудандық салалық марапат-мадақтаулардың иегері, бірнеше мәрте ауылдық, поселкелік, аудандық кеңестің депутаты, өзге де алқалы жиындардың делегаты атанған байырғы ұстаз, өсіп-өнген әулеттің отанасы, немерелерінің сүйікті әжесі Ахиқат Ниязқызы дәл осындай жан.
«Адамның тағдырына есімінің де әсері мол» дегенді естіген шығарсыз. Біздің кейіпкеріміздің өмір жолына да азан шақырылып қойылған Ахиқат деген аты аз үлес қоспаған сыңайлы. Есімінің өзінен адалдық аңғарылып тұрған ардагер ұстаздың балауса кезеңінен бастау алып, ел анасы шағына дейін ұласқан еңбек өтілінде арына дақ түсірмеуі соның айғағы.
– Ахиқат Ниязқызы біздің класқа орыс тілі пәнінен сабақ берді. Әрі мектеп директоры болатын. Ұстазымыз тәртіптің, әділдіктің үлгісіндей еді. Дауыс көтергенін естімесек те қатты сескенетінбіз. Апайдың езуіне күлкі ұялап тұрғанның өзінде жүзіне тура қарауға батылымыз жетпейтін. Жаңа сабақты түсіндіргенде тура миыңа құйып жібереді. Апай класқа тіпті мектепке кіргеннен тым-тырыс, шыбынның ызыңы естілердей тыныштық орнайды. Жайшылықта алысып-жұлысып жүретін балалар моп-момақан кейіпке түседі. Ахиқат апай ешкімді жазықсыз жазғырмайтын. Өз басым «тура биде туған жоқ..» деген нақылды осы кісіге арналғандай сезінемін. Кінәлісің бе, туған ұлы болсаң да жауап бересің. Апайдың алдында мойның салбырап, сәл уақыт тұрсаң, көп уақытқа дейін тыныш жүруге тырысасың – дейді Ахиқат Ниязқызының көптеген шәкіртінің бірі, бокстан ҚР Спорт шеберлігіне кандидат Бақытбек Қазыбаев.
Ұстаз үшін шәкірт бағасынан артық құрмет болар ма?! Осынау жүрекжарды лебізге қосыла біз де бір кездегі ұлағатты ұстаз, ардақты ардагер Ахиқат Ниязқызы туралы қолдағы деректі оқырмандар назарына ұсынсақ.
Ахиқат Нияз күллі әлемге қанды салмағын салған Ұлы Отан соғысы тұтанған жылы дүниеге келді. Бұл тұстағы елдегі ауыртпалық баршаға аян. Қаршадайынан білімге құштар Ахиқат қалайда жоғары білім алуды алдына мақсат қылып қойды, әрі солай болды. Қызылордадағы Н.В. Гоголь атындағы педагогикалық институтын үздік бітірген Ахиқат Ниязқызы ұстаздық жолын Ү.Түктібаев атындағы №24 орта мектебінде орыс тілі және әдебиеті пәні бойынша сабақ беруден бастады. Осында өткен жылдарда білікті де жігерлі жас маман оқушыларға сапалы білім беруде, қоғамдық жұмыстарға қатысуда ерекше көзге түсті. Жалын жігерлі жастың келешегінен үміттенген басшылық әйелдер кеңесінің төрайымы, кеңшардың үгітші-насихатшы қызметін тапсырды. Сенім ақталды. Ұйымдастырушылық шеберлігі жоғары бағаланып, аудандық комсомол комитетінің мақтау грамоталарымен марапатталды. Жергілікті басылымда Ахиқат Нияз туралы көлемді мақалалалар жарық көрді. Поселкелік, аудандық кеңестің депутаттығына сайланып, комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқарды. Мұнан соң Ахиқат Ниязқызы аудандық партия комитеті жанындағы кешкі партия мектебін, Фрунзе қаласындағы Бүкілодақтық комсомолдың зоналық мектебін тәмамдап, аудан жастарын жақсы істерге тәрбиелеуде елеулі жұмыстарға бастамашы болды. Комсомолдың республикалық ІІ съезіне аудан жастарын бастап баруы да сол кезеңдегі айтулы оқиға болатын.
– Мектепке басшылыққа келген сәттен педагогикалық ұжымды игі істерге бастауды, әрбір мұғалімнің жағдайын жете біліп, олардың жемісті еңбек етулеріне тиісті қамқорлық жасадым. Ата-аналармен тығыз байланыс орнатып, жас мұғалімдерге үнемі ақыл-кеңес беріп, қамқорлыққа алдым, – деп өткен күндерді тебірене еске алады бұл күнде Алматы қаласында тұратын Ахиқат апай.
Жоғарыда атап өткеніміздей №92 мектеп ұжымы Ахиқат апай басқарған жылдары пәндік кабинеттерді жабдықтауда аудан бойынша жоғары нәтижеге жетіп, аудандық, облыстық семинар ұйымдастырып, тұрақты түрде жүлделі орындардан табылып жүрді. Мың алғыс, сізге, асыл ұстаз!
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ