Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңашылдықпен жетістікке жеткен

Жаңашылдықпен жетістікке жеткен

«Білім – инемен құдық қазған­дай» деген бар. Ал, біздің еліміздегі жыл сайынғы білім саласындағы тың бастамалар һәм реформалар осыны дәлелдей түсетіндей. Оны жас ұрпақтың бойына сіңіру мұғалімдерге тікелей байланысты. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, ұлдары ерек, қыздары зерек біздің Қазалы ауданында замана көшінің заңғарынан қарай алатын мықты мұғалімдер жетерлік.
Сондай аса мол тәжірибесімен қоса, өте жаңашыл ұстаздардың бірі – аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Бағдат Орымбас деуге толық негіз бар.
1961 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген ол Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін тарих мамандығы бойынша тәмамдаған. 35 жылдан астам уақыт бойы оқу-ағарту саласында жұмыс жасап келе жатырған Бағдат апайдың еңбек жолы да сан тарам. Ең алғашқы қызметін қатардағы мұғалімдіктен бас­тап, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры секілді жауапты қызмет сатыларынан өткен. Сонымен қатар, 1995-1997 жылдары Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратба­ев атын­дағы мемо­риалдық музейін де басқарған. Қай жерде де қызмет атқармасын өзінің жаңа­шылдығымен көзге түс­кен ұстаз 1997 жылдан бастап аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушілігін абыройлы атқарып келеді.
– «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді жоғалт­қанда оның мұғалім­дігі жойылады» деген екен, орыс халқы­ның атақ­ты педагогы Ушинский. Жаһан­дану заманында әлем елдері бір-бірімен білім арқылы бәсе­кеге түсіп жатқаны белгілі. Сондай-ақ, жыл сайынғы білім саласындағы жаңалықтар еліміздегі осынау мамандық иелеріне артылған жүкке салмақ қосып келеді. Оларға қойылар талап жоғары. Ұстаздар қауымы үнемі өздерін жан-жақты дамытып, замана көшіне ілесе білуі қажет. Осы ретте, біздің әдістемелік кабинеттің ұстаздардың шығармашылық әлеуетін көтеруде маңызы зор. Олар басшылық тараптан келген нұсқаулықтың ұстаздар арасында орындалуын қадағалайтын, оларға бағыт-бағдар беретін бірден-бір сала. Ұлттың ұйытқысы болатын ұстаздарымыз мықты болған кезде ғана біздің еліміз көркейіп, дамиды, – дейді Бағдат апай.
Бағдат апайдың басқаруымен білім бөлімінің әдістемелік кабинеті облыстық «Үздік әдістемелік қызмет – 2008» байқауында бас жүлде алса, республикалық «Үздік әдістемелік қызмет – 2009» байқауында I орын иеленген. Мұнымен қатар, апайдың білім саласына қатысты түрлі тақырыптардағы баяндамалары, ғылыми бағыттағы жұмыстары түрлі облыстық, республикалық басылымдарда, жинақтарда жарық көрген.
«Еңбек түбі – зейнет» екендігі көпке аян. Осы ретте, Бағдат Ақжігітқызының білім саласындағы төккен тері, істеген жұмысы нәтижесіз емес. Атап айтқанда, әр жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын иеленсе, ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай мерекелік медалін, Қызылорда облысындағы «Ең шығармашыл ұстаз», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерін кеудесіне таққан.
Үнемі ізденіс үстінде, өз-өзін жан-жақты жетілдіріп отыратын Бағдат Ақжігітқызы 2010-2017 жылдары аймағымыздағы «Өрлеу», республикамыздағы ҮӘЖ, «Бөбек» секілді білім саласын тереңдете үйрететін оқу орталықтарында біліктілігін арттырған. Айта кетерлігі, 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Кенги провенциясында тәжірибеден өткен. Ілім-ғылым саласы бойынша әлемдегі алдыңғы қатарда тұратын ел жайлы сұраған едік.
– Оңтүстік Кореяда 6 күндік тәжірбиеден өткенде олардың білім саласына ерекше ілтипатпен қарайтындығына көзім жетті. Адамдары өте мәдениетті. Ұстаздар қауымына ерекше құрмет көрсететіндігі көңілден шықты. Тіпті, ол жақта мұғалімдердің беделі ел билеген мырзалардан кем емес деуге болады. Оқытушылардың сабақ өткізу тәсілі ерекше. Біздің де ұстаздарымыз терең сауатты, тың бастамашыл болса, жаһан көшінің алдына шығамыз, – деген ойын айтты.
Әл-Фараби мен Қорқыттың кіндік қаны тамған, тамырында тектілік пен кие тулаған, жердің жас буыны осындай ұлағатты ұстаздар тұрғанда ел ертеңін өркендетеріне сеніміміз зор.

Есет ТАБЫНБАЕВ.
07 наурыз 2018 ж. 1 642 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031