Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аудандық айтыс аламаны

Аудандық айтыс аламаны

Майдакөл ауылдық клубында ұлттық өнерді ұлықтаған ұлағатты кеш өтті. Жастар жылының аясында, Тұңғыш Президент күніне орай ақын, журналист, сазгер Едіге Кішкенеевті еске алуға арналған “Туған жермен тілдесу” атты жас ақындар айтысы болды. Ауданда аты шығып, төл өнерде талантын үстеп жүрген жас­тар келген көрерменнің үдесінен шығып, үлгілі айтыс жасады.

Алдымен ауыл қонақтары кешті ұйымдастыруға ұйытқы болған, Едіге Кішкенеевтің шәкірті Ермекбай Ағырай шаңырағында ақын әруағына құран бағыштады. Мұнан соң көрермен залы лық толы ауылдық клуб төріндегі оқушылар айтысының шымылдығы ашылды.
Шарада бірінші болып сөз алған аудандық мәслихат депутаты Дөңес Мешітбаев:
– Құрметті ауыл тұрғындары мен қонақтар, баршаңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын! Елге еңбегі сіңген Едігедей еңселі ердің өнегелі өмірінен сыр шертетін айтулы кеш жасап жатқандарыңызға рахмет. Ауданда сәл кенжелеп тұрған айтыс өнерінің шоғын маздатып, шәкірт тәрбиелеп жүрген Ермекбайдың да еңбегі орасан. Жақсы кештің куәсі болайық, – деген пікірін ортаға салды.

Бес жұп өзара сөз жарыстырған айтыста үш жас өреннің тұсауы кесілді. Екі қайырым айтыс жасаған олар кей тұста шаппа-шап ұстасып, ұйқасы жинақы өлеңдерімен елді таңқалдырды. Он ақынның ішінен іріктелген төрт айтыскерге ақтық сынның сахнасында орын берілді. Әбілқасым Романов төрағалық еткен қазылар алқасы озат шығып, озық сөз жарысын жасаған айтыскерлерді анықтады. Нәтижесінде Ү.Түктібаев ауылынан келген Базарбай Нұрымов бас жүлдені қанжығасына байлады. Жақында ғана Арал қаласында өткен облыстық айтыстың бас бәйгесін алып келген жас айтыс­кер Бекзат Серіков бірінші орынды місе тұтты. Қазалы қаласының тумасы Аян Иманәлиев екінші орынды еншіледі. Үшінші орынды екіге бөлген майдакөлдік Жанұзақ Серіков пен Қазалы қаласының жас өрені Санжар Иманәлиев кештің ең жас ақындары еді.
Ғазиз Әліш, Әбдіуәли Рахметов сынды ел ағалары демеушілік жасаған шара жеңімпаздарына арнайы диплом мен естелік сыйлықтар табысталды.

Кеш соңында Едіге Кішкенеевтің отбасы мен қарындасы Пәкизат естеліктерімен бөлісіп, көрерменнің көңілін толқытты. Ауданда жұмыс істеп тұрған жалғыз айтыскерлер мектебінің ұйымдастырған айтысы жұртшылықтың көңілінен шығып, көңілді тарқасты.
Ермекбайдың еркелері атанған жас айтыскерлер арасынан алдағы уақытта сүбелі сөз саптап, орамды ой толғайтын, ауызымен құс тістеген азулы айтыскерлер шығады деген үкілі үміт бар.

Өз дәрежесінде өткен кештен көңілге қаяу салған бір-ақ дүние болды. Ол ауылдағы бетке тұтар мәдениет ошағы – ауылдық клубтың кейпі еді. Іргеде XXI ғасыр тұрған шақта өркениет көшіне ілесуді ойласақ, өнер үйінің жағдайын жақсартып, таза талантты тудыратын Майдакөл сынды ауданнан алыс емес ауылдың жағдайына көңіл бөлу ұмыт қалмаса дейміз. Келешекте осы жайтты ел ағалары ескеріп, еңсе көтеріп кіретін клуб құрылысы қолға алынса нұр үстіне нұр болар еді.

Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ

04 желтоқсан 2019 ж. 1 326 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 8

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930