Ақын қыз аламанда алға озды
Айтыс Тәуелсіздік алғаннан кейін құлашын кеңге жайып, ауқымын үлкейтті. Ұлттық өнерді ұлықтайтындардың қатары күн санап артып келеді. Тапқырлық пен орындаушылық шеберлік, суырыпсалмалық сынға түсетін додада бақ сынау ауыр әрі жауапкершілік жүктейді.
Үстіміздегі жылдың 14 ақпаны күні Қызылорда қаласында “Жастар жырлайды” атты республикалық ақындар айтысы өтті. Оған Жүрсін Ерман, Нұртөре Жүсіп, Жанарбек Әшімжан, Айжарық Сәдібекұлы, Кенжебай Жүсіпов секілді сөз қадірін білетін тіл жанашырлары қазылық етті.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған жастар айтысы Жастар жылына және Әйтеке би Бәйбекұлының 375 жылдығына арналды.
Жиналған көпшілікке рухани азық сыйлаған өнер бәйгесіне қызылжарлық Аспанбек Шұғатаев, алматылық Рүстем Қайыртайұлы, Тараз қаласының тумасы Аруна Керімбек, түркістандық Біржан Байтуов, Астана қаласының үкілі үмітін арқалаған Дәурен Ысқақ, жайықтық жұрттың намысын қорғаған Райымбек Өтепов және сырбойылық айтыс өнерінің өкілдері Нұрмат Мансұров, Сырым Әділбек, Нұрзат Қару, Бексұлтан Орынбасаров қатысып, жыр көмбесін қыздырды.
Қазылар алқасының шешімімен қазалылық қарлығаш Нұрзат Қару ынталандыру сыйлығына ие болды.
Республикалық маңыздағы өнер жарысы 15 ақпан күні Қызылорда қаласы әкімдігінінің жүлдесі тігілген “Жастықтың оты жалындап” атты республикалық жас ақындар айтысымен жалғасын тапты.
Он өнерлі жас өзара өнер жарыстырған айтыс қорытындысымен көрермен көңілінен табылған Нұрзат І дәрежелі дипломмен марапатталды.
А.МЕЙІРХАНОВА