Өңірде өрісті өркендеу бар
Осы жылдың 14 мамырында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа жұмыс сапарымен келді. Өнеркәсіп орындарын аралап, өңірдің инфрақұрылымдық даму жоспары, Қызылордадағы әлеуметтік және мәдени нысандардың жай-күйін білуге бағыталған сапарда Президент аймақ ахуалымен танысып, алдағы атқарылар ауқымды істерге ден қойды.
Ел дамуының алғышартын ден¬саулығы түзу қоғам түзеді. Бұл жайды бағамдаған Қасым-Жомарт Кемел¬ұлының алдымен ат басын облыстық көпбейінді балалар ауруханасына бұруы кездейсоқтық емес.
2017 жылы қолданысқа берілген аурухана бүгінде елдегі үздік бестік қатарынан көрінген. Медициналық нысанда клиникалық, хирургиялық бейімдегі бөлімшелер, күндізгі стационар жұмыс істейді. Мұндағы мейіргерлік күтім бөлімшелері, бір ауысымда 300 балаға кеңес бере алатын қауқарлы диагностикалық бөлімшесі заманауи талаптарға лайықталған.
Аурухана қызметін мемлекет басшысына таныстырған бас дәрігер Зоя Көшенова соңғы үлгідегі медициналық диагностикалық құрал-жабдықтар мен көрсетілетін көмек өңірде балалар өлімінің алдын алып, кеселін ерте анықтауға айтарлықтай көмегін тигізгендігін айтты. Кішкентайларға хирургиялық көмекті жетілдіруде ота жасау жұмыстары ауқымын кеңейтіп, мол мүмкіндікке қол жеткізілген. Облыс бойынша ашылғалы бері бұл орында 903 бала ем қабылдаса, олардың 650-іне ота жасалған. Туа бітті ақауы бар сәбилерді өмірге бейімдеуде де нәтижелі көрсеткішке қол жеткізілген.
Облыста соңғы жылдары денсаулық сақтау саласында соны серпін бар. Екі жылда өңірде 25 аурухана қолданысқа берілсе, емдеу мекемелерінің 63 проценті жаңарған. Бірнеше аурухана, емхана, амбулатория жаңа құрал-қондырғылармен жабдықталған.
Сыр күріші – ел ырысы. Еселі еңбек қана толымды табысқа бастайтынын ұғынған шаруашылықтар облыста көптеп кездеседі. Аймақ диқандары еліміздегі күріш өнімдерінің 95 процентін қамтып, алыс-жақын елдерге экспорттау арқылы ел мерейін асырып келеді.
Мемлекет басшысы табан тіреген келесі орын «Жан-Арай» ЖШС-ның кешені болды. Бақдәулет Мақашев басшылық ететін серіктестіктегі күріш өңдеу ісіне мамандандырылған германиялық зауыт толықтай автоматтандырылған.
Жаңашыл жүйе мұнда тәулігіне 150 тонна күріш өндіруге қауқарлы. Сондай-ақ 170 тонна ұн өңдеуге және 80 тонна құрама жем өндіруге мүмкіндігі бар.
Құны 60 млн теңге тұратын ет бағытындағы үйрек-қаз өсіру жобасы мен 10 гектар жерге егілген алма бағы да көптің қызғушылығын тудырған. 300 адамды еңбекпен қамтып отырған ұжым келешекте күріштен тез да¬йындалатын кеспе әзірлеуді жоспарлауда. Қазақстанда баламасы жоқ өнімді әзірлеуде кореялық зауытпен келісімшарт жасалған. Бастама жүзеге асса, тұрғындар жеңіл әрі қолжетімді бағадағы жергілікті өнімді тұтынуға мүмкіндік алады.
Қазақстан Президенті агроиндус¬триялық кешен жұмысымен таныс¬қанда ауыл шаруашылығы – әлеуеті зор стратегиялық маңызды сала екендігін атап өтіп, ондағы мәселелерге маңыз беріліп, оларды шешудің барлық мүмкіндіктері қарастырылатынын атап өтті.
Қызылорда өңірінде құрылыс та қарқын алған.
Арнайы сапарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1532 гектар аумақты алып жатқан сол жағалаудың даму барысымен танысты. Бұл жерде қазір көп қабатты тұрғын үйлер жарыса бой көтерген.
Жақында Қызылорда қаласын¬дағы 8 баспана үй кезегінде тұрған¬дарға беріліп, қуанышқа кенелтсе, 28 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталған. Биылғы жылы сол жағалаудың өзінде бірнеше көп қабатты тұрғын үй, «Болашақ» университеті кампусының құрылысы жүргізілуде. Соның ішінде 17 көп қабатты тұрғын үй – арендалық, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтерлермен қамтылған. Облыс басшылығы жаңа баспаналарды алдымен тұрмысы төмен отбасыларға табыстауды көздеп отыр.
Аумақ басшысы Қырымбек Көшербаев облыста жекеменшік әріптестік әлеуеті артқанын алға тартып, құрылыс қарқынына өз үлесін тигізгендігін жеткізді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 320 орындық бөбекжай қолданысқа берілген. Кәсіпкерлер қатысуымен қосымша 14 баспананың іргетасы қаланған. «Рухани жаңғыру» орталығы жаңа түрге енсе, жаңадан Жастар орталығы бой көтерген.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл маңда: «Қала құрылысына осы саладағы үздік тәжірибелерді жаңа технологиялық материалдарды пайлана отырып, «Smart City» жүйесінің компоненттерін белсенді түрде енгізу керек, – деді.
Толымды табыстарға тоқмейілсуге болмайды. Өңірде кезегін күткен өткір де өзекті мәселелер бар. Бұл туралы Мемлекет басшысы облыс жұртымен жолыққанда соларды санамалады. Республикалық деңгеймен салыстырғанда қызылордалықтардың айлық табысы әлі де төмен.
– Алдымен тұрғындардың табысын еселеу – Үкімет пен облыс әкімінің басты міндеті. Лайықты жалақы төлейтін жаңа жұмыс орындарын ашу ісіне мән беру керек, – деген Мемлекет басшы бұл бағыттағы ірі кәсіпорындардың қуатын тиімді пайдалану жолын ұсынды.
Президент сөз еткен жайттың бірі облыс тұрғындарын Қызылорда су торабы мен жылу – электр орталығының апаттық жағдайы болды. Бұл мақсатта істерді жедел шешуге тапсырма берді.
Аймақтағы экологиялық ах¬уал¬ға да Мемлекет басшысы алаң¬даушылығын білдірді. Ол өз сөзінде: «Қазіргі кезде Сырдария арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу жобасы іске асырылуда. Осы жобаның аясында салынған Көкарал бөгетінің арқасында Кіші Аралдағы су қалпына келді. Бұл балық шаруашылығын жандандыруға септігін тигізді. Мұнда балық өнімдерін дайындайтын 8 зауыт жұмыс істеп тұр. Балық экспорты 10 есеге өсті. Экологиялық мәселелер мұнымен шектелмейді. Көкарал бөгетінің төменгі жағын Сырдария ағыны бұзып жатыр. Дереу қолға алмасақ, Кіші Аралдан да айырылып қалуымыз мүмкін», – деді.
Мемлекет басшысы ұсынған бастаманың бірі ғарыш саласына бағытталды. Бұл ретте ғарыш технологияларын ел мүддесі бағытына қолдану қажеттігі баса айтылды.
Алқалы отырыс соңында өңірдің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген түрлі сала үздіктеріне Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы Алғыс хат табыс¬тады. Өңірде өрісті өркендеу бар. Жаңашылдыққа бой ұрып, келешекке жүйелі жоспар түзген жұртшылықтың алдағы көрсетікштері де кемел болмақ. Аймақ тынысымен танысқан Мемлекет басшысы бұған бек сенім білдірді.
Маңызды іссапар барысында жас¬тармен жүздесіп, ҚР Президенті «Қорқыт Ата» мемориалдық кешені мен Байқоңыр қалаларында да болды.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА