Дариға Назарбаева президент сайлауына қатыса ма – саясаттанушы пікірі
Оразғали Селтаевтың пайымдауынша, басқарушы партия атынан Қасым-Жомарт Тоқаев үміткер болады. Сенат спикері Дариға Назарбаева Қазақстанның екінші президенті болуға кандидатурасын ұсынбайды, деп пікір білдірді саясаттанушы Оразғали Селтаев.
Сарапшының пайымдауынша, Nur Otan партиясы атынан үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев болады, мемлекеттік аппарат оған қолдау көрсетеді.
Оразғали Селтаев Дариға Назарбаева президенттікке үміткер болуы мүмкін деген пікірдің еш негіз жоқ деп санайды, себебі жаңа билік құрылымына ауысу және бекіту процесінде оған басқадай рөл берілген.
"Назарбаева мемлекет басшысы болып сайланатын адамның мақсаты мен күтпеген әрекетін қадағалап, бақылауда ұстау үшін сенат төрағасы қызметіне келді", - деп жазды саясаттанушы Telegram-арнасында.
Оның ойынша, Дариға Назарбаева парламенттегі беделін арттыруға күш жұмсайды және парламенттік сайлаудан соң төменгі палатадағы депутаттық корпуста сенат төрағасының адамдары көбейеді.
"Орталық билік органдарынан гөрі парламенттің салмағы арта түседі. Ол үкімет және президент әкімшілігімен өзара іс-қимылда тең дәрежелі серіктес мәртебесіне жақындайды. Дариға Назарбаева жеке аппараттық және саяси ықпалын белсенді арттырады. Президент әкімшілігі іс жүзінде парламентке тікелей жетекшілік етпейді", - дейді саясаттанушы.
Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 19 наурызында мемлекет басшысы өкілеттігін тоқтатты. 20 наурызда республика президенті сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев болды. Тоғызыншы сәуірде Тоқаев кезектен тыс президент сайлауы биыл 9 маусымда өтетінін мәлімдеді.