Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көпшілік күткен нысан

Көпшілік күткен нысан

«Барайын десем жер шалғай,
Бармайын десем болмайды-ай...».
Бұл халық әнінің таныс мәтіні емес, аудан орталығы – Әйтеке би кентінің солтүстік беткейіндегі 5 квартал аймағын мекен еткен 13 мыңға жуық тұрғынның ұзақ уақыттан бергі жанайқайы еді. Соңғы жылдары облыстық денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымы жақсарып, келушілерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасы артуда. Осының айқын дәлеліндей жақында жаңа құрылымға көшкен «Қазалы темір жол ауруханасы» ЖШС өз жұмысын бастады.
Халықтың көңіліне кінәрат салған қиындық артта қалды. Енді жұртшылық ем іздеп темір жол аспайды. Белгіленген аймақтың дәрігерлік бақылауында болады. Мұнда әйелдерге кеңес беру, егу бөлімі, соңғы сұранысқа сай рентген, флюра, ультрадыбыстық терапия аппараты, барлық сараптамалық талдамалар зертханасы қызметі қолжетімді. Медициналық емхананы жақындату, жақсарту қажеттілігінен іске асқан орында науқасқа қажетті ем-дом жүргізу жүйелі жолға қойылған. Сенімді басқару негізінде жүзеге асқан денсаулық мекемесі заманауи талаптарға лайықталып жөндеуден өтіп, жабдықталған. Алғашқы қабатында 5 кварталдың халқына бейімделген емхана жұмыс істейді. Онда бес аймақтық дәрігер бар.
Бұрын хирургия бөлімімен бірге болған инсульттік орталық ғимараттың екінші қабатына орналасқан. Бас дәрігер Құбыл Ршымбетов: «Бұл біздің алдымызда көптен тұрған мәселе еді. Инсульт алған адамға ерекше күтім керек. Науқастар жағдайына сәйкес бір, екі, үш адамдық палаталарға орналасады. Сырқаттың ауыр түріне шалдыққандардың жанына жақындарын алдырамыз. Көбіне бұл топтағы аурулар алғаш жан сақтау бөліміне түседі. Онан соң инсульттік орталық және қалыпқа келтіру бөлімінде болып, дәрігердің бақылауы, сөйлеу, қол қозғалысы, жүру, емдік жаттығудан өтіп, оларға өмірге қайта бейімдеуге байланысты қызмет көрсетіледі», –деді бізбен әңгімесінде.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен 2016 жылы ашылған орталықтың 10 орны нейроинсульт науқастарына арналса, 10 төсегі ерте қалпына келтіру бөліміне берілген.
Аурухана жұмысының барлығы мемлекеттің қарқынды даму үрдісі және Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында іске асып отырған кешенді медициналық ақпараттық жүйесі (КИМС) арқылы жүргізіледі. Бұл электрондық жүйенің бір ерекшелігі, тек дәрігерлер мен статистикалық ақпаратқа жауапты мамандар ғана емес, бүкіл аурухана қызметкерлерінің қатысуымен жүзеге асады. Дәрігерлердің алға қойған міндетінің бірі – қағазбастылықтан арылу. Тіркеу бөліміндегі карточкасынан бастап, барлық құжаттар сандық жүйеге алмасуда. Дегенмен халық жаңа талапқа икемделгенінше, дәстүрлі қызмет түрі де қоса қолданылады.
Болашағымыз – балаларға ерекше көңіл бөлінген. Үш балалар дәрігері бөлмесінен бөлек, сәбилердің психикалық, физикалық даму сатысын қадағалайтын дені сау бала кабинеті, жедел ішек ауруына шалдыққан өскіндерге арналған оқшауланған ауызбен суландыру, дұрыс тамақтандыру бөлмелері бар. Әрбірі бала танымын арттыруға арналған көрнекіліктермен безендірілген. Жаңашылдық талаптар биігінен көрінген емханаға ата-аналар да разы.
Бізді қызықтырғаны, патронажды қызмет кабинеті болды. Емханадағы ақ халаттылар енді емдеу шарасымен бірге әлеуметтік жайға да назар аударады. Облысымызда іске асырылып отырған мұндай қанатқақты жоба аясында патронаждық қызмет көрсетудің модульдері жасалған. Мекеменің әрбір бөлімінен 1-2 мейіркеш Қызылорда қаласындағы облыстық балалар ауруханасы базасында орналасқан оқу орталығынан білімін жетілдіріп, патронаждық мейіркеш мамандығын иемденген. Келер жылы барлық мейіркештің бұл үрдісті жаппай игеруіне аурухана басшылығы жағдай жасап отыр.
Әмбебап мамандар үйлерді аралау барысында баланың ерте жастан дамуына ықпал ететін тәуекелдерді бағалап, дұрыс тамақтандыру, түрлі қауіпті белгілерін тани білу және өзге де әлеуметтік мәселелеріне ден қоюды негізге алады. Емхана бөлімінің меңгерушісі Шара Байбазарованың айтуынша, аталған бағыттағы жоспарлар аудан әкімдігіне жолданып, бірлесе іс атқаруға ұсыныстар берілген.
Екінші-үшінші қабаттарда логопед, психолог, реабилитолог мамандар кабинеті мен арнаулы қондырғылар бөлмесі бар. Мұндағы 20 төсектік күндізгі бөлімде жедел және созылмалы аурулар емделеді, неврология бөлімі де осында орналасқан. Адамдардың түсіп-мінуіне арналған жеделсаты да кідіріссіз жұмыс істейді.
Ауруханадағы ерте реабилитация бөлімі көршілес аудан жұртшылығына да қызмет көрсетуге қауқарлы.
Тәулік бойы жүзеге асырылатын компьютерлік тамография, экстермальді тамырларды дуплексті сканерлеу, польшалық РІО жүріс имитаторы, айналмалы лифтер, қалпына келтіру тренажері, аяқ жаттықтырғыш, қол жаттықтырғыш, монтессорий құрылғысы, айналмалы вертикализатор секілді озық қондырғылар науқастың денсаулығын тиянақты тексеруге және алдын ала анықтауға, қалпына келтіруге мол мүмкіндік береді.
Әлеуметтік саясаттың ең маңызды бөлігі – халық денсаулығын жақсарту бағытында жемісті жұмыс атқарған дәрігерлердің сапалы медициналық қызметі көңілге нұр құяды. «Бірінші байлық – денсаулық» дейтін көпшілік жаңа нысаннан мол жақсылық пен жаңалық күтеді.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
08 желтоқсан 2018 ж. 1 267 0

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 50

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 62

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031