Жаңа аурухананың мүмкіндігі мол
Биылғы жыл қазалылық медицина мамандары үшін жағымды жаңалықпен басталды. Яғни, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері 150 орындық жаңа ауруханаға көшті. Ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекелері қарсаңында құттықтай барып, жаңа мекен жайдың тыныс-тіршілігмен танысып қайттық.
Біздің елімізде білім мен денсаулық сақтау салаларына ерекше мән берілуде. Мәселен, өзіміз тұратын ауданды алайық. Барлық ауылдық жерде денсаулық сақтау орындары жаңадан салынған. Аудан орталығынан типтік жобадағы 150 орындық аурухана ғимараты бой көтерді. Аурухана жыл сайын медициналық аппараттардың бірнеше түрімен толығады. Мәселен, 2017 жылы 3 ЭКГ аппараты, пациент мониторы, 2 микроскоп, 3 облучатель рецикулятор, ИВЛ – HAMILTON – C-1 – 2 дана лизинг әдісі бойынша, реанимациялық балалар керуеті, ВМЗ пациент мониторы, 3 пульсоксиметр, ота шарықшамы, жаңа туылған балаларды қайта тазалайтын стол, кислородный центратор алынған. Жуырда облыс әкімінің қолдауымен «Ангиограф» медициналық аппараты алынып, Ресей елінің мамандарымен келісім жасалынып, жаңа ғимаратқа қондыру жұмыстары жүргізілуде.
Аудандық аурухананың бас дәрігері Күншығар Әбіловтің айтуынша, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасы аясында аудандағы денсаулық сақтау саласында медициналық қызметті жетілдіру, қызмет сапасын арттыру, халықты қолжетімді дәрігерлік көмекпен қамтамасыз ету, профилактикалық медицинаны дамыту, аурудың алдын алу шаралары, скринингтік бақылау мен алғашқы медициналық көмекті жетілдіру, ана мен бала денсаулығын қорғау саласы бойынша жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күні амбулаториялық-емханалық қызметі бар орталық ауруханаға аурухана, орталық емхана, 2 ауылдық емхана, 1 қалалық құрылымдық бөлімше, 14 дәрігерлік амбулатория және 3 фельдшерлік-акушерлік бекет, 15 медициналық бекет қарайды. Халыққа 145 дәрігер мен 763 орта буын медицина қызметкерлері медициналық көмек көрсетеді. Аудан әкімінің өкіміне сәйкес «100 нақты қадам» ұлт жоспарының денсаулық сақтау мен әлеуметтік даму саласы бойынша түсіндіру штабы құрылып, ережесі бекітілді. Штабтың негізгі міндеттерінің бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге, еліміздегі демографиялық ахуалға анағұрлым әсер етуші аурулардың 5 тобы бойынша медициналық көмек көрсетудің интеграцияланған моделін енгізу. «100 нақты қадам» ұлт жоспарының іске асырылуын ұйымдастыруға штаб мүшелерімен бірге орталық аурухана қызметкерлерінен жұмысшы топ құрылып, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Халықтың әлеуметтік статусын анықтауда да жұмыстар атқарылып жатыр.
Қай кезде де ана мен бала денсаулығына аса мән беріледі. Бұл қамқорлықты сезінген жас аналардың бірі – Айдана Асқар. «Мен сәбиімді жаңа перзентханада дүниеге әкелдім. Ғимарат іші керемет. Жылуы, жарығы, тазалығы бәрі ерекше. Жаңа туған нәресте мен жас босанған анаға қажетті жағдайдың барлығы дерлік жасалған. Осындай перзентханамен қамтамасыз еткен облыс басшылығына және аурухана дәрігерлеріне алғысым шексіз. Қазір шүкір, қызымның да, өзімнің де жағдайым жақсы», – дейді.
Иә, расында да жаңа ауруханада жүкті және босанатын әйелдерге медициналық көмекті жетілдіру мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Отбасын жоспарлау бөлмелерінің жұмысын жетілдіру туралы» және «Жасыл дәліз» бұйрығы негізінде емханада арнайы жүкті әйелдерді тіркеу орны ашылған. Тіркеу бөлмесінде жүкті әйелдерге психолог маман кеңес береді. Ұрпақты болу жасындағы әйелдер жыл сайын профилактикалық бақылаудан өткізіліп, электронды базаға салынуда. Сәбилер арасында өлім-жітімді азайту және аурушаңдықты төмендету мақсатында емдеу мекемелерінде КЗР, отбасын жоспарлау, ресурстық орталық, жас аналар мектебі ұйымдастырылып, жұмыс жасалуда.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА