Шылаушын өсіретін шаруашылық
Соңғы кезде ауданда кәсіпке қызығатындар қатары көбейіп, жаңа істің тізгінін ұстаған азаматтар қолдау табуда. Соның бірі «Қазалы Агро KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аудан бойынша бұрын еленбеген, жаңа кәсіп түрін қолға алған. Яғни қазалылық 4 азамат бірігіп, құрт өсіріп жатыр.
Кім не десе де, құрт өсіру – қызық, білетінге – табысты, білмейтінге – таңсық кәсіп. Құрт өсіру дамыған елдерде кең танылғанымен, елімізде шылаушынды пайда табу мақсатында өсіретіндер саусақпен санарлық.
Аталған кәсіп түрімен айналысуды қолған алған азаматтармен аудан әкімі Мұхтар Оразбаев кездесіп, олармен пікір алмасты. Шылаушын шаруашылығында шығын аз, кіріс көп. Қоршаған ортаға пайдасы болмаса, зияны жоқ кәсіп түрі екенін жаңа бастаманың иесі Сәбит Аралбаев айтып өтті.
– Біз өсіріп жатқан құрт түрі «калифорниялық қызыл құрт» деп аталады. Олардың қоректенетін негізгі тағамы – органикалық қалдықтар. Ағаштан түскен жапырақ, төрт түлік малдың қиы таптырмас қорек. Ең бастысы бұл қалдықтар сатылмайды, тегін. Кез келген жерден табуға болады. Қызыл құрттар осы қалдықтарды жеп, ішінен өңдеп, бізге биологиялық тыңайтқыш жасайды.
Биологиялық тыңайтқыштарды топыраққа сеуіп, шашатын болсақ, егіннің өсуін 2-3 есе күшейте түседі. Егін шаруашылығымен айналысатын адамдар қызыл қүрт өндіріп шығарған тыңайтқыштарды арнайы сатып алады. Мол түсімді мақсат еткен диқандар биотыңайтқышты топырағына сеуіп, әрекет етеді. Осының арқасында жер құнарланып, өнім молаяды, – дейді кәсіпкер.
Алысқа кетпей, өз өңірімізде кәсіптің жаңа түрін дамытып жүрген азамат органикалық тыңайтқыштың литрі 80 теңгеден сатылып жатқанын жеткізді. Кент іргесінде орналасқан құрт өсіретін аумақтың жұмысын бақылап жүріп, Қызылорда қаласынан «Газель» автокөлігімен арнайы келген азаматтардың органикалық тыңайтқыштарды тиеп алып кеткеніне куә болдық. Бұл – енді ғана қанат жайған шаруашылықтың кезекті бір тапсырысы.
Көпшілік елей бермейтін құрт өсіру кәсібін қолға алған азаматтар алдағы уақытта 15 гектар аумақтан жылыжай салып, жасыл желекті жайқалтуды мақсат еткен. Ол үшін аталған аумақ ауыз су, аяқсу және жарықпен қамтамасыз етілуі қажет. Кәсіпкерлер аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа осы жағынан көмек беріп, қолдау көрсетуін сұрады. Өз кезегінде аудан басшысы кәсіпкерлерге көмек көрсету жолдарын қарастыруды тиісті сала басшыларына тапсырды.
Д.МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ