Еңбектің өтеуі – берекелі кәсіп
Он жылға жуық уақытын маңдай термен еңбектенуге арнаған Гүлжахан Қартабаева бүгінде өз ауласында төрт түлікті түлетіп, берекелі кәсіптің көзін тауып отыр. Бір кездері мемлекет ұсынған мүмкіндікке сеніп, тәуекелге бел буған көпбалалы ана осы күні сол таңдауының жемісін көріп, елге үлгі боларлық табысты кәсіпкерге айналды.
Сол жылдары ауыл әйелдерінің бизнес-идеяларын қолдауға бағытталған қайтарымсыз мемлекеттік гранттар көптің көңілінен шыққан еді. Бұл бастама тек табыс табудың жолын ашып қана қоймай, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға үлкен серпін берді. Әсіресе көпбалалы аналар үшін жаңа өмірге бастар мүмкіндік болды.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Қазалы ауданындағы филиалы арқылы жүзеге асқан «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында Гүлжахан Қартабаева да өз бағытын тапты. Кәсіп ашуға ниет білдірген ол «Бастау бизнес» оқу курсына қатысып, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгереді.
Алғашында берілген қаражаттың тек құрал-жабдық алуға жұмсалатынына қынжылғанымен, кейін бағдарламаға енгізілген өзгерістер оның бағытын түбегейлі өзгертті. Құс пен мал сатып алуға мүмкіндік туған сәтте, ол көп ойланбастан екі бие алып, өз кәсібінің негізін қалады. Себебі Шилі ауылында туып-өскен Гүлжахан үшін мал шаруашылығы таңсық емес еді. Қайын жұрты да бұл саланың қыр-сырын жетік меңгерген жандар болатын.
Тағдырдың сынағына да төтеп берген қайсар ана 16 жыл бұрын өмірлік серігінен айырылып, бар ауыртпалықты жалғыз көтеруге мәжбүр болды. Дегенмен мойымады. Ағайын-туыстың қолдауымен Әйтеке би кентінен баспана алып, балаларына тірек бола білді.
Қазір балаларымен бірге бір шаңырақ астында еңбек етіп, ортақ шаруашылықты дөңгелетіп отыр. Қарапайым ғана басталған кәсіп уақыт өте келе кеңейіп, берекелі іске айналды. Бүгінгі таңда ол жылқыдан бөлек түйе асырап отыр. Барынша жылқы шаруашылығына ерекше мән береді. Себебі қазақ халқы үшін жылқы төрт түліктің бірі емес, ұлттық болмыстың ажырамас бөлігі.
– Жылқының қасиетін айтып тауысу мүмкін емес. Оның еті мен сүті – шипа. Қазіргі таңда мұны тек қазақ халқы ғана емес, шетелдік мамандар да мойындап отыр. Жылқы етінің адам ағзасына пайдалы екені ғылыми тұрғыда дәлелденген. Сондықтан ата кәсіпті дамыту біздің міндетіміз, – дейді кәсіпкер ана.
Гүлжаханның айтуынша, «Бастау бизнес» курсы оның кәсіпкерлік көзқарасын түбегейлі өзгерткен. Сабақ барысында кіріс пен шығысты есептеу, қаржыны тиімді басқару, шаруашылықты жоспарлау секілді маңызды дағдыларды меңгерген. Бұл білім бүгінгі жетістігінің берік іргетасына айналған.
Қазір ол қымыз, саумал, шұбат өндіріп, одан бөлек кілегей, құрт, ірімшік, брынза секілді табиғи өнімдерді тұтынушыларға ұсынып отыр. Ауласына ұлттық нақышта безендірілген шағын этно-үй тігіп, келушілерге қазақы дастарқаннан дәм татқызуда. Бұл бастама, оның кәсібіне жаңа тыныс беріп, тұрақты тұтынушылар қатарын арттырған. Таза, табиғи өнімге деген сұраныс артқан.
Бүгінде Гүлжахан Қартабаеваның еңбегі – нағыз сұранысқа ие кәсіптің үлгісі. Оның өнімдерін тұтынушылар сапасына жоғары баға беріп, алғыстарын жаудыруда. Ең бастысы – ол тек өз кәсібін жүргізіп қана қоймай, балаларына да еңбек етудің, кәсіп жүргізудің маңызын үйретіп келеді. Оларды төрт түлікті баптауға, еңбексүйгіштікке баулуда. Бұл ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын еңбек мектебі.
Алдағы уақытта кәсіпкер ана шаруасын одан әрі кеңейтуді көздеп отыр. Өндіріс көлемін арттырып, жаңа бағыттарды игеру, оның басты жоспары. Сонымен қатар ауыл туризмін дамыту арқылы этноауыл үлгісіндегі жобаларды жүзеге асыруды да ойластыруда.
Гүлжахан Қартабаеваның өмір жолы – табандылық пен еңбектің, сенім мен мүмкіндікті тиімді пайдаланудың жарқын көрінісі. Ол дәлелдеген бір ақиқат бар. Мемлекет ұсынған мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, тынымсыз еңбек етсең, ауылда да табысты кәсіп құруға әбден болады.














