Құрылтай
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Үлкен жетістіктер кішкентай қадамнан басталады

Үлкен жетістіктер кішкентай қадамнан басталады

Бүгінде отандық өнімді қолдау және «Қазақстанда жасалған» заттаңбасымен шығатын тауарлардың үлесін еселеу – мемлекеттік саясаттың стратегиялық маңызы бар басым бағыттарының бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті өндірушілерді жан-жақты қолдап, ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз ету қажеттілігін үнемі баса айтып келеді. Осы салауатты саясаттың оң нәтижесі ретінде, бүгінде аймақтарда, тіпті шалғай аудан орталықтарында да өз идеясын өндірістік жобаға айналдырып, халық сұранысына ие сапалы өнім ұсынып отырған іскер азаматтардың шоғыры қалыптасуда. Солардың жарқын өкілі – өңірде өз брендін қалыптастырып, жергілікті өндірістің тынысын кеңейтіп отырған жас кәсіпкер Руслан Бөлекбаев.
Таяуда басылым тілшілері жеке кәсіпкер Р. Бөлекбаевтың өндірістік зауытына барып, заманауи цехтардың тыныс-тіршілігі, өндірістің толық циклі, алдағы жоспарларымен жақыннан танысып қайтты.

– Руслан Жаңалықұлы, санаулы уақыт ішінде жұмысыңызды жүйелеп, көпке үлгі болып отырсыз. Оқырмандарымызға өзіңіз жайлы қысқаша айтып берсеңіз...
– Қазалы ауданының тумасы, тұрғынымын. 1990 жылы 12 қазан айында Әйтеке би кентінде дүниеге келгенмін. В.Счастнов атындағы №16 мектептен 9 сыныпты бітірген соң, Қызылорда қаласындағы Заң колледжіне қабылдандым. Колледжден соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде білімімді жалғастырдым. Жоғары оқу орнының бизнес және экономика факультетінен білім алып шықтым. 2013 жылы еңбек жолым Қызылорда қалалық жұмыспен қамту орталығында инспекторлықтан басталды. 2014 жылдан – 2021 жылға дейін Қазалы аудандық ішкі саясат бөлімінде инсектор болып жұмыс істедім. 2021 жылы қыркүйек айынан бастап кәсіпкерлік саласындамын, «Қазалы сабыны» брендін қалыптастырудамын.
– Қалыптасқан қызметтік мансапты артқа қалдырып, өндіріс әлеміне қадам басу – кез келген адамның қолынан келе бермейтін шешім. Осындай батыл қадамға баруыңыздың басты себебі неде? Өзіңізді жаңа салада сынауға деген сенімді қайдан алдыңыз?
– Ешнәрсе кездейсоқ болмайды. Мен өмірдегі әрбір кездесу, шешім, барлық қадамның өзіндік мәні мен себебі бар екеніне сенемін. Өндіріс саласына келуім де аяқасты қабылданған шешім емес, ұзақ жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен үздіксіз ізденістің заңды нәтижесі.
Еңбек жолымның он жылға жуық кезеңі мемлекеттік қызметпен байланысты болды. Бұл сала маған тек кәсіби тәжірибе ғана емес, адамдармен тиімді қарым-қатынас орнату, әріптестік байланысты нығайту, ұйымдастырушылық қабілетті шыңдаудың маңызын ұқтырды. Сол жылдардағы әрбір атқарылған жұмыс, іссапар, жаңа таныстық кейінгі кәсіпкерлік жолыма қажетті тәжірибенің іргетасын қалады.
Қызмет барысында еліміздің әр өңіріне жиі іссапармен шығатынбыз. Көпшілік онда тек негізгі міндетін орындап қайтса, мен әр мүмкіндікті өзімді дамытуға пайдалануға тырыстым. Барған қалаларымнан өндіріс орындарын арнайы іздеп, олардың жұмысымен танысуды әдетке айналдырдым. Бизнеске бірден келген жоқпын. Осы саланы бес-алты жыл бойы терең зерттеп, өндірістің қыр-сырын көзбен көріп, тәжірибе арқылы зерделедім.
Әсіресе еліміздің оңтүстік өңірлері мені ерекше қызықтыратын. Түркістан облысы мен оған іргелес аймақтарда зауыт-фабрика, цехтар өте көп шоғырланған. Ондағы кәсіпкерлердің еңбекқорлығы, ізденімпаздығы, жаңа технологияны игеруге деген талпынысы мен үшін үлкен үлгі болды. Көптеген кәсіпорындар Өзбекстандағы өндіріс орындарымен тығыз байланыс орнатып, қажетті құрал-жабдықтар мен технологияларды тиімді пайдаланып келеді. Географиялық жақындық қана емес, шеберлік пен өндірістік тәжірибенің сабақтастығы да олардың дамуына оң ықпал еткенін байқадым.
Әр кәсіпорынның жұмысын көзбен көріп, мамандармен тілдесіп, олардың ісін зерделеуге тырыстым. Әрине, барлық жердің есігі бірдей ашыла бермейтін. Кейбір кәсіпорындар өндіріс аумағына бөтен адамды кіргізбейді. Ондай сәттерде арнайы рұқсат алып, кейде белгілі бір ақы төлеп, келісімге келуге тура келді. Өйткені мен үшін сол бір сағаттық тәжірибенің өзі кітаптан оқылған ондаған беттің орнын басатын.
Қазір өткен жолыма көз жүгіртсем, он жылдың ішінде Қазақстанның тоғыз облысындағы ірілі-ұсақты өндіріс орындарының басым бөлігін аралап шыққан екенмін. Әр сапардан жаңа білім, жаңа тәжірибе, жаңа ой түйіп отырдым. Сол кезде жинаған әсерлер мен үйренген дүниелер бүгінгі өндірістік кәсібімнің берік негізіне айналды. Сондықтан қазіргі жетістігімді кездейсоқтық емес, ұзақ жылдарға созылған табанды ізденіс пен мақсатты еңбектің жемісі деп білемін.
– Тазалық құралдарын өндіру процесінде қандай технологиялар мен жабдықтар қолданылатыны жайлы білсек? Шикізатты қайдан аласыздар?
– Біздің бағытымыз – адам денсаулығына зиянсыз, қоршаған ортаға залалсыз, экологиялық таза әрі сапалы өнім шығарып, ұсыну. Іске кіріспес бұрын жан-жақты білім жинадым. Арнайы курстарға қатысып, сапалы тауар шығарудың қыр-сырын меңгердім. Алғаш болып Ресей Федерациясында жасалған соңғы үлгідегі заманауи құрылғыны ауданға алып келдік.
Кір сабын дайындаудағы негізгі шикізатымыз – химиялық қоспалар емес, кәдімгі іріқара мал сүйегі. Олар Орал қаласындағы «Кублей» компаниясынан келісімшарт негізінде жеткізіледі. Кір мен сызатты із қалдырмай кетіру үшін міндетті жілік майы қосылады. Бағасы тұрғындар үшін өте қолжетімді.
Өндіріс көлемі артқан сайын түрлі шаруашылық иелерімен де ынтымақтастық кеңейтілуде. Негізгі өніміміз «Қазалы» кір сабыны қатары уақыт өте келе сұйық сабын, кір жуатын ұнтақ, кәріз жүйесін тазалайтын сұйықтық, «Қазалы сақар» сабынымен толықса, соңғы қолға алған жұмысымыз – «Сұлу» маркалы әжетхана қағазы. Келешекте кеңсе қағаздарын шығару ойда бар. Оның алғышарты жасалды, құрылғылар әкелінді.
Біздің өнімдер тұтынушылар үшін де қауіпсіз. Барлығы арнайы ұйымдар тексерісінен өтіп, сапа сертификатын алған.
– Қазір өнім сапасы туралы көрсетілім арнайы ұйымдар рұқсатынан бөлек, көбіне әлеуметтік желі арқылы сараланады. Тұтынушылардан күніне жүздеген пікір түсетін тауарларыңыздың бірі «Қазалы сақар» сабыны. Өзіңіз мұны дәстүр мен инновация тоғысқан өнім деп атайды екенсіз. Осы туралы білсек...
– 2023 жылдан бастап шығара бастаған «Қазалы сахар» брендіндегі қара сақар сабыны – зауыттың ең танымал өнімдерінің бірі. Ол таза табиғи өнім ретінде сертификатталған. Менің әжем, ғасырға жуық ғұмыр кешкен Күнжәмила Бөлекбайқызы ұзақ жылдар адам емдеген емшілік қасиеті бар жан еді. Сақар сабынның құрамы сол кісі арқылы бізге жеткен дәстүрлі техниканың бүгінмен сабақтасқан жемісі. Сабын ешқандай химиялық қоспасыз, сүйек, май, қара сақар және басқа өсімдік компоненттері сынды бірнеше табиғи ингредиенттер қосындысынан жасалады. Емдік және тазартқыш қасиеті күшті табиғи сабынның ерекше түрі.
Қара сақар сабын теріні терең тазарту, өлі жасушаларды кетіру, қабынуды басу және теріні жұмсартуға өте пайдалылығы ғасырлар бойы анықталып, екшіленген. Қазір тері ауруының түрлері көп. Тұтынушылар қатарында тікішек ауру, түрлі оталардан кейін дененің қалыпқа келуі үшін тұтынытындар жиі кездеседі. Косметологиялық бағытта да сұранысқа ие. Тіпті түрлі кір жуу, денесі жуу сынды барлық тұрмысына кеңінен қолданылатындар бар.
Қазіргі таңда бұл сабын түрін Өзбекстанның Ташкент, Самархант, Тәжікстандағы Душанбе, Қырғызстан Республикасындағы бірнеше клиникаларға жөнелтіп жатырмыз. Қосымша клиникалар сұранысы артып келеді.
Көпке көмегі тиіп, ел алғысына бөлінудеміз. Талай созылмалы арулардан айықтыруға септеске сабын туралы арнайы жазбалармен кез-келген таныса алады. Күн санап өзіміз білмейтін дерттерге дауа болып жатқан сабынымыздың «сан қыры» ашылуда.
– Отандық өнімді таңдау қоғам мен экономика үшін маңызы. Десе де «Қазақстанда жасалған» сапалы өнімдер көбіне экспорттауға бағытталады. Сіздер дайындаған тазалық құралдарын табу қолжетімді ме?
– Қазалыдан шыққан өнімдеріміз тек ауданның 80 мың тұрғынын ғана емес, көршілес өңірлерді де қамтып отыр. Арал, Қармақшы аудандары, Қызылорда қаласына да үздіксіз тауар жеткізілу қарастырылған.
Біздің басты мақсатымыз – тазалық құралдарының жергілікті өндірісіндегі импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі нарықты толықтыру. Экологиялық таза өнімдер арқылы тұтынушылардың денсаулығы мен қоршаған ортаны сақтау. Жергілікті өндірісті дамыту арқылы импортты алмастыру және халықты жұмыспен қамту.
Сіз айтып отырған пікір де орынсыз емес. Біз қазіргі таңда өнімдерді таратумен айналыспаймыз. Көтерме саудагерлер үлкен көлемде тапсырыспен алып кетіп, таратады. Байқауымша, ауданның ірі сауда орындары сөрелерінде бар. Өзімізге тікелей келіп, алып жататындар да көп. Қазір алдын ала түскен кең көлемді экспорттық сұранысты қанағаттандыруға жұмыс істеп жатырмыз.
– Кәсібіңізді өрістетуде мемлекеттік қолдауға иек артқан кезіңіз болды ма?
– Әрине. Кәсіптің алғашқы кезеңінде де, оны кеңейту барысында да мемлекеттік қолдаудың пайдасын көрдік. Жеңілдетілген несие алып, өндірісімізді дамытуға қажетті құрал-жабдықтар сатып алдық. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» қайтарымсыз мемлекеттік грантына қол жеткізіп, өнім түрлерін көбейтуге және жұмыс ауқымын кеңейтуге мүмкіндік туды. Меніңше, мемлекет ұсынып отырған бағдарламалар – кәсібін дамытуға ниетті жандар үшін үлкен мүмкіндік. Ең бастысы – ізденіп, талаптану. Бүгінде түрлі қолдау тетіктері бар, соларды тиімді пайдалана білген адам кәсібін жаңа деңгейге көтере алады. Алдағы уақытта да осындай бағдарламаларға қатысып, кәсібімізді одан әрі дамытып, өндіріс көлемін ұлғайтуды көздеп отырмыз.
– Жаңа бағыттар – жаңа мүмкіндіктер. Десе де ел арасында жұмыссыздық үлесі әлі кемімеуіне не себеп деп ойлайсыз?
– Бұл тақырыпты өзімізге қатысты айтып өтейін.
Қазіргі таңда өндіріс орнында жеті адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Жұмысшылар қондырғы-құрылғыларға шикізатты технологиялық талапқа сай дәл өлшеп салу, өндірістен шыққан өнімді ретке келтіріп, қаптап, сатылымға дайындаумен айналысады. Яғни, жұмыстың барлығы техникалық нұсқаулықтарды мұқият сақтауды, жауапкершілік пен ұқыптылықты талап етеді.
Соған қарамастан, білікті маман тапшылығы әлі де өзекті мәселе болып отыр. Бүгінде өндірісте төрт маманды сырттан шақыртуға мәжбүр болып отырмыз. Аудан жастарына да бірнеше рет «келіңіздер, тәжірибелі мамандардың жанында жүріп, кәсіптің қыр-сырын меңгеріңіздер» деген ұсыныс жасадық. Алайда бұл іске қызығушылық танытқандар өте аз болды.
Мәселен, дәретхана қағазын өндіретін желіде жұмыс істейтін маман қажет болды. Айына 500 мың теңгеге дейін еңбекақы ұсынғанымызға қарамастан, бұл жұмысқа ниет білдірген жан табылмады. Бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне де бірнеше рет қатысып, жұмыс іздеп жүрген азаматтардың байланыс нөмірлерін алып, өзіміз хабарластық. Бірақ олардың басым бөлігінен нақты қызығушылық байқалмады.
Сондықтан кейде «жұмыс жоқ» дегеннен гөрі, «жұмыс істеуге ынта жоқ» деген пікірдің де жаны бар сияқты. Еңбек етемін, кәсіп үйренемін деген адамға мүмкіндік бар. Тек сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жаңа кәсіпті меңгеруге деген талпыныс болса болғаны.
– Белгілі кәсіпкер, белсенді жассыз. Волонтерлік, қайырымдылық істерде де жиі атыңыз аталады. Білуімше, салауатты өмір салтын ұстанасыз. Ақындық қабілетіңіз де бар. Айтайын дегенім, уақытты қалай тиімді пайдаланасыз?
– Уақыт ешкімге жетпейді. Бастысы, бағытыңды біліп, мақсатын айқындау керек. Жастық шақ – мүмкіндіктер мен тәуекелдер кезеңі.
Сіз айтып отырғандардың барлығы – менің қызығушылығым. Бала кезімде қалыптастырған дағдыларым. Өз басым, футбол ойнағанды өте жақсы көремін. Бірақ оған барлық кезде мүмкіндік бола бермейді. Солай бола, тұра сүйікті істерімді ұмыт қалдырмауға ұмтыламын.
Уақытым болса, барынша отбасыма, жақындарыма көңіл бөлуге тырысамын.
– Шәкәрім Құдайбердіұлы «Еңбекпенен, өрнекпенен өнер ойға тоқылмақ» дейді. Өзіңіз сынды жаңашыл ойлары бар, бизнес бастағысы келетін жастарға айтарыңыз...
– Бизнеске келген адам, ең алдымен, қорқынышын жеңе білуі керек. «Ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді» деген сөздің астарында үлкен мән жатыр. Кез келген жетістік кішкентай қадамнан басталады. Ал сол жолда кездесетін қателіктер – сәтсіздік емес, керісінше дұрыс бағытқа жетелейтін тәжірибе.
Қанша жерден кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрететін жоғары оқу орнын тәмамдап, жүздеген кітап оқып, түрлі семинарлар мен курстардан өтсеңіз де, олардың ешқайсысы өз қолыңызбен істеп, көзіңізбен көріп, басыңыздан өткерген тәжірибенің орнын баса алмайды. Нағыз кәсіпкерді шыңдайтын – күнделікті еңбек, ізденіс пен тәжірибе.
Тағы бір маңызды қағида – тұтынушының сенімін бәрінен жоғары қою. Өнімнің сапасына, қызметтің деңгейіне және тұтынушының сұранысына ұдайы көңіл бөлгенде ғана кәсіп ұзаққа барады. Клиенттің көңілінен шығуды басты мақсат еткен жерде тұрақты даму мен жақсы нәтиже міндетті түрде болады деп сенемін.
– Тығыз жұмыс кестеңізге қарамай, бізге уақыт бөлгеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
28 шілде 2026 ж. 30 0

Бәсі биіктеген бизнес

28 шілде 2026 ж. 25

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031