Қазалы ауданының ауыл шаруашылығы өнімдері Байқоңыр қаласында жәрмеңкеге шығарылды
Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, отандық тауар өндірушілерді қолдау және азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтау.
Бекітілген кестеге сәйкес, жәрмеңкеге барлығы 24 автокөлік қатыстырылып, 47 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдері саудаға шығарылды.
Атап айтқанда, 4 тонна күріш, 400 кг сүт өнімдері, 1,8 тонна ет, 1,2 тонна балық өнімдері, 36 тонна картоп пен көкөніс, 1 тонна кондитерлік өнім және 500 кг Қазалы кәмпиті сатылымға ұсынылды.
Сонымен қатар, «РЗА-Сүт» ЖШС мен «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ның өнімдері, оның ішінде картоп, жуа, сәбіз, қырыққабат, ұн, қант, өсімдік майы, қарақұмық және күріш нарықтағы бағадан төмен бағамен саудаланды.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін кеңінен насихаттауға, олардың өнім өткізу мүмкіндіктерін арттыруға және Байқоңыр қаласының тұрғындарын қолжетімді бағадағы азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды іс-шара болды.















