Маңдай термен келген марапат
Адамды адам еткен еңбек! Ол – дәуірлер бойы дәлелденіп келе жатқан дүние. Ердің елге танылуы да сол қажыр-қайраттың арқасы. Оның айғағы – қазіргі қоғамда өзіндік орны бар шаруақор жандар. Ұзақ жылдар бойы еткен еңбегінің жемісін көріп, кейінгі әріптестеріне үлгі боп жүрген азаматтың бірі «Сыр маржаны» серіктестігінің күрішшісі Мұратбек Рахметов.
Ол мектеп бітіргеннен кейін Қазалы қаласындағы кәсіптік техникалық училищеден «автомеханик-автослесарь» мамандығын алды. Еңбек жолын Көларық шаруа қожалығында бастап, әр жылдары «Әзілхан ишан» серіктестігінде сушы, «Домай» шаруа қожалығында жұмыс істеді.
2003 жылдан бастап «Сыр маржаны» серіктестігінің №1 егіс бригадасының сушысы, бертін келе күрішшісі болды. Егін шаруашылығында еңбек еткен он бес жыл ішінде Мұратбек Уәйсбайұлы әр маусымды табысты аяқтап, абыройы артып келеді.
Биылғы жылы да Мұратбек жүктелген міндетті мінсіз атқарып, «Алтын дән» мерекесі қарсаңында мерейі үстем болды. Жыл қорытындысы бойынша өзіне бекітілген 87 гектар күріштің әр гектарынан 67 центнерден өнім жинап, ел қамбасының еселенуіне айтарлықтай үлес қосты. Маңдай тер, адал еңбек ескерусіз қалмады. Облыстық «Алтын дән» салтанатында аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы Мұратбек Уәйсбайұлының кеудесіне Ыбырай Жақаев атындағы төсбелгіні тақты. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, Ыбырай Жақаевтың өнегелі өмірін үлгі еткен қазалылық күрішші Мұратбек «Баптай білсең, жер жомарт» дегенді жиі айтады.
«Еңбектің пайдасы көп. Адамды тәрбиелейді, жігерлендіреді, күш береді, қуантады, бақытты етеді, өмір сүруге үйретіп, үнемшіл болуға баулиды. Ширатады, шынықтырады. «Бейнетіне қарай зейнеті» деп айтып жатады. Шүкір, ала жаздайғы бейнетпен біткен егінді жинау аяқталып, қамба астыққа кенелгенде зейнетін көріп шүкір дейміз. Еңбек еткенде жұмыла істеу керек, сонда ғана жұмыс өнеді, яғни бірігіп істеген жүк жеңіл болады. «Бірлік бар жерде, тірлік бар». Менің марапатым ұжымға берілген сый, жоғары баға деп білемін. Еңбек – мұратқа жетудің жолы. Осыны қазіргі жастар түсінсе деймін», – деді еңбекқор жан бізбен әңгімесінде.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА