Темірбетон өндіретін кәсіпорын жұмысымен танысып, ұжыммен кездесті
Бүгін «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай Қазалы ауданына жұмыс сапарымен келіп, еңбек ұжымдарында кездесулер өткізіп, бірқатар қоғамдық-саяси іс-шараларға қатысты.Ең алдымен «LCI-MK» ЖШС-нің Қазалы филиалының жұмыс барысымен танысты. Кәсіпорын басшысы Сәбит Өтегенов кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігі мен өндірістік әлеуеті туралы баяндады. Оның айтуынша, тарихы 1982 жылдан бастау алатын серіктестік темір-бетон бұйымдарын шығарумен айналысып, еліміздің құрылыс саласының дамуына өзіндік үлесін қосып келеді.
Жалпы өндірістік базасы 4,3 гектар аумақты алып жатыр. Оның ішінде 5800 м²-ден астам аумақта заманауи технологиялар қолданылатын өндірістік цехтар орналасқан. Зауыт жылына 10 000 м²-ге дейін темір-бетон бұйымдарын шығара алады. Өндірілетін өнімдер мемлекеттік стандарттарға толық сәйкес келеді және тапсырыс берушінің қажеттілігіне қарай кез келген көлемде әрі күрделілік деңгейіне байланысты дайындалады. Қазіргі таңда мұнда 80-ге жуық жергілікті қызметкер еңбек етуде.
Жандос Нұртайұлы кәсіпорынның өңір экономикасындағы маңыздылығына ерекше тоқталып, өндіріс көлемін арттыруға бағытталған бастамалар мен ұсыныстарды «AMANAT» партиясы әрдайым қолдайтынын жеткізді.
Мұнан соң кәсіпорын қызметкерлерімен өткен кездесуде өндіріс ошақтарының маңыздылығы, партияның алдағы міндеттері мен жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде кеңінен айтылды.
«Өндіріс орындары – ел экономикасының негізгі тірегі. Сондықтан мұндай кәсіпорындарды қолдау, олардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасау басты міндеттердің бірі. «AMANAT» партиясы алдағы уақытта да еңбек адамдарының мүддесін қорғап, өндіріс саласын дамытуға бағытталған жобаларды жүйелі түрде жалғастыра береді», – деді филиал төрағасы.
Іс-шара соңында Жандос Нұртайұлы ұжымға ел экономикасының дамуына қосып отырған үлестері үшін алғыс айтып, бірқатар зауыт жұмысшыларына Алғыс хаттарды табыстады. Өз кезегінде зауыт қызметкерлері арнайы келіп, ұжыммен кездескені үшін ризашылықтарын білдірді.
#AMANAT














