Балалықтың бал мекені
Бала көңілінің кілтін табу, әрқайсысының мінезі мен қабілетін ескеру, денсаулығы мен күнделікті күтіміне назар аудару – тәрбиешілер жұмысының ажырамас бөлігі. Осындай жауапты істі ұжымдық бірлікпен ұштастырып отырған білім мен тәрбие ордаларының бірі – ауданға қарасты Ғани Мұратбаев ауылындағы «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасы. Жылдар бойы бүлдіршіндерге тәрбие беріп, талай баланың балалық шағына куә болған мекеменің өзіндік қалыптасу жолы бар. Ендеше, газетіміздің бүгінгі санында Ғани Мұратбаев ауылындағы «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасының өткеніне тоқталып, бүгінгі тынысына бойламақпыз.Кешегі келбет, бүгінгі белес
«Балдәурен» бөбекжай-балабақшасының тарихы сонау 1983 жылдан бастау алады. Сол жылы арнайы типтік жоба бойынша салынған мекеме бүлдіршіндерге есігін айқара ашып, ауыл өміріндегі маңызды әлеуметтік нысандардың біріне айналған еді. Алайда ел экономикасы қиындыққа тап болған өтпелі кезеңде көптеген мекемелердің жұмысы тоқырауға ұшырағаны белгілі. Осы жағдайдың салдарынан балабақша 1997 жылы өз қызметін уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.
Дегенмен, уақыт өте келе мектепке дейінгі тәрбиеге деген сұраныстың артуы мен бүлдіршіндерге қолайлы орта қалыптастыру қажеттілігі мекеменің қайта жұмыс істеуіне жол ашты. Нәтижесінде, 2005 жылы оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп, балабақша өз қызметін қайта жандандырды. Содан бері араға жылдар салып, талай бүлдіршіннің балалық шағына куә болған білім ордасы бүгінгі күнге дейін үздіксіз жұмыс істеп келеді.
Бүгінде «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасында балалардың қауіпсіз ортада тәрбиеленіп, жан-жақты дамуына қажетті жағдайлар жасалған. Мекеме 90 орынға шақталған, қазіргі таңда мұнда төрт топ жұмыс істейді. Әр топтағы тәрбие жұмыстары бүлдіршіндердің жас ерекшеліктеріне сай ұйымдастырылып, олардың танымдық қабілеттерін жетілдіруге, тілін дамытуға, ортаға бейімделуіне және бойларына ізгі қасиеттерді сіңіруге бағытталған.Мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен жұмыс барысын үйлестіріп отырған басшы – Шынар Мүберекова. «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығы бойынша жоғары білім алған ол салада 30 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман. 2025 жылдың наурыз айынан бастап ротация тәртібімен №15 «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасына басшылық етіп келеді. Жылдар бойы жинақтаған тәжірибесін ортақ іске арқау еткен басшының алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – тәрбие мен оқыту сапасын арттырып, ұжым жұмысын жүйелі ұйымдастыру.
Балабақшадағы жұмыстың нәтижелі болуы, ең алдымен, білікті мамандардың бірлескен еңбегіне байланысты екені даусыз. Бүгінде мұнда балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруге 13 педагог атсалысуда. Олардың қатарында үшінші санатты бір басшы, төрт педагог-сарапшы, жеті педагог-модератор және бір педагог бар. Әрқайсысы өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, бүлдіршіндердің қабілетін ашуға, білімге деген қызығушылығын арттыруға және тұлғалық дамуына үлес қосып жүр.
Сонымен қатар балабақшада тәрбие жұмысын жан-жақты ұйымдастыруға әдіскер, психолог, дене тәрбиесі нұсқаушысы мен логопед маман да тартылған. Олар тәрбиешілермен бірлесе отырып, балалардың жеке ерекшеліктерін ескеруге, психологиялық жай-күйін бақылауға, тілдік және дене дамуындағы қажеттіліктеріне назар аударуға, сондай-ақ әр бүлдіршіннің дамуына кешенді түрде қолдау көрсетуде.
Ал балабақшаның күнделікті тіршілігінің үздіксіз жүруі, тазалық пен тәртіптің сақталуы, ғимараттың қауіпсіздігі мен қолайлы жағдайының қамтамасыз етілуі техникалық қызметкерлердің еңбегімен тығыз байланысты. Бұл бағытта 15 қызметкер еңбек етіп, мекеменің қалыпты жұмыс істеуіне өз үлестерін қосуда. Көп жағдайда көзге көріне бермейтін осынау еңбектің де балалардың жайлы ортада тәрбиеленуінде маңызы зор.
Ұлттық ойынның ұлағаты
Әрбір білім беру мекемесінің ұрпақ тәрбиелеуде өзіндік ұстанымы мен қалыптасқан бағыты болады. Ал ұлттық құндылықтарды ұлықтап, халқымыздың бай мұрасын жас буынның бойына сіңіру – бүгінгі тәрбие жұмысының маңызды бір бөлігі. Осы бағытты басшылыққа алған «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасында балаларды ұлттық тәрбие негізінде қалыптастыруға ерекше мән беріледі. Бұл жөнінде мекеме меңгерушісі Шынар Мүберекова кеңінен әңгімелеп берді.– Біздің балабақшаның негізгі бағыты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдени мұрасын жас ұрпақтың бойына сіңіру. Осы мақсатта «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» жобасын жүзеге асырып келеміз. Өйткені ұлттық ойындар – халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұра. Оларды бала тәрбиесінде тиімді пайдалану арқылы бүлдіршіндердің ұлттық дүниетанымын қалыптастырып, туған халқының мәдениетіне деген құрметін арттыруға болады, – дейді бөбекжай-балабақша меңгерушісі Шынар Тыныштыққызы.
Меңгерушінің айтуынша, жобаның басты мақсаты – балаларды ұлттық ойындар арқылы халқымыздың тарихы мен дәстүрінен хабардар етіп қана қоймай, олардың бойында отансүйгіштік, достық, сыйластық, ұйымшылдық пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру.
– Жалпы, ойын – баланың қоршаған ортаны танып-білуіне, өзгелермен қарым-қатынас орнатуына және өмірлік дағдыларды меңгеруіне ықпал ететін маңызды құрал. Әсіресе, мектепке дейінгі жаста ойын арқылы берілген тәрбие баланың танымына жеңіл сіңіп, күнделікті әрекетімен ұштасады.
Ұлттық ойындардың тәрбиелік мәні де осында. Олар бүлдіршіндердің дене қимылын жетілдіріп, шапшаңдық пен ептілігін шыңдаумен қатар, ойлау қабілетін, зейінін, тапқырлығы мен байқағыштығын дамытады. Ойын барысында балалар ортақ ережеге бағынуды, бір-бірімен санасуды, серіктесіне қолдау көрсетуді үйренеді. Сонымен бірге жеңіске қуанып, жеңілісті сабырмен қабылдауға дағдыланады. Мұның бәрі баланың мінез-құлқы мен қарым-қатынас мәдениетінің қалыптасуына оң әсер етеді, – дейді балабақша меңгерушісі.
Жоба аясында тәрбиеленушілер арасында «Асық ату», «Ханталапай», «Бес асық», «Бестемше», «Арқан тарту», «Ақсерек – көксерек», «Орамал тастамақ», «Тақия тастамақ», «Соқыртеке» секілді ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Әр ойынның өзіндік ерекшелігі мен бала тәрбиесіне берер тағылымы бар. Мәселен, «Асық ату» дәлдікке, мергендікке және сабырлылыққа баулыса, «Бес асық» пен «Бестемше» ойлау қабілетін, есептеу дағдылары мен ептілікті дамытуға ықпал етеді. Ал «Арқан тарту» мен «Ақсерек – көксерек» балаларды бірлесіп әрекет етуге, күш-жігерін үйлестіруге және ұйымшылдыққа тәрбиелейді. Қимыл-қозғалысқа негізделген өзге ойындар да бүлдіршіндердің белсенділігін арттырып, ортаға бейімделуіне мүмкіндік береді.
Ұлттық ойынның өн бойында халықтың тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы мен тәлім-тәрбиесі тұнып тұр. Мұны жақсы түсінген балабақша тәрбиешілері әр ойынды ұйымдастырғанда оның ережесін түсіндіріп қоймай,оның шығу тарихын, атауының мәнін және халқымыздың өміріндегі орнын да әңгімелеп, балаларды әрбір ұлттық мұраның астарына үңілуге жетелейді. Осылайша, олар ойын арқылы баланың бойына таным мен тағылым қатар сіңіруде.
Шынар Тыныштыққызының айтуынша, балабақшада халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдени мұрасын бүлдіршіндерге таныту бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, мекемеде ұлттық киімдер мен тұрмыстық бұйымдар таныстырылып, ата-бабадан мирас болып қалған әдет-ғұрыптар мен жөн-жоралғылар жайында танымдық әңгімелер өткізіледі. Сонымен қатар тақырыптық көрмелер мен мерекелік шаралар да жүйелі түрде ұйымдастырылуда.
– «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасында қолға алынған бұл бастама аясында бүлдіршіндер халқымыздың асыл қазынасымен танысып, салт-дәстүрдің тағылымын ойын мен танымдық шаралар арқылы ұғынуда. Мұндай жұмыстар балалардың қызығушылығын арттырып, оларды татулыққа, ұйымшылдыққа және өзара сыйластыққа баулуға мүмкіндік береді, – дейді Шынар Тыныштыққызы.
Үйірме – үйренудің бастауы
Расында, баланың бойындағы қабілеттің ерте байқалып, қолдау табуы оның алдағы дамуына жол ашады. Ал сол қабілетті шыңдауға мүмкіндік беретін үйірмелер бүлдіршіннің қызығушылығын оятып, жаңа қырынан танылуына жағдай жасайды. Осы бағытта «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасында бірнеше үйірме жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы балалардың жас ерекшелігі мен қызығушылығына сай ұйымдастырылып, тілдік қарым-қатынасын, танымын, шығармашылығы мен әлеуметтік дағдыларын дамытуға бағытталған.Мәселен, «Коммуникативті дағдыларды дамытуға арналған ойындар» үйірмесінде балалар өз ойын анық жеткізуге, айналасындағылармен еркін сөйлесуге, бірін-бірі тыңдап, пікірін құрметтеуге дағдыланады. Ал «Сюжетті-рөлдік ойындар» үйірмесі бүлдіршіндердің күнделікті өмір туралы түсінігін кеңейтіп, қиялын ұштайды. Олар ойын барысында түрлі мамандық иелерінің рөлін сомдап, өмірлік жағдаяттарды өзара әрекет арқылы меңгереді. Бірі дәрігер, бірі мұғалім, енді бірі сатушы болып ойнай отырып, мамандықтардың ерекшелігін танып, ортақ шешім қабылдауға, келісімге келуге және өзіне жүктелген міндетті орындауға үйренеді. Мұндай ойындар балалардың дербестігін арттырып, жауапкершілік сезімін қалыптастыруға көмектеседі.
Бүлдіршіндердің шығармашылық әлеміне жол ашатын үйірмелердің бірі – «Қуыршақ театры». Ертегі кейіпкерлерін сомдау арқылы балалардың қиялы дамып, сөйлеу мәнері мен сахнада өзін ұстау дағдысы қалыптасады. Қойылымға қатысу олардың көпшілік алдында қысылмай сөйлеуіне, өзіне сенімді болуына ықпал етеді. Сонымен қатар ертегілердің мазмұны арқылы жақсылық пен жамандықты ажыратып, адамгершілік қасиеттерді тануға мүмкіндік алады.
Өнерге жақын бүлдіршіндердің музыкалық қабілетін шыңдауда «Музыкалық ойындар» үйірмесінің де орны ерекше. Әуен мен ырғаққа негізделген жаттығулар балалардың есту қабілетін жетілдіріп, қимыл үйлесімділігін дамытады. Ән мен музыкаға қызығушылығы оянып, әсемдікті сезінуі мен эстетикалық талғамы қалыптасады. Ең бастысы, музыка балаларға қуаныш сыйлап, ортақ әрекетке қатысу арқылы бір-бірімен етене араласуына мүмкіндік береді.
Балабақшадағы тәрбие бағыты ұлттық құндылықтарды дәріптеумен де сабақтасып жатыр. Осы ретте «Ұлттық ойындар» үйірмесі бүлдіршіндерді халқымыздың бай мұрасымен таныстыруға бағытталған. Ұлттық ойындар арқылы балалар шапшаңдық пен ептілігін шыңдап, тапқырлыққа, төзімділікке және ұйымшылдыққа үйренеді.
– Әр баланың бойында өзіндік бір қабілет, ерекше қызығушылық болады. Біздің міндетіміз – соны дер кезінде байқап, әрі қарай дамуына жол ашу. Үйірмелер арқылы балалардың шығармашылық ізденісіне қолдау көрсетіп, өз ойын еркін айтуына, қатарластарымен тіл табысып, ортақ іске белсене араласуына жағдай жасаймыз. Өйткені балабақшадағы әрбір жұмыс бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына ықпал етуі керек. Біздің мақсатымыз – білімге құштар, ойы еркін, шығармашыл әрі ұлттық құндылықтарды қадірлей білетін ұрпақ тәрбиелеу, – дейді Шынар Мүберекова.
Жетістік жолы – жүйелі еңбекте
Білім мен тәрбие саласындағы табыстың артында тынымсыз еңбек, үздіксіз ізденіс пен ортақ мақсатқа ұмтылған ұжымның бірлігі тұрады. Әсіресе, бүлдіршіндердің алғашқы қадамына бағыт беріп, бойындағы қабілетін ашуға күш салатын балабақша қызметкерлерінің еңбегі ерен. «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасының ұжымы да осы жолда жемісті еңбек етіп, 2025-2026 оқу жылында бірқатар жетістікке қол жеткізді.Ең алдымен, ұжымның кәсіби біліктілігі мен шығармашылық әлеуетін атап өткен жөн. Аудандық деңгейде ұйымдастырылған кәсіби байқауларда балабақша мамандары өздерінің тәжірибесі мен ізденісін танытып, жүлделі орындардан көрінді. Мәселен, балабақша меңгерушісі Шынар Мүберекова «Үздік меңгеруші» байқауында ІІІ орын иеленсе, әдіскер Гүлбану Жұлдызбаева «Үздік әдіскер» аталымы бойынша І орынға қол жеткізді. Ал Кәмшат Ермашова «Үздік тәрбиеші», Нұргүл Қалиева «Үздік дене тәрбиесі нұсқаушысы» байқауларында ІІІ орыннан көрінді.
Сонымен қатар Жадыра Темірханқызы аудандық педагогикалық оқуға қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталып, өз іс-тәжірибесін насихаттаудағы еңбегі үшін облыстық «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтының да Алғыс хатына ие болды.
Тәжірибе алмасу – кәсіби дамудың маңызды тетігі. Осы мақсатта өткен оқу жылында «Еңбекке баулу – тәрбиенің алтын діңгегі» тақырыбында аудандық семинар ұйымдастырылып, оған балабақшаның 12 педагогі қатысты. Ал «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында бүлдіршіндердің еңбек дағдыларын ойын арқылы дамыту» тақырыбындағы облыстық вебинарда 10 педагог өз тәжірибесін таныстырды.
Балабақша тәрбиеленушілері де түрлі байқауларда бақ сынап, өз өнерлері мен қабілеттерін танытып жүр. Мәселен, «Шебер әке, өнерлі ана, еңбекқор бала» байқауында тәрбиеленуші Інжу Сердалы ІІІ орынға ие болса, ал «Алақай – балақай» фестивалінде балабақша тобы «Белсенді топ» номинациясымен марапатталды. «Өнерім саған – Қазақстан» байқауында балабақша тәрбиеленушісі Сұлтанбек Шехризада топ жарып, өнер додасының аудандық кезеңінде І орын иеленді. Ал облыстық кезеңде ІІІ орынға қол жеткізді.
– Әрбір жетістіктің артында үлкен еңбек пен ізденіс бар. Біз педагогтердің кәсіби дамуына, балалардың бойындағы қабілетті ашып, оны жетілдіруге үнемі назар аударамыз. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарымызды жалғастырып, жаңа жетістіктерге жетуге күш саламыз, – дейді бөбекжай-балабақша меңгерушісі.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














