Қазалыда әкелер кеңесінің отырысы өтті
Отбасы құндылықтарын дәріптеу, әкенің бала тәрбиесіндегі орнын айқындау және әке өнегесін насихаттау мақсатында алғаш рет «Әкенің қоғамдағы рөлі» атты әкелер кеңесінің отырысы өтті.Руханият орталығында ұйымдастырылған бас қосуға аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев, зиялы қауым өкілдері, білім беру ұйымдарындағы Әкелер кеңестерінің төрағалары мен мүшелері және жас әкелер қатысты.
Сондай-ақ жиынға «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың VIII шақырылым депутаты Ержан Ескендір мен бірлестіктің Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары, Қызылорда қалалық филиалының төрағасы Болатбек Айтбенбетов арнайы келді.
Кездесуде әкенің қоғамдағы орны, отбасы тәрбиесіндегі жауапкершілігі және жас ұрпаққа үлгі болудың маңызы кеңінен сөз болды. Ержан Ескендір өз сөзінде әкенің бала өміріндегі рөліне ерекше тоқталып, ұрпақ тәрбиесінде әкелік жауапкершілікті арттырудың маңызын атап өтті.
Ал №276 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, облыстық Әкелер кеңесінің мүшесі Нұрсұлтан Құламетов әке өнегесін насихаттау, жас буынға бағыт-бағдар беру және мектеп пен отбасы арасындағы байланысты нығайту мәселелерін қозғады.
Өз кезегінде М.Матаев атындағы №170 мектеп-гимназияның ата-аналар комитетінің төрағасы Жеңісбек Аралбаев бала тәрбиесінде ата-аналардың белсенділігі айрықша рөл атқаратынын жеткізді.
Сонымен қатар, жиын барысында Қазалы аудандық Әкелер кеңесінің төрағасы сайланды. Қатысушылардың қолдауымен Е. Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің директоры Батырбек Тәңірбергенов аудандық Әкелер кеңесінің төрағасы болып тағайындалды.Тағылымды басқосу еңбек ардагері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазалы ауданының құрметті азаматы Қасқырбек Мәмбетжанның ақ батасымен қорытындыланды.













