Қазақстанда 4,5 миллионнан астам адам шағын және орта бизнесте жұмыс істейді

Қазақстанда соңғы жеті жылда шағын және орта бизнес саласындағы жұмыспен қамтылғандар саны 36,7 пайыз артты. Қазір бұл секторда 4,5 миллионнан астам адам еңбек етеді. Сонымен қатар кәсіпкерлікті қолдауға 10,2 триллион теңге көлемінде несие бөлінген.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бүгінде шағын және орта кәсіпкерлік саласында 4 527 381 адам жұмыс істейді. Бұл – елдегі жұмыспен қамтылған халықтың 48,6 пайызы. Салыстырмалы түрде алғанда, 2018 жылы аталған секторда 3,3 миллион адам еңбек еткен.
Осы кезеңде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 63,5 пайызға өсіп, 2,2 миллионға жетті.
Кәсіпорындардың өндірген өнімі мен көрсеткен қызметтерінің көлемі де айтарлықтай ұлғайған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 3,2 есе артып, 104,8 триллион теңгені құрады. Ал шағын және орта бизнестің елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 40,9 пайызға жеткен.
Сектордағы кәсіпкерлердің басым бөлігін жеке кәсіпкерлер құрайды. Олардың үлесі – 69 пайыз. Жеке кәсіпкерлер 2 миллионнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
Кәсіпорындар саны жағынан сауда саласы көш бастап тұр. Оның үлесіне барлық бизнес субъектілерінің 35 пайызы тиесілі. Ал жаңа жұмыс орындарын ашу әлеуеті өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларында жоғары екені атап өтілді.
Кәсіпкерлікте әйелдердің де үлесі елеулі. Қазіргі уақытта шағын және орта бизнес субъектілерінің 48,1 пайызын әйелдер басқарады.
Бизнесті қолдауға 10,2 триллион теңге бағытталған
2019-2026 жылдар аралығында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының жеңілдетілген несие беру, субсидиялау және кепілдендіру құралдары арқылы 176 716 бизнес-жоба қолдау алған. Оларға берілген несиелердің жалпы көлемі 10,2 триллион теңгені құрады.
Мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысқан кәсіпорындар 2019-2025 жылдары шамамен 695 мың жұмыс орнын сақтап, 60,5 мың жаңа жұмыс орнын ашқан.
Осы уақыт аралығында олар 128 триллион теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 8,5 триллион теңге салық төлеген.
Ауылдар мен шағын қалалардағы кәсіпкерлерге қолдау күшейеді
Елімізде кәсіпкерлікті дамытуға арналған жаңа қаржыландыру тетіктері де іске қосылған.
Соның бірі – 2025 жылғы маусымда басталған «Өрлеу» бағдарламасы. Ол басым салалардағы кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беруге бағытталған.
Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі, ақпараттық технологиялар, туризм, креативті индустрия және логистика салаларындағы жобаларға жылдық мөлшерлемесі 12,6 пайыздан аспайтын, 7 миллиард теңгеге дейін қаржыландыру қарастырылған.
Ал «Іскер аймақ» бағдарламасы ауылдар мен шағын қалалардағы микро және шағын бизнесті дамытуға арналған. Жоспар бойынша 2029 жылға дейін осы бағдарлама аясында жалпы құны 1,2 триллион теңге болатын 15 мыңға жуық жобаға қолдау көрсетіледі. Басымдық ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, азық-түлік, жиһаз және құрылыс материалдарын өндіру, сондай-ақ қолөнер салаларына беріледі.
Бұдан бөлек, «Даму» қорының базасында шағын және орта бизнес пен ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыруға көмектесетін екі кепілдік қоры жұмыс істейді.
Осылайша, шағын және орта кәсіпкерлік Қазақстандағы жұмыспен қамтудың маңызды салаларының біріне айналып отыр. Мемлекеттік қолдау шаралары алдағы жылдары өңірлердегі бизнесті кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталмақ.













