Тіл – ұлттың тұғыры
Тіл – халықтың асыл мұрасы, ұлттың болмысын танытатын басты құндылықтардың бірі. Ана тіліміз арқылы біз тарихымызды танып, салт-дәстүрімізді сақтап, кейінгі ұрпаққа рухани мұрамызды жеткіземіз. Сондықтан мемлекеттік тілге құрметпен қарау, оның қолданыс аясын кеңейту – әрбір азаматқа ортақ міндет.Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деп, тілдің ұлт өміріндегі маңызын айқындап берген. Шынында да, тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол халықтың ойлау жүйесін, мәдениетін, дүниетанымын қалыптастыратын рухани негіз.
Тілге деген құрмет ең алдымен отбасынан басталады. Бала күнделікті естіген сөзін бойына сіңіріп, айналасындағы адамдарға қарап үйренеді. Сондықтан ата-ананың балаға қазақ тілінде сөйлеп, ана тілінің байлығы мен көркемдігін танытуы маңызды. Отбасында қалыптасқан жақсы әдет баланың тілге деген қызығушылығын арттырып, оны еркін меңгеруіне ықпал етеді. Бұл ретте балабақша мен мектептің де орны ерекше.
Қазақ тілінің қоғамдағы қолданысын кеңейту үшін оны күнделікті өмірде көбірек қолдануға мән берген жөн. Үйде, жұмыста, қоғамдық ортада қазақша сөйлесу – мемлекеттік тілдің дамуына қосылған нақты үлес. Кейде тілді қолдау үлкен бастамалардан емес, қарапайым қарым-қатынастан басталады. Бір-бірімізбен ана тілімізде сөйлесіп, балаларымызды қазақша ойлауға және өз ойын еркін жеткізуге баулу арқылы тілдің өміршеңдігін арттыра аламыз.
Бүгінгі қоғамда бірнеше тілді меңгерудің маңызы зор. Өзге тілдерді білу білім мен мүмкіндіктерге жол ашады. Дегенмен басқа тілдерді үйренумен қатар, ана тілімізді де қадірлеп, оны жетік білуге ұмтылғанымыз дұрыс. Өйткені туған тілге деген сүйіспеншілік адамның өз тарихы мен мәдениетіне деген құрметінен көрінеді.
Қазақ тілі – бай сөздік қоры, көркемдігі мен мағыналық тереңдігі арқылы ерекшеленетін тіл. Оның мүмкіндігін толық пайдалану, сауатты сөйлеу мен дұрыс жазуға көңіл бөлу де тіл мәдениетін қалыптастырады. Мемлекеттік тілдің мәртебесі оны құрметтеумен ғана емес, күнделікті қолданыста кеңінен пайдалану арқылы да арта түседі.
Ана тілімізді сақтау мен дамыту әрқайсымыздың күнделікті ісімізден басталады. Отбасында қазақша сөйлеп, жас ұрпаққа тілдің қадірін түсіндіріп, қоғамдық ортада мемлекеттік тілді қолдануға көңіл бөлсек, ортақ мақсатымызға бір қадам жақындай түсеміз.
Тұрар АЙСАУЫТОВ,
Жанқожа батыр ауылдық
мәдениет үйінің әдіскері












