Қазалыда егінге орақ түсті
Қазалыда егін орағы басталып, диқандар алқаптардан өнімдерін жинауға кірісті. Облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев басқаратын «Сыр маржаны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Ақтан батыр ауылындағы күріш алқабында дәстүрлі алғашқы егістікке орақ түсу науқаны басталды.
Айтулы шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме-кәсіпорын мен шаруашылық басшылары, еңбек ардагерлері қатысты.
«Сыр маржаны» ЖШС егістік алқабы басында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай мен серіктестік директоры, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев биылғы жылғы егіннің жай-күйіне тоқталып, белгіленген мерзімде қамбаны астықпен толтыруға ниетті екендіктерін жеткізді.
Шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен ел ағалары егін жинау науқанына сәттілік тілеп, алғашқы егінге орақ түсу рәсімінің лентасын қиды.
Ел ырысы саналатын ақ маржанды ысырапсыз қамбаға жинауды мақсат тұтқан сырмаржандықтардың қарқынды жұмысы мен бітік шыққан егіннің көрінісі көз қуантады. Дихандарымыздың тынымсыз еңбектерінің арқасында қамбамыз астыққа толып, несібеміз артады деп сенеміз.
Айта кетейік, Қазалы ауданы бойынша биыл 17090 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Негізгі дақыл – күріштің көлемі 6587 гектар. Бүгінгі таңда аудан бойынша күріш орағына қатысатын 42 комбайн, 29 жатка, 115 трактор, 40 жүк көлігі және 59 трактор тіркемесі толықтай жөндеуден өткізіліп, егіс алқаптарында жұмыс атқаруда.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат