Құрылтай
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шырайы артқан шағын қала

Шырайы артқан шағын қала

Сыр елінің қазыналы қонысы – Қазалы ауданы бүгінде қарқынды дамудың жаңа белесінде. Өңірде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұмыстар, игі бастамалар мен жасампаз істер халықтың әл-ауқатын арттырып, ауданның сәулеттік келбетін түбегейлі өзгертуде. Жылдан-жылға өркендеп келе жатқан қасиетті мекеннің тыныс-тіршілігі мен жеткен жетістіктері көз қуантады. Бой көтерген ғажап ғимараттар көз тартып, алыстан менмұндалайды. Кәсіпкерлігі кең қанат жайып, түрлі нысандар халыққа қалтқысыз қызмет етіп тұр. Шалғайдағы ауыл-аймақтағы атқарылған жұмыстар легі де аз емес. Оның ішінде тарихты қойнауына бүккен, ескі орындар мен шежірелерден сыр шерткен Қазалы қаласының тұрмысы түзу. Қала жаңа тыныспен түрленіп, шағын қаланың шырайы артқан. Мұнда соңғы жылдары қарқынды жұмыстар қолға алынып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған кешенді шаралар қолға алынған. Жолдар жөнделді, білім ошақтары жаңартылуда. Қала әкімі Қайрақбай Орынбасаровтың айтуынша, атқарылған жұмыстар ауқымды, алдағы жоспарлар да аз емес.
Өткенге көз жүгіртсек, Қазалы қаласының іргесі 1853 жылы 16 маусымда қаланды. Қаланың іргетасын қалауда генерал-адъютант П.А.Перовскийдің рөлі ерекше болды. Ол Сырдария өзені бойымен Ақмешітке жасаған жорығы барысында стратегиялық маңызы бар аймақ ретінде осы өңірде №1 форт салуды ұсынған. Осылайша Қазалы қаласының негізі әскери бекініс ретінде қаланды. 1867 жылы №1 фортқа ресми түрде Қазалы қаласы атауы беріліп, ол Ресей империясы мен Орта Азия халықтары арасындағы маңызды сауда және әкімшілік орталыққа айналды. Қала арқылы керуен жолдары өтіп, сауда-саттық дамыды. «Қазалы» атауының шығуына байланысты бірнеше дерек бар. Соның бірі қазақтың «қаза» сөзімен байланыстырылады. «Қаза» – балықшылар қамыстан тоқып жасайтын балық аулау құралы. Бұл өңірдің Сырдария бойында орналасуы және балықшылықтың кең таралуы атаудың осы кәсіпке қатысты қалыптасқанын көрсетеді. Екінші бір дерек бойынша, Байұлы тайпасының «Алтын» руынан тарайтын «Қазалы» аталығы осы өңірге қоныстанып, елді мекен атауы солардың атымен байланысты қойылған. Қазалы қаласы 1867 жылдан 1928 жылға дейін уезд орталығы қызметін атқарды. Уездің құрамына қазіргі Қармақшы және Арал аудандарының аумақтары енген. Сол кезеңде қала аймақтың саяси, экономикалық және мәдени орталығы болды. Уезд бастығы полковник Арзамасов болған. Оның шашының ағарғанына байланысты жергілікті халық оны «Ақбас ояз» деп атаған. Сол уақытта Қазалы уезінде шамамен 89 966 адам тұрған. 1928 жылы Қазақстандағы әкімшілік-аймақтық реформаларға байланысты Қызылорда және Қазалы уездері таратылып, олардың негізінде Қызылорда округі құрылды. Осы өзгерістер нәтижесінде 1928 жылы 12 мамырда Қазалы ауданы құрылып, қала 1958 жылға дейін аудан орталығы болды. 1958 жылы аудан орталығы Жаңақазалы поселкесіне (қазіргі Әйтеке би кенті) көшірілді. Дегенмен Қазалы қаласы өзінің тарихи маңызын жоғалтқан жоқ. Кеңестік кезеңде Қазалы теміржол торабы ретінде қарқынды дамыды. Орынбор-Ташкент теміржол желісінің бойында орналасуы қаланың экономикалық және көлік қатынасы тұрғысынан маңызын арттырды. Қалада өндіріс орындары, теміржол депосы, әлеуметтік нысандар салынды. Тәуелсіздік жылдары Қазалы қаласы жаңарып, инфрақұрылымы дамып келеді. Қалада білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау салалары жетілдіріліп, тарихи орындар мен мәдени мұралар сақталуда. Бүгінде Қазалы – тарихы терең, тағылымы мол, Сыр өңіріндегі маңызды қалалардың бірі.

ӨҢІР ӨСІМІНІҢ ӨЗЕГІ
Экономика – мемлекеттің әл-ауқатын, халықтың тұрмыс деңгейін және елдің болашағын айқындайтын ең маңызды салалардың бірі. Бұл ұғым тек қана ақша айналымы немесе кәсіпорындардың жұмысы емес, ол – тұтас қоғамның өмір сүру жүйесі. Экономикалық тұрақтылық – мемлекеттің тәуелсіздігі мен әрбір азаматтың әлеуметтік әл-ауқатының тірегі. Ел экономикасының дамуы мемлекеттік саясатқа ғана емес, әрбір азаматтың еңбекқорлығына, қаржылық сауаттылығына және жаңашылдыққа ұмтылысына тікелей байланысты. Қазалы қаласында бүгінгі күнге 2 057 отбасы, барлығы 7 475 адам тұрады. Оның ішінде әйелдер – 3 769 адам, ерлер – 3 706 адамды құрайды. 2026 жылдың 6 айы Қазалы қаласында орналасқан мекеме және кәсіпкерлік субъектілеріне – 107 азамат тұрақты жұмысқа, маусымдық және уақытша жұмысқа – 46 адам орналасқан. Жастар тәжірибесімен 6 адам, 1 адам «Әлеуметтік жұмыс» жобасымен жұмысқа алыныпты.
– Қазалы қаласының дамуы кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Жоба мен жоспарлар оң нәтижеге қол жеткізіп, жемісін беруде. Алдағы уақытта да бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Инфрақұрылым дамыса, тұрғындардың да өмір сүру сапасы артып, оларға қолайлы орта қалыптасады. Биыл инфрақұрылымды жаңарту, тұрғын үй құрылысын арттыру және әлеуметтік саланы нығайтуға басымдық берілді. Былтыр 15 көшеге жүргізілген жөндеу жұмыстары. Жүйелі жұмыстың, уақыты жасалған нық қадамдардың нәтижесінде қазір қала жолдарының сапасы жақсарды. Сонымен қатар мемлекет қолдауымен инженерлік-коммуникациялық желілер жаңартылып, халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалуда. Қазалы қаласындағы республикалық санаттағы архитектуралық ескерткіштердің бірі – Ғанибай үйі. Халық арасында «Керуен сарайы» аталып кеткен бұл ғимаратқа реставрация жұмыстары жүргізіліп, қайта қалпына келтірілген болатын. Тарихи маңызы жоғары мұндай ғимаратты күтіп ұстау маңызды. Біршама көшенің құрылыс жұмыстары жаңғыртылып, жолдар жаңарды. Қалада көлік қозғалысын жақсарту және тұрғындардың өмір сүру ортасын қауіпсіз әрі қолайлы ету мақсатында көшелерді жаңарту жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Қаланың орталық аумақтарында жарықтандыру жүйесі толығымен жаңартылып, заманауи жарық құралдары іске қосылды. Қоғамдық көлік аялдамалары жаңартылып, тұрғындарға жайлы және ыңғайлы қызмет көрсету деңгейі артты. Биылғы жылдың 6 айы бойынша Қазалы қаласы әкімі аппаратының төртінші деңгейлі бюджетіне байланысты салықтық және салықтық емес түсімдер 38938,0 теңгеге жоспарланды және 40137,0 мың теңге қаржы түсіп, 103,1 пайызға орындалды. Қала бойынша 4 отбасыдағы 26 адамға 1408,8 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Тұрғын үй жәрдемақысына өтініш түспеді. Сонымен қатар, қаладағы 25 тұрмысы төмен, жалғызбасты және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлығы 500 мың теңгеге жуық қайырымдылық көмек көрсетілді, – дейді қала әкімі Қайрақбай Орынбасаров.

МҮЛТ КЕТПЕГЕН МҮМКІНДІК
Экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік әл-ауқаттың басты көрсеткіші – өңірдегі өндіріс пен бизнес саласының дамуы. Қалада бұл бағытта маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, экономиканы әртараптандыруға бағытталған бірқатар инвестициялық жобалар іске қосылып, халыққа сапалы қызмет көрсетуде. «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасының шарапатын көрген тұрғындар өз кәсібін ашып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мұрындық болуда. Қалада барлығы – 427 кәсіпкер тіркелген. Жұмыс жасап тұрғаны – 418 кәсіпкер, жабылған кәсіпкер – 122. Оның ішінде 1 шаруа қожалық, 25 заңды тұлға, 70 сауда нысандары, 20 такси, 5 жолаушылар көлігі халыққа қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, қаланың 306 тұрғыны аудан орталығында және орталық базарда түрлі кәсіппен айналысады. 2026 жылдың 5 айында 45 кәсіпкер тіркелген. Кәсіпкерлік саласында 100 адам жұмыспен қамтылған. Қазалы қаласында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 3 кәсіпкер 19,1 миллион теңгеге несие алған. Мансап орталығы арқылы жұмыссыз ретінде тіркелген адамдарға қайтарымсыз грант 7 кәсіпкерге 11,0 миллион теңге беріліпті.
Шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекеттің айрықша назар аударғаны жасырын емес. Жергілікті тұрғындар арасында кәсіпке ынталы азаматтардың қатары артты. Жас кәсіпкерлерді қолдаудан бөлек, орта бизнеске арналған тиімді бағдарламалар жүзеге асуда. Осындай қолдаудың нәтижесінде көкжиегін кеңейтіп отырған кәсіпкерлер жетерлік. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар қанатқақты жобаларымен кәсіп ашуға ниеттенгендерді қолдайды. Ал мұндай мүмкіндікті қалт жібермеген жандар Қазалы қаласында да бар. Олар туған жерін түлетумен қатар тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсетуде. Былтыр аудан әкімдігінің бастамасымен жалпы құны 59,1 миллион теңге болатын 17 жоба жүзеге асырылған. Соның ішінде Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және Жалаңтөс батыр ауылында арнайы 3 шағын өндірістік орталық ашылды. Аталған орталықтар шағын кәсіпкерлікті дамытуға серпін беріп, тұрғындарға өз ісін бастауға, сапалы қызмет пен өнім ұсынуға жол ашып отыр. Жалпы құны 38,1 миллион теңгені құрайтын 5 жоба «Ауыл аманаты» аясында іске қосылған. Бұл жобалар қатарында кондитер өнімдерін дайындау, кафетерий ашу, фастфуд өнімдерін шығару, гранолла таңғы асы мен балмұздақ өндіру секілді бағыттар қамтылған. Өз кезегінде тұрғындар тарапынан азық-түлік өндірісі мен тамақтану қызметтеріне сұранысы жоғары. Қазалы қаласындағы жеке кәсіпкер Нұрбек Қазбергеновтің «Қазалы» кәмпит цехының жұмысы қарқынды. Қазалының бренд өнімі шығатын цех алдағы уақытта конфеттің өнім көлемін арттырмақ. Кәмпит тек ауданға ғана емес, ел бойынша танымал өнім. Сонымен қатар кәсіпкер дүкенінің маңынан керек заттардың түр-түрін таба алатын тұрмыстық заттар дүкенін ашты.
Жылыжай – ауа райының қолайсыз жағдайларына қарамастан, жыл бойына немесе мерзімінен бұрын сапалы көкөніс, жеміс-жидек пен гүл өсіруге мүмкіндік беретін арнайы жабдықталған күрделі құрылыс. Қазіргі таңда бұл сала ауыл шаруашылығының ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының біріне айналды. Осы бағытқа арналған Қазалы қаласындағы кәсіпкерлік нысан – жергілікті кәсіпкер Салтанат Ражатованың көкөніс жылыжайы. Жеке кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 2023 жылы 8,6 миллион теңге несие иеленіп, жылыжай өсіруді қолға алған. 2023 басталған кәсіп алғашқы жемісін былтырдан бері бере бастаған. Алғашында кәсіпкер 160 шаршы метр аумаққа қияр егіліп, 800 келі өнім жиналған. Отбасымен жылыжай жұмысын жүргізе бастаған ол өнімге сұраныс бар екенін, несие шарттары өте тиімді екенін алға тартады. Иә, мемлекеттік бағдарлама аясында өз кәсібін бастап, жергілікті халықты өніммен қамтып отырған кәсіпкердің жұмысын әлде де жандандыруға тиісті қолдау көрсетілмек.
Сонымен қатар өңірде балық шаруашылығы ілгерілеп, көкжиегі кеңеюде. Аймақта балық өсіруге қолайлы су айдындары бар. Демек балық баптауда мүмкіндік көп деген сөз. Қазіргі таңда ауданда балық шаруашылығын дамыту мақсатында жеке кәсіпкерлер тоған шаруашылығымен айналысуды қолға алуда. Солардың бірі – Қазалы қаласындағы жеке кәсіпкер Райс Валиевтің тоған шаруашылығы. Жоба Қазалы қаласындағы Құрманай каналының бойында орналасқан. Бұл жоба – аудан көлемінде тауарлы балық шаруашылығын дамытуға бағытталған маңызды бастама. Жеке кәсіпкер Райс Валиев кооператив құру арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 31 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алуды жоспарлаған. Жоба сәтті жүзеге асқанда тоғанда сазан балығын өсіріп, оны нарыққа тауарлық бағытта ұсыну көзделген. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және аудан экономикасын дамытуға елеулі үлесін қосады. Қазалы ауданындағы тоған шаруашылығының қолға алынуы – бағдарламаның нақты іске асқан үлгісі болмақ.

ЖАҢАРУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
Кез келген елді мекеннің келбеті оның құрылыс қарқынымен өлшенетіні анық. Бүгінде аудан тазалығы мен әсемдігі жарасқан іргелі мекенге айналып келеді. Қазалы қаласындағы ой шұқырларды жөндеу жұмыстары 7586,2 мың теңгеге жүргізілген. Қаладағы полигон аумағын абаттандыру жұмыстарын 5609,0 мың теңгеге МК «Орда» жүргізуде. 2026 жылғы жергілікті бюджеттен Қазалы қаласының санитарлық тазарту жұмыстарына 16635,0 мың теңге «Қазалы келбеті-2019» АӨК-і танылып тиісті жұмыстар жүргізілуде. Көркейту, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына және аяқ су беру жұмыстарына 14504,3 мың теңге қаржы бөлініп жеңімпаз мердігер «Қазалы келбеті-2019» АӨК-і тиісті жұмыстар атқаруда. Сонымен қатар қаланың санитарлық тазарту жұмыстарына Қазалы ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен 48 адам ақылы қоғамдық жұмысшы негізінде жұмысқа алыныпты. Үстіміздегі жылдың 2 наурызында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жалпы халықтық ағаш егу шарасын өткізу мақсатында Қазалы қаласынан Ақтан батыр ауылына шыға беріс жолының жиегінен ашылған 0,75 гектар жер учаскесіндегі «Жасыл белдеуге», мекеме аулаларына және көшелердің бойына қаладағы мекеме, кәсіпорындармен бірлесіп 2300 дана тал көшеттері мен қаламшалар отырғызылған. Бұған қоса көше бойындағы түнгі жарықшам бағаналарын, бағдаршам тұғырларын, алаңдар мен саябақтардың темір қоршауларын, орындықтарын және аялдамаларды сырлау, тал ағаштарының түптері мен жол жиегіндегі бордюрлерді ақтау жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда қаладағы 21 мекеме мен кәсіпорынмен тығыз ынтымақтастықта көшелер, шеткі аумақтар, қоғамдық алаңдар мен саябақтар жүйелі түрде тазартылуда.
Өткен жылы Қазалы қаласының көше бойы мен саябақтардағы тал ағаштарына және тұрғындардың үй іргелік бақшалық жерлеріне аяқ су беру кестесіне өзгерістер енгізіліп, қаланың батыс беткейінде орналасқан СНП-500/10 маркалы насос арқылы 10 күнде 4 рет, оңтүстік шығыс жақ беткейінде орналасқан СНП-500/10 маркалы насос арқылы 10 күнде 3 рет және солтүстік беткейінен арнайы жылжымалы насоспен 10 күнде 3 рет аяқ су беру қолға алынып, кестеге сай берілді.

БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАЙ
Қала әкімдігі білім саласын дамытуға да ерекше назар аударған. Оқушылар мен бүлдіршіндердің жайлы әрі қауіпсіз ортада білім алып, тәрбиеленуі үшін нақты шаралар қолға алынған. Мәселен, №95 мектеп пен бірнеше балабақшада жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимараттардың техникалық жай-күйі жақсартылған. Бұл жұмыстар оқу үдерісінің сапасын арттырып қана қоймай, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де оң ықпал етуде. Жалпы Қазалы қаласында М.Горький атындағы №16, Ғ.Мұратбаев атындағы №17 және Қ.Нұрмаханов атындағы №95 орта мектептері орналасқан. Бүгінде білім ошақтарының жұмысы қарқын алып, ұстаздары да, оқушылары да білім бәйгелерінде топ жарып жүр. Сондай-ақ мектептердің бу қазандықтарының жай-күйі тұрақты, жылу беру маусымы еш кедергісіз өтеді деген сенімде. Мектеп асханалары мен спорт залдарының жағдайы ұдайы бақылауда. Балаларға әзірленген тамақтың күнделікті ас мәзіріне, асхананың жалпы санитарлық жағдайына көңіл бөлініп, баланың дұрыс тамақтануына мән беру, сыныптардың керекті жабдықтармен жабдықталуы, білім сапасын жетілдіре түсу, мектептердің ауласын көркейту-көгалдандыру мен тазалық жұмыстары сала басшыларының бақылауында. Қазалы қаласындағы М.Горький атындағы №16 мектептің жанында орналасқан №1-ші Қазалы қалалық кітапханасының жұмысы да жүйелі. Қазіргі таңда мұнда 42 142 кітап қоры болса, Алтын қорында 78 дана кітап бар. Алтын қордағы ең көне кітап – 1861 жылы славян тілінде жарық көрген «Үстел сөздігі» кітабы екен. Қалалық кітапхана орналасқан ғимарат 1912 жылы салынған. Бұл шығыстың жарық жұлдызы Ғани Мұратбаев білім алған №16 мектептің ескі ғимараты.

ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСАДЫ
Қазалының басты байлығы – еңбекқор, өлкеміздің көркеюіне үлес қосып жүрген қарапайым тұрғындар. Жергілікті кәсіпкерлердің бастамасымен және еріктілердің қатысуымен жүзеге асып жатқан қайырымдылық шаралары, ауланы тазарту және көгалдандыру жөніндегі сенбіліктер ел бірлігінің жарқын көрінісі. Қаладағы әлеуметтік нысандар жаңартылып, мұқтаж жандарға қол ұшын созу дәстүрге айналған. Бұл – қазалылықтардың өз туған жеріне деген шексіз махаббаты мен жанашырлығының дәлелі.
Сала мамандарының айтуынша, қазір қалада спортпен шұғылданушылар саны күн санап артып келеді. Ал мұндағы балалар мен жасөспірімдер үшін арналған заманауи спорт кешені спортпен шұғылданатын орынға айналған. Айта кетерлігі, бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына қолайлы жағдай жасалуда. Осы мақсатта қаланың екінші бөлігінде тұрғындардың күнделікті жаттығуына арналған ашық спорт алаңдары тұрақты түрде жұмыс істеуде. Болашақта спорт инфрақұрылымын әрі қарай дамыту аясында жабық спорт кешенін салу жоспарлануда. Осы мақсатта жоба-сметалық құжаттар дайындалып, қазір қаржыландыру мәселесін шешуге бағытталған жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде.
Түнгі уақытта шет аймақтарға заңсыз қоқыс тастау мәселесі аудан бойынша әлі де өзекті. Бұл мәселе қаланы да толғандырып отыр. Осы заңсыз қоқыс төгетін орындарды анықтап, жоюға бағытталған жұмыстар қала әкімдігінің қызметкерлерімен жүйелі түрде жүргізілуде. Заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрғындарға ескерту парақтары таратылып, кең көлемді түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылуда. Сонымен қатар түнгі мезгілде әкімдік қызметкерлері күнделікті рейдтер жасап, заңсыз қоқыс тастағандарға айыппұл салу шараларын қолдануда. Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, бұл күрес алдағы уақытта да тоқтамай, одан әрі жүйелі түрде жалғасын таппақ.

Түйін: Алдыңғы жылдары ауданда бірнеше жыл бұрын басталып тоқтап қалған Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығындағы 7 шақырымды құрайтын жолға күрделі жөндеу жұмыстары сол кездегі аймақ басшысының қолдауымен қайта басталып, төрт жолақты жол пайдалануға берілген болатын. Аталған төрт жолақты жолда кент пен қала аралығындағы жолдың түнгі жарықшамдары орнатылып, екі орта жарқырап тұр. Иә, Қазалы ауданы бүгінде нақты істер мен игі бастамалардың мекеніне айналды. Атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен жүйелі тірліктер елдің ертеңге деген сенімін нығайтып, туған жердің әлеуетін арттыра түсуде. Еңбегін бағалап, бір жағадан бас, бір қолдан жең шығарған қазалылықтардың бұл жетістігі – әрбір азаматтың ортақ мақтанышы.

Айнұр ӘЛИ
08 тамыз 2026 ж. 19 0

Облыстан бұйырған олжа

08 тамыз 2026 ж. 22

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31