Құрылтай
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар тәрбиесі – болашаққа бағдар

Жастар тәрбиесі – болашаққа бағдар

Ұлттың келешегі – бүгінгі жас ұрпақтың тәрбиесіне тікелей байланысты. Білім мен тәрбиені қатар ұстанған, заңды құрметтеп, ұлттық құндылықты қастерлей білетін буын ғана елдің еңсесін тіктеп, мемлекеттің тұғырын нығайта алады. Сондықтан жастардың рухани дүниесін байыту, құқықтық мәдениетін қалыптастыру және ұлттық санасын нығайту – бүгінгі қоғамның ортақ міндеті. Осы өзекті мәселелер аудан көлемінде өткен «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты кеңейтілген мәжілісте кеңінен талқыланды.
Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған басқосуға аудан прокуроры Мадияр Бекпанов, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері, мекеме басшылары, ата-аналар комитетінің мүшелері, мектеп директорлары мен аудан жастары қатысты.
Жиынның мазмұнын байыта түскен арнайы қонақтар қатарында Астана қаласындағы «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы, дінтанушы-теолог Нұрлан Асанов, ақын, «Алтын домбыра» республикалық айтысының үш дүркін иегері, облыстық мәслихат депутаты, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық-драма театрының директоры Мұхтар Ниязов және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Күміс қалам – 2025» байқауының жүлдегері Ақжол Түменбай болды. Олар жастармен еркін пікір алмасып, елдік сана, ұлттық тәрбие, рухани құндылықтар мен азаматтық жауапкершілік төңірегінде тағылымды ойларын ортаға салды.
Жиынды ашқан аудан басшысы өскелең ұрпаққа сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беру – мемлекет пен қоғам алдындағы ортақ міндет екенін атап өтті. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарды еңбекқорлыққа, тәртіпке, отансүйгіштікке және заңды құрметтеуге тәрбиелеу жөніндегі ұстанымдарына тоқталып, отбасы, мектеп және мемлекеттік институттардың өзара үйлесімді жұмысы ғана нәтижелі тәрбиеге жол ашатынын айтты. Сондай-ақ Конституция аясында заң үстемдігін нығайту, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және жауапты азамат тәрбиелеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударды.
Мәжілісте сөз алған теолог Нұрлан Асанов жастардың теріс діни ағымдардың ықпалына ермеуі үшін ең алдымен отбасындағы тәрбиенің берік болуы керектігін айтты. Оның пікірінше, рухани иммунитетті қалыптастыру мен діни сауаттылықты арттыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Ұлттық таным мен дәстүрлі құндылықтарды бойына сіңірген жас буын ғана жат идеологияның жетегіне ермейді.
Айтыскер ақын Мұхтар Ниязов ұлттық тәрбиенің алтын қазығы – отбасы екенін ерекше атап өтті. Ол ата-ананың жауапкершілігі, ұрпақ сабақтастығы, ана тілі мен ұлттық болмыстың қадірі туралы тебірене сөз сөйлеп, жастарды туған жерін, елін сүйетін, намысты азамат болып қалыптасуға шақырды.
Ал ақын Ақжол Түменбай әдебиеттің адам жанын тәрбиелейтін құдіретіне тоқталып, кітап оқу мәдениеті мен ұлттық руханияттың жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастырудағы орны ерекше екенін әсерлі мысалдармен жеткізді.
Кеңейтілген мәжілісте аудан прокуроры Мадияр Бекпанов жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру бағытында қолға алынған жұмыстар туралы баяндады. Ол заңға құрмет пен құқықтық мәдениет әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы керектігін атап өтті.
Жиын соңында жастар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, қонақтармен ашық пікір алмасты. Басқосуда жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, құқықтық және рухани тәрбиені күшейту бағытындағы жұмыстарды мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары, ата-аналар және қоғам болып бірлесе жалғастыру қажеттігі айтылды.
Тағылымды кездесуде көтерілген мәселелер жастар тәрбиесі – бір ғана отбасының немесе мектептің емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Саналы ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған мұндай мазмұнды кездесулердің маңызы зор. Өйткені бүгінгі жасқа берілген дұрыс тәрбие мен берік бағыт – елдің ертеңіне қаланған ең сенімді іргетас.
А. ЖҮСІПОВА
08 тамыз 2026 ж. 23 0

Облыстан бұйырған олжа

08 тамыз 2026 ж. 22

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31