Құрылтай
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жан-жақтылық жаңашыл дәрігердің жолы

Жан-жақтылық жаңашыл дәрігердің жолы

Заманауи медициналық саясат – халықтың денсаулығын сақтау, медициналық қызметтің сапасын арттыру және оның қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік стратегия. Қазіргі денсаулық сақтау саласы тек кәсіби біліммен шектелмей, үздіксіз ізденіс, жаңашылдыққа бейімділік пен науқасқа деген жанашыр көзқарасты талап етеді. Осындай қасиеттерді бойына сіңірген жас маман, Қазалы теміржол ауруханасының дәрігері Мөлдір Алдасыберген.
Медицинадағы кадрлық әлеует – халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге қабілетті медицина мамандарының жиынтық мүмкіндігі. Бүгінгі медициналық саясатта бұл көрсеткіш жүйенің тиімділігін анықтайтын басты фактор. Шағын ауылдан шығып, әсем қала Алматыдағы өзі армандаған жоғары оқу грантына ие болған арудың алдында бір ғана мақсат болады.
Санаулы үйлерден тұратын ауылдағы жанына шипа іздегендер үшін жалғыз тірек – Фатима есімді ауыл фельдшері болатын. Қолынан келген жан-жақты көмегін аямай, тұрғындардың дербес шипагеріне айналған ақ халатты абзал жан күн-түн демей, кімнің мазасы қашып, ауырса да, тыным таппай жүгіріп жүретін. Ал дәрігерлер мен аурухана бұл ауылдан бірнеше шақырым қашықтықтағы округ орталығында орналасқан. Әсіресе, қыстың күні немесе көктемгі лайсаңда жолдың қиындығынан сол орталыққа жетудің өзі үлкен мұң еді. Кейде науқастың жағдайы ушығып жатқанда, көлік түгіл, жаяу жүрудің өзі азапқа айналатын.
Міне, осындай қиын сәттерді көзбен көріп, жүрегімен сезінген кішкентай қыздың көңіл түкпірінде үлкен арман оянады. Отбасының да бұл таңдауға ықпалы мен талабы жоғары болады. Қыздарының адам жанының арашасы атануын ата-анасы өзінен де артық армандайды. Ал бұл қиын да қадірлі жолды еңсеру – өзіне артылған үміт пен сенімге селкеу тісірмес үшін берген адал уәдесі еді.
Медицина – жай ғана мамандық емес, бұл – жүрек қалауы, үлкен жауапкершілік. Осындай мамандықты өмірлік серік еткен Мөлдір 2009 жылы С.Ж.Асфендияров атындағы ұлттық медицина университетіне оқуға түсіп, өз ұстанымының алғашқы қадамдарын жасайды.
2016 жылы жалпы медицина мамандығын сәтті аяқтаған жас туған өңірі – Қазалы ауданына оралады. Қазалы теміржол ауруханасының емхана бөлімшесінде балалар дәрігері болып еңбек жолы басталады.
Жалғасы 2-бетте
Педиатрия – медицина саласындағы ең жауапты әрі ерекше мейірімділікті талап ететін бағыттардың бірі. Балалар дәрігері болудың өз ауыртпашылығы мен қайталанбас қиындықтары бар. Бұл мамандықтың қыр-сырын сырттай көру бір басқа да, күнделікті тәжірибеде сезіну үлкен төзімділікті қажет етеді.
Балалардың ауырғанын көру, аналарының алаңын сезіну кез келген дәрігердің жүрегіне эмоционалдық ауырлық салады. Мұндайда мазасызданған ата-аналардың үрейін басып, оларға дұрыс қолдау көрсету де қосымша күш жұмсауды талап етеді.
Бала ағзасы ересектерге қарағанда әлдеқайда нәзік әрі өзгеше. Дәрі-дәрмек мөлшерін есептеуде немесе ем тағайындауда қателік жібермеу қатаң зейін мен жоғары кәсібилікті күтеді.
Барлық қиындықтарға қарамастан, балалар дәрігеріне ауырған сәбидің қайтадан күлімсіреп, көзіне қуаныш ұялағанын көру, ата-ананың алғысын есту –маңдай тер мен еткен еңбегін ақтайтын бірден-бір құндылық саналады. Осы қызметті 8 жыл жемісті атқарған ол тәжірибесін ұштастырып, біліктілігін арттыруды мақсат тұтады. Жалпы тәжірибелі дәрігер ретінде халыққа қызметін жалғастырады.
Жалпы тәжірибелі дәрігер – барлық жастағы отбасы мүшелеріне алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін әмбебап маман. Ол аурулардың алғашқы белгілерін ерте анықтап, ем жүргізетін «бастапқы буын» тірегі.
Негізгі қызметінің бірі – алғашқы диагностика және емдеу. Науқастың шағымын тыңдап, қарап-тексеруден өткізген соң жалпы терапиялық ауруларды дербес емдейді. Қан қысымының көтерілуі немесе қант диабеті сияқты созылмалы дерттерді бақылауда ұстайды.
Тұрғындар арасында аурулардың алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Белгілі бір жас санаттары бойынша қатерлі ісіктер, жүрек-қан тамырлары патологияларын ерте сатыда анықтау үшін скринингтер мен профилактикалық қарап-тексерулерді ұйымдастырады.
Балалар мен ересектерге арналған екпе күнтізбесіне сәйкес, екпелердің уақтылы жасалуын қадағалап, балаларды және қажетті контингентті иммундау жұмыстарын жүргізеді.
Басқа мамандарға бағыттау да жалпы тәжірибелі дәрігер жұмысы.
Емделуші жағдайы терең тексеру немесе өзге тар сала маманның көмегін талап етсе, оны тиісті дәрігерге уақтылы жолдайды.
Созылмалы аурулары бар науқастарды диспансерлік есепке алып, жағдайын тұрақты түрде тексеріп, қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді реттейді.
Сондай-ақ халыққа дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден бас тарту, дене белсенділігін арттыру және гигиена ережелерін сақтау бойынша кеңес беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Дәрігер үшін әрбір науқастың саулығы – ең басты құндылық. Сондықтан ол медицинаның соңғы жетістіктерін тұрақты түрде меңгеріп, заманауи емдеу тәсілдерін тәжірибеде тиімді қолдануға күш салады. Біліктілікті арттыру курстарына қатысып, ғылыми мақалаларды оқып, тәжірибелі әріптестерінің іс-тәжірибесінен үйрену де күнделікті кәсіби өмірінің ажырамас бөлігіне айналған.
Ізденімпаз маман медицинадағы цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін де тиімді пайдалануға мән береді. Диагностиканың жаңа әдістерін игеріп, дәлелді медицина қағидаларын басшылыққа ала отырып, әрбір науқасқа жеке көзқарас қалыптастыруды мақсат етеді. Оның пайымынша, дәрігердің кәсіби дамуы ешқашан тоқтамауы тиіс. Себебі ғылым күн сайын жаңарып, медицина саласына тың технологиялар мен емдеу тәсілдері енгізілуде.
Әріптестері арасында да жауапкершілігі, еңбекқорлығы және жаңашыл бастамаларға ашықтығымен ерекшеленген маман жұмысын сапалы атқарып қана қоймай, ұжымдағы тәжірибе алмасуға, кәсіби пікірталастарға белсенді қатысып, ортақ істің дамуына үлес қосып келеді.
Науқастармен қарым-қатынаста әдептілік пен мейірімділікті басты қағида санайтын жас маман әр адамның мәселесіне түсіністікпен қарайды. Ол үшін емдеу – тек диагноз қою емес, адамға сенім ұялатып, психологиялық қолдау көрсету. Халық сенімі және дәрігерлік этиканы сақтау – басты ұстанымы.
Қазіргі таңда Мөлдір Алдасыбергенова қарайтын аймақта 2 мыңнан астам тұрғын медициналық көмекпен қамтылған. Оның ішінде бір жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер және диспансерлік есепте тұратын науқастар ерекше бақылауда.
Бірде аймағындағы егде жастағы әйел адам келіп, көмек сұрайды. Жағдайын толық қарап, диагноз қойып, тағайындамаларын жасап болған соң, дерттің себебін сұрайды. Науқас ауруының стресстен басталуы мүмкін екенін айтады. Қасындағы фельдшерді сыртқа шығарып, оңаша сөйлескенде, әйел дәрігерді құшақтап, көз жасына ерік береді. Сол сәтте ол адам жанының жанашыры болу – науқастың жан дүниесіне терең үңіле білу екенін түсінеді. Содан бері әлгі науқас диагнозы ауыр болса да, дәрігердің жылы сөзін күтіп, үміт артатын болған. Міне, бұл – нағыз кәсібиліктің, жүрек жылуының көрінісі.
Медицина мен отбасы міндетін қатар алып жүрген Мөлдір Нұрадинқызы – үлгілі жар, аяулы ана, өсіп-өнген әулет қарашаңырағындағы келін.
2013 жылы студенттік шағында отбасы құрған жұптар бүгінгі таңда 3 баланың ата-анасы. Жолдасы Мейірбек Малиев – теміржол саласының қызметкері.
Дәрігердің түнгі ұйқысын бөліп, халыққа адал қызмет етуінің артында сенімді тірек – отбасы мен жолдасының қолдауы тұр. Аймақтағы әрбір ауырған бала немесе толғандырған жүкті әйел үшін уайымдап, қам жеген сәттерде жақындары әрдайым күш-қуат беріп, демеу болады.
Ұлт денсаулығы – мемлекет үшін ең жоғары құндылық.
Бүгінге дейін жас болса да, бірнеше биікті бағындырған Мөлдір Нұрадинқызы үнемі ізденіс үстінде жүретін, жаңашыл көзқарастағы маман. Ол үшін аурулардың алдын алу және оларды ерте сатыда анықтау, табылған ауруларды уақтылы емдеп, асқынудың алдын алу, аймақтағы балалар мен ересектерге профилактикалық тексерулер мен скринингтік жұмыстарды сапалы жүргізу маңызды.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
08 тамыз 2026 ж. 23 0

Облыстан бұйырған олжа

08 тамыз 2026 ж. 21

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31