Қанат жайған көсіле, ауданның төргі төсіне
Аймақтың батысында ойып тұрып орын алатын ауданның тарихы әріден бастау алады. Ғасырға жуық сыр шертер мекеннің бүгінгі тынысы тым бөлек. Бой көтерген ғажап ғимараттар көз тартып, алыстан менмұндалайды. Кәсіпкерлігі кең қанат жайып, түрлі нысандар халыққа қалтқысыз қызмет етіп тұр. Аудан экономикасы өркендеп, өрелі істер көз қуантып келеді. Инфрақұрылым игілігін көрген тұрғындарға да қолайлы жағдай жасалуды. Шалғайдағы ауыл-аймақтағы атқарылған жұмыстар легі де аз емес. Оның ішінде тарихты қойнауына бүккен, ескі орындар мен, шежірелерден сыр шерткен Қазалы қаласының тұрмысы түзу. Қала жаңа тыныспен түрленіп, шағын қаланың шырайы артқан. Мұнда соңғы жылдары қарқынды жұмыстар қолға алынып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған кешенді шаралар қолға алынған. Жолдар жөнделді, білім ошақтары жаңартылуда. Қала әкімі Қайрақбай Орынбасаровтың айтуынша, атқарылған жұмыстар ауқымды, алдағы жоспарлар да аз емес.Тарихқа көз жүгіртсек, Қазалы қаласы – Қазақстанның оңтүстігінде, Сырдарияның төменгі ағысындағы терең тарихы бар қалалардың бірі. 1928 жылы сәуір пленумының шешіміне сәйкес Қазақстан әкімшілік-аймақтың бөлінісіне байланысты Қызылорда және Қазалы уездері таратылып, бұрынғы екі уездің негізінде Қызылорда округі құрылды. Округтік комитеттің Қазалы және Қызылорда уездерін аудандастыру жөніндегі қаулысы бойынша 1928 жылғы 12 мамырда Республикада алғашқылардың бірі болып Қазалы ауданы құрылды. Алпыс бір жыл бойы уез орталығы болған Қазалы аудан болды. Соғыс аяқталып, ел тыныш өмірге ене бастаған уақытта аудан орталығы Әйтеке би (Жаңақазалы) кентіне ауыстырылды. Бұл 1958 жылы еді. Ол кезде ауданның бірінші хатшысы Бердіқұлов Камаладдин болды. Ол сол кездегі солақай саясат бойынша орталықты Әйтеке би кентіне көшірде де Қазалы қаласы одан әрі дамудан кенже қалды. Уақыт өтті. Аяқтан нық тұрған қала қатарынан қалмай, біршама тірліктің басын қайырды. Сыр бойындағы тұнып тұрған тарихы бар рухани қазыналы бай өлкедегі өрісті істердің легі қандай?
ӨРКЕНДІ ІСТЕР ӨРГЕ СҮЙРЕЙДІ
Қазалы қаласының дамуы кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Жоба мен жоспарлар оң нәтижеге қол жеткізіп, жемісін беруде. Алдағы уақытта да бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылмақ.
– Инфрақұрылым дамыса, тұрғындардың да өмір сүру сапасы артып, оларға қолайлы орта қалыптасады. Биыл инфрақұрылымды жаңарту, тұрғын үй құрылысын арттыру және әлеуметтік саланы нығайтуға басымдық берілді. Атқарылған іргелі істердің бірі – 15 көшеге жүргізілген жөндеу жұмыстары. Жүйелі жұмыстың, уақыты жасалған нық қадамдардың нәтижесінде қазір қала жолдарының сапасы жақсарды. Сонымен қатар мемлекет қолдауымен инженерлік-коммуникациялық желілер жаңартылып, халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалуда. Қазалы қаласындағы республикалық санаттағы архитектуралық ескерткіштердің бірі – Ғанибай үйі. Халық арасында «Керуен сарайы» аталып кеткен бұл ғимаратқа реставрация жұмыстары жүргізіліп, қайта қалпына келтірілген болатын. Тарихи маңызы жоғары мұндай ғимаратты күтіп ұстау маңызды. Қайта жаңғырту жүргізіліп жатқан Ерлепесов, Мергенбаев, Уалиханов, Рахашұлы, Әйтеке би, Жалаңтөс батыр, Хегай Гер Сек, Бәкішев, Ж.Жабаев және Жақаев сынды көшенің құрылыс жұмыстары жаңғыртылып, жолдар жаңарды, – дейді қала әкімі Қайрақбай Орынбасаров.
Қалада көлік қозғалысын жақсарту және тұрғындардың өмір сүру ортасын қауіпсіз әрі қолайлы ету мақсатында көшелерді жаңарту жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Биыл тамыз айынан бастап бірнеше негізгі және кіші көшелерге асфальт және қиыршық тас төсеу бастау алған болатын. Оған мемлекеттік бюджеттен 718 миллион теңге бөлінген. Жаяу жүргіншілер жолдарын кеңейту және жаңасын салу жұмыстары да белсенді жүзеге асырылуда. Қаланың орталық аумақтарында жарықтандыру жүйесі толығымен жаңартылып, заманауи жарық құралдары іске қосылды. Қоғамдық көлік аялдамалары жаңартылып, тұрғындарға жайлы және ыңғайлы қызмет көрсету деңгейі артты. Жол белгілері мен бағдаршамдар толықтай жаңартылып, көлік қозғалысын басқарудың жаңа заманауи жүйесі енгізіледі деп жоспарлануда. Сайып келгенде бұл қаладағы жол қауіпсіздігін нығайтпақ.
Қалада көлік қозғалысын жақсарту және тұрғындардың өмір сүру ортасын қауіпсіз әрі қолайлы ету мақсатында көшелерді жаңарту жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Биыл тамыз айынан бастап бірнеше негізгі және кіші көшелерге асфальт және қиыршық тас төсеу бастау алған болатын. Оған мемлекеттік бюджеттен 718 миллион теңге бөлінген. Жаяу жүргіншілер жолдарын кеңейту және жаңасын салу жұмыстары да белсенді жүзеге асырылуда. Қаланың орталық аумақтарында жарықтандыру жүйесі толығымен жаңартылып, заманауи жарық құралдары іске қосылды. Қоғамдық көлік аялдамалары жаңартылып, тұрғындарға жайлы және ыңғайлы қызмет көрсету деңгейі артты. Жол белгілері мен бағдаршамдар толықтай жаңартылып, көлік қозғалысын басқарудың жаңа заманауи жүйесі енгізіледі деп жоспарлануда. Сайып келгенде бұл қаладағы жол қауіпсіздігін нығайтпақ.Сонымен бірге мұнда жасыл аймақтарды кеңейту жұмыстары да қарқын алған. Биыл кәріз жүйелерін жаңғырту жобасы іске қосылып, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинау жүйесі енгізілген. Осы жылы 5 гектар аумақта жаңа жасыл аймақ құрылып, 6000 түп ағаш отырғызылған. Су арналарын тазалау жұмыстары жүргізіліп, ауа сапасын бақылау үшін жаңа заманауи экологиялық мониторинг жүйесі орнатылды. Көркейту, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына 4 миллион 950 мың теңге бөлініп, аталған жұмыстар «ALISER Company» ЖШС-і тарапынан сапалы атқарылуда.
БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАЙ
Қала әкімдігі білім саласын дамытуға да ерекше назар аударған. Оқушылар мен бүлдіршіндердің жайлы әрі қауіпсіз ортада білім алып, тәрбиеленуі үшін нақты шаралар қолға алынған. Мәселен, №95 мектеп пен бірнеше балабақшада жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимараттардың техникалық жай-күйі жақсартылған. Бұл жұмыстар оқу үдерісінің сапасын арттырып қана қоймай, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де оң ықпал етуде. Жалпы Қазалы қаласында М.Горький атындағы №16, Ғ.Мұратбаев атындағы №17 және Қ.Нұрмаханов атындағы №95 орта мектептері орналасқан. Бүгінде білім ошақтарының жұмысы қарқын алып, ұстаздары да, оқушылары да білім бәйгелерінде топ жарып жүр. Сондай-ақ мектептердің бу қазандықтарының жай-күйі тұрақты, жылу беру маусымы еш кедергісіз өтеді деген сенімде. Мектеп асханалары мен спорт залдарының жағдайы ұдайы бақылауда. Балаларға әзірленген тамақтың күнделікті ас мәзіріне, асхананың жалпы санитарлық жағдайына көңіл бөлініп, баланың дұрыс тамақтануына мән беру, сыныптардың керекті жабдықтармен жабдықталуы, білім сапасын жетілдіре түсу, мектептердің ауласын көркейту-көгалдандыру мен тазалық жұмыстары сала басшыларының бақылауында. Қазалы қаласындағы М.Горький атындағы №16 мектептің жанында орналасқан №1-ші Қазалы қалалық кітапханасының жұмысы да жүйелі. Қазіргі таңда мұнда 42 142 кітап қоры болса, Алтын қорында 78 дана кітап бар. Алтын қордағы ең көне кітап – 1861 жылы славян тілінде жарық көрген «Үстел сөздігі» кітабы екен. Қалалық кітапхана орналасқан ғимарат 1912 жылы салынған. Бұл шығыстың жарық жұлдызы Ғани Мұратбаев білім алған №16 мектептің ескі ғимараты.
КӘСІПТЕР БАР СҰРАНЫСЫ ТЫМ БӨЛЕК
Аудан кәсіпкерлікте қанатын кеңге жаюда. Оған дәлел екі қолға бір күрек ұстап, кәсібін дөңгелеткендер қатары артқан. Шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекеттің айрықша назар аударғаны жасырын емес. Жергілікті тұрғындар арасында кәсіпке ынталы азаматтардың қатары артты. Жас кәсіпкерлерді қолдаудан бөлек, орта бизнеске арналған тиімді бағдарламалар жүзеге асуда. Осындай қолдаудың нәтижесінде көкжиегін кеңейтіп отырған кәсіпкерлер жетерлік. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар қанатқақты жобаларымен кәсіп ашуға ниеттенгендерді қолдайды. Ал мұндай мүмкіндікті қалт жібермеген жандар Қазалы қаласында да бар. Олар туған жерін түлетумен қатар тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсетуде.
Аудан әкімдігінің бастамасымен жалпы құны 59,1 миллион теңге болатын 17 жоба жүзеге асырылған. Соның ішінде Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және Жалаңтөс батыр ауылында арнайы 3 шағын өндірістік орталық ашылды. Аталған орталықтар шағын кәсіпкерлікті дамытуға серпін беріп, тұрғындарға өз ісін бастауға, сапалы қызмет пен өнім ұсынуға жол ашып отыр. Жалпы құны 38,1 миллион теңгені құрайтын 5 жоба «Ауыл аманаты» аясында іске қосылған. Бұл жобалар қатарында кондитер өнімдерін дайындау, кафетерий ашу, фастфуд өнімдерін шығару, гранолла таңғы асы мен балмұздақ өндіру секілді бағыттар қамтылған. Өз кезегінде тұрғындар тарапынан азық-түлік өндірісі мен тамақтану қызметтеріне сұранысы жоғары.
Қазалы қаласындағы жеке кәсіпкер Нұрбек Қазбергеновтің «Қазалы» кәмпит цехының жұмысы қарқынды. Қазалының бренд өнімі шығатын цех алдағы уақытта конфеттің өнім көлемін арттырмақ. Кәмпит тек ауданға ғана емес, ел бойынша танымал өнім.
Қазалы қаласындағы тағы бір кәсіпкерлік нысан – жергілікті кәсіпкер Салтанат Ражатованың көкөніс жылыжайы. Жеке кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 2023 жылы 8,6 миллион теңге несие иеленіп, жылыжай өсіруді қолға алған. 2023 басталған кәсіп алғашқы жемісін былтырдан бері бере бастаған. Алғашында кәсіпкер 160 шаршы метр аумаққа қияр егіліп, 800 келі өнім жиналған.
– Отбасымызбен осы жылыжай жұмысын жүргізе бастадық. Нәтиже жаман емес. Өнімге сұраныс бар. Кәсіпкер үшін маңыздысы осы. «Ауыл аманаты» бойынша берілетін несие шарттары өте тиімді. Тек еңбек етуге ниет болуы керек, – дейді кәсіпкердің өзі.
Мемлекеттік бағдарлама аясында өз кәсібін бастап, жергілікті халықты өніммен қамтып отырған кәсіпкердің жұмысын әлде де жандандыруға тиісті қолдау көрсетілмек.
Бізде балық өсіру саласын дамытуға потенциал жоғары. Себебі өңірде балық шаруашылығы ілгерілеп, көкжиегі кеңеюде. Аймақта балық өсіруге қолайлы су айдындары бар. Демек балық баптауда мүмкіндік көп деген сөз. Қазіргі таңда ауданда балық шаруашылығын дамыту мақсатында жеке кәсіпкерлер тоған шаруашылығымен айналысуды қолға алуда. Солардың бірі – Қазалы қаласындағы жеке кәсіпкер Райс Валиевтің тоған шаруашылығы.
Жоба Қазалы қаласындағы Құрманай каналының бойында орналасқан. Бұл жоба – аудан көлемінде тауарлы балық шаруашылығын дамытуға бағытталған маңызды бастама. Жеке кәсіпкер Райс Валиев кооператив құру арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 31 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алуды жоспарлаған. Жоба сәтті жүзеге асқанда тоғанда сазан балығын өсіріп, оны нарыққа тауарлық бағытта ұсыну көзделген. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және аудан экономикасын дамытуға елеулі үлесін қосады. Қазалы ауданындағы тоған шаруашылығының қолға алынуы – бағдарламаның нақты іске асқан үлгісі болмақ. Жоба толық іске қосылған жағдайда Қазалы өңірінде балық шаруашылығының жаңа кезеңі басталып, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді өнім ұсынылатын болады.
ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ӨРГЕ СҮЙРЕЙДІ
Сала мамандарының айтуынша, қазір қалада спортпен шұғылданушылар саны күн санап артып келеді. Ал мұндағы балалар мен жасөспірімдер үшін арналған заманауи спорт кешені спортпен шұғылданатын орынға айналған. Айта кетерлігі, бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына қолайлы жағдай жасалуда. Осы мақсатта қаланың екінші бөлігінде тұрғындардың күнделікті жаттығуына арналған ашық спорт алаңдары тұрақты түрде жұмыс істеуде. Болашақта спорт инфрақұрылымын әрі қарай дамыту аясында жабық спорт кешенін салу жоспарлануда. Осы мақсатта жоба-сметалық құжаттар дайындалып, қазір қаржыландыру мәселесін шешуге бағытталған жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде.
Мұндағы санитарлық тазалық пен суармалау жүйелерін жетілдіруге де ерекше мән берілген. Осы мақсатта жалпы сомасы 18,5 миллион теңге қаржы бөлініп, оның 9 миллион 798 мыңы қаланың тазалығын қамтамасыз етуге, ал 8 миллион 705 мыңы аяқ су арықтарына су жіберу шараларына бағытталыпты. Бұл жұмыстарды «Қазалы Келбеті-2019» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі жауапкершілікпен жүзеге асырып келеді. Қазіргі таңда қаладағы 21 мекеме мен кәсіпорынмен тығыз ынтымақтастықта көшелер, шеткі аумақтар, қоғамдық алаңдар мен саябақтар жүйелі түрде тазартылуда.
Түнгі уақытта шет аймақтарға заңсыз қоқыс тастау мәселесі аудан бойынша әлі де өзекті. Бұл мәселе қаланы да толғандырып отыр. Осы заңсыз қоқыс төгетін орындарды анықтап, жоюға бағытталған жұмыстар қала әкімдігінің қызметкерлерімен жүйелі түрде жүргізілуде. Заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрғындарға ескерту парақтары таратылып, кең көлемді түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылуда. Сонымен қатар түнгі мезгілде әкімдік қызметкерлері күнделікті рейдтер жасап, заңсыз қоқыс тастағандарға айыппұл салу шараларын қолдануда. Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, бұл күрес алдағы уақытта да тоқтамай, одан әрі жүйелі түрде жалғасын таппақ.
Түйін: Былтыр ауданда бірнеше жыл бұрын басталып тоқтап қалған Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығындағы 7 шақырымды құрайтын жолға күрделі жөндеу жұмыстары аймақ басшысының қолдауымен қайта басталып, төрт жолақты жол пайдалануға берілген болатын. Аталған төрт жолақты жолды аяқтауға бөлінген қаржыға сәйкес бүгін кент пен қала аралығындағы жолдың түнгі жарықшамдарын орнату жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Жоспарға сәйкес мұнда барлығы 209 жарық бағаналары орнатылуы тиіс. Жоспарланған жұмыстар желтоқсан айының екінші онкүндігіне дейін аяқталып, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығындағы төрт жолақты жолдың жарықшамдары толықтай іске қосылмақ.
Иә, қазір Қазалы қаласында қарқынды істер жүзеге асуда. Алдағы уақытта да бірлескен жұмыс берекелі болып, инфрақұрылымның игілігін көріп, әлеуметтік саланы жақсартып, экология мен жол қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөліп, экономикада бәсі биік болады деген сенім бар.
Айнұр ӘЛИ













