Құқықтық сауаттылық – қауіпсіздік кепілі
Жуырда аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Әлиевтің төрағалығымен Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында аудан тұрғындарымен кездесу өтті.Жиынға Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушілері Майра Тұрлыбекқызы Оралбаева мен Шыңғысхан Орнықұлы Досжанов, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, мемлекеттік мекемелердің басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру жөніндегі тапсырмалары негізінде интернет-алаяқтықтың, қаржы пирамидаларының және экономикалық құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланды. Мамандар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырудың маңыздылығына тоқталып, цифрлық кеңістіктегі қауіп-қатерлерден сақтану жолдарын түсіндірді.
Сондай-ақ тұрғындарға интернет алаяқтарының кеңінен қолданатын айла-тәсілдері, жеке деректердің қауіпсіздігін сақтау, күмәнді қаржылық ұсыныстарға алданып қалмау жолдары және қолданыстағы заңнама талаптары кеңінен түсіндірілді. Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар мен құқықтық кеңестер алды.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат













