Құрылтай
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағылымға толы сыр-сұхбат

Тағылымға толы сыр-сұхбат

«Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» қазақ анасының өнегесі – ұлттың рухани өзегі. Анадан бастау алған тәрбие елдің ертеңін айқындайды. Осы құндылықтарды дәріптеп, отбасы институтын нығайту, ұлттық тәрбиені ұлықтау мақсатында жуырда аудандық «Руханият» орталығында «Ана тәрбиесі – ұлттың болашағы» атты аудандық сыр-сұхбат кеші өтті.
Тағылымды шара аудандық әйелдер кеңесінің «Қазақ әйелі – қоғам тірегі» жобасы аясында ұйымдастырылып, Жанкент ауылдық мәдениет үйі мен ауылдық әйелдер кеңесінің бірлескен бастамасымен жүзеге асты.
Кештің шымылдығы ашылғаннан-ақ жиынның тәрбиелік мәні айқын сезілді. Аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Роза Шорақызы сөз алып, қазақ қоғамындағы ананың орны мен отбасы берекесінің қадір-қасиетіне тоқталып, барша аналарға ізгі тілегін арнады. Арнайы шақырылған қонақтар Ұлжан Қарымсақова мен Салтанат Рахатқызы да жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Сыр-сұхбаттың мазмұны өмірлік тәжірибеге, ұлттық тәрбиеге және еңбекке негізделген тағылымды әңгімелермен өрбіді. Еңбек анасы, «Жанкент» әжелер ансамблінің жетекшісі Дәметкен Байтөре жас ұрпақ тәрбиесіндегі ананың жауапкершілігі, отбасыдағы ізгілік пен сыйластықтың орны туралы әсерлі ой қозғап, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Шара барысында белсенді аналардың еңбегі мен тәжірибесі де көпшілік назарына ұсынылды. Гаухар Полатқызы биогумус тыңайтқышының тиімділігі жөнінде тәжірибесімен бөлісіп, ауыл шаруашылығындағы жаңашыл тәсілдердің пайдасын түсіндірді. Ал жас ана Назкен Көбегенқызы «Ақтың белгісі» тақырыбында ұлттық сүт өнімдерінің көрмесін ұйымдастырып, олардың тағамдық құндылығы мен денсаулыққа пайдасы туралы кеңінен әңгімеледі. Ауыл келіні Балжан Алдажарқызы «Ас атасы – нан» тақырыбындағы бауырсақ көрмесі арқылы қазақ дастарқанының молшылығы мен ұлттық тағамдардың қадірін дәріптеді.
Кештің көркін ұлттық өнер мен қолөнер көрмелері айшықтай түсті. Жергілікті ақын-сазгер Ғалия Аманқызының «Сәлемдесу» арнауын ұйымдастыру алқасының мүшесі Меруерт Жаңашова тебіреніспен орындап, қазақ қолөнерінің бай мұрасын таныстырды. Сонымен қатар Жадыра Бөлекбаева мен Назым Сағидулла ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесін ұйымдастырды.
Ән мен күйге ұласқан кеш көпшілікке ерекше әсер сыйлады. «Жанкент» әжелер ансамблі өнерпаз Ануар Алиевпен бірге халықтың сүйікті «Сәулем-ай» және «Үкілім-ай» әндерін орындап, ұлттық өнердің мәйегін көпшілікке паш етті. Қобызшы ана Наргүл Баеке Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін қобыздың мұңлы үнімен орындады. Сонымен бірге Дархан Оразымбетов орындаған «Ана» әні кештің әсерін тереңдете түссе, белсенді ана Ажар Нысанова қазақтың «Қамажай» биін билеп, ұлттық өнердің ажарын аша түсті.
Осындай мазмұнды шараның жоғары деңгейде өтуіне ауылдық әйелдер кеңесінің мүшелері Перизат Баймбетова, Рабиға Қайып, Шаттық Көбеген, Калимаш Қосманбетова, Есенгүл Жарасова, Гүлбаршын Қалхаманова, Гүлнәр Тоқсанбай, Гүлдана Атағұлова, Гүлнұр Айғараева, Айсұлу Ізтілеуова, белсенді аналар Жаңагүл Бәйтерек пен Мейрамгүл Еңсеп, ауыл әкімдігі мамандары Айткүл Ілияс пен Индира Балтөреева, балабақша ұжымының өкілдері Дина Көмекбаева, Мөлдір Сарман, Дәметкен Жиенбай, сондай-ақ жас аналар Назерке Нәдірова, Шапағат Әбдуәли және Анар Бірәлі белсенді атсалысып, игі істің жүзеге асуына өз үлестерін қосты.
Кеш соңында Өркендеу ауылдық округінің әкімі Қуанғали Қожахмет пен Жанкент ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Несібелі Нұрадин сөз сөйлеп, ана тәрбиесінің ұлттың рухани тұтастығын сақтаудағы орнына ерекше тоқталды. Олар ұлттық тәрбиені дәріптеу жолында еңбек етіп жүрген белсенді аналарға алғыс білдіріп, арнайы сый-сияпаттар табыс етті.
Ұлттың ұстыны – отбасы, отбасының шамшырағы – ана. Сондықтан ана тәрбиесін ұлықтау – баршаға ортақ міндет. Осындай тағылымды шаралар ананың қоғамдағы мәртебесін айқындап қана қоймай, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ұрпақ тәрбиесіне деген ортақ жауапкершілікті нығайта түсетіні сөзсіз. Ендеше, отбасы институтын бекемдеп, рухани сабақтастықты жалғайтын маңызды бастамалар бұдан әрі де жалғасын тапсын демекпіз.

Арайлым ЖҮСІПОВА
08 тамыз 2026 ж. 26 0

Облыстан бұйырған олжа

08 тамыз 2026 ж. 21

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31