Саналы қоғам – сапалы мемлекет
Болашақ бір күнде қалыптаспайды. Ол шаңырақтағы тәрбиеден, ата-ананың жауапкершілігінен, әр азаматтың жанашырлығынан басталады. Қоғамның тынысын бір ғана жаңалықтан аңғаруға болады. Кейде үнсіз қалған бір баланың жанайқайынан. Бірде кешкісін үйіне асықпайтын әкенің үнсіздігінен. Кейде телефонына телміріп, ата-анасының жүзін ұмыта бастаған баланың жанарынан.
Біз көбіне мәселенің салдарымен күресеміз. Қылмыс көбейгенде дабыл қағамыз. Буллингтен кейін өкініш айтамыз. Есірткіден көз жұмған жас туралы естігенде ғана алаңдаймыз. Отбасы ажырасқанда себеп іздейміз.
Осының бәрі басталмай тұрып, оның алдын алу мүмкін бе? Иә. Ол үшін қоғамға жанашырлық пен жауапкершілік қажет. Сонымен бірге үнсіз қалмайтын азаматтар керек. Сондай жауаптылардың басын қосқан ұйымның бірі – «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі.
Бес жыл... Тарих үшін қас-қағым сәт. Ал адам тағдыры үшін тұтас дәуір. Осы бес жылдың ішінде ұйым мыңдаған шақырым жол жүрді. Жүздеген қала мен ауылда болды. Мыңдаған ата-анамен жүздесті. Сансыз баланың мұңын тыңдады. Үмітін жоғалтқан отбасыларға қолдау көрсетті. Қоғамда айтуға ұялатын мәселелерді ашық талқылауға жол ашты. Қазіргі қоғам үшін ұйымның жұмысы адам тағдырын сақтап қалуға бағытталған үнсіз майдан іспеттес.
Қазақ халқы «Бала – адамның бауыр еті» дейді. Бірақ бүгінгі қоғамда сол бауыр етінің жан дүниесіне үңілуге уақыт таппай бара жатқандаймыз. Материалдық игілік артқан сайын рухани байланыс әлсіреп барады.
Үлкен үй салдық. Алайда бір дастарқан басында отырып әңгімелесуді сиреттік. Балаларымыздың қолына соңғы үлгідегі телефон ұстаттық. Дей тұрғанмен қолынан ұстап серуендеуге уақыт таппадық. Оларға бәрін сатып әпердік. Тек өзімізді бере алмадық. Осының салдары бүгін қоғам болып бетпе-бет келген мәселелерге ұласты.
Интернетке тәуелділік. Буллинг. Лудомания. Есірткі. Вейп. Отбасылық зорлық-зомбылық. Жасөспірімдер арасындағы суицид әрекеттері. Мұның ешқайсысы бір күнде пайда болған жоқ. Олардың түп-тамыры – әлсіреген тәрбие мен жоғалған диалог.
«Сенімен Болашақ» осы үнсіздікті бұзды. Ұйым мәселені кабинеттен емес, халықтың арасынан зерттеді. Ата-анамен сөйлесті. Баламен тілдесті. Психологтарды, педагогтерді, заңгерлерді, қоғам белсенділерін бір үстел басына жинады. Өйткені бала тәрбиесі тұтас қоғамның міндеті. Осы бес жыл ішінде жүзеге асқан жобалардың ең үлкен нәтижесі – өзгерген тағдырлар. Мұны ешқандай статистика толық жеткізе алмайды. Себебі кейбір жеңіс есепке сыймайды. Ата-анасымен қайта тіл табысқан бала. Ажырасудан аман қалған отбасы. Өмірден күдер үзбей, жаңа үміт тапқан жас. Міне, нағыз нәтиже осы.
Бүгінде елді өзгертетін күш жақсы мысал. Қоғамға үрей емес, үміт сыйлаған жөн. Айыптау емес, амал керек. Сын ғана емес, шиелініскен түйіннің шешімін ұсыну қажет. Ал «Сенімен Болашақ» осы шешімді іздеп жүрген ұйымдардың алдыңғы қатарынан көрінді.
Тектілер ту көтереді – өмірлік ұстаным. Тектілік атақ емес, халыққа қызмет ету мен өзгенің баласын да өз балаңдай қорғау. Тектілік қоғамдағы мәселені біреуден емес, өзіңнен бастап шешу және ертеңгі Қазақстан үшін бүгін еңбек ету.
Қазақ тарихында ту ұстау кез келген адамға бұйырмаған. Туды ел сенген ерлер көтерген. Қазір де солай. Бүгінгі тудың аты – жауапкершілік пен адамгершілік және отбасы құндылығы. Ал сол туды көтеріп келе жатқан азаматтық бастамалардың бірі – «Сенімен Болашақ». Өйткені мемлекет болашағы зәулім ғимараттармен емес, мықты отбасымен өлшенеді.
Экономика уақыт өте өзгереді. Технология жаңарады. Ал ұлттың өзегін сақтап қалатын жалғыз құндылық бар. Ол – тәрбие. Саналы ата-ана тәрбиелеген ұрпақ ғана елді өрге сүйрейді. Сондықтан бүгін отбасыға жасалған әрбір инвестиция ертеңгі Қазақстанның қауіпсіздігіне салынған инвестиция. Болашақты өзгертетін қаһармандар кейде мінберде тұрмайды. Олар сахнаға шықпайды, марапат күтпейді. Олар күн сайын адамдардың тағдырын сақтап қалу үшін үнсіз еңбек етеді. Нағыз тектілік дәл осындай еңбектен басталады. Ал тектілер әрдайым ту көтереді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА















