Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала тәрбиесіне жауапты кім?

Бала тәрбиесіне жауапты кім?

«Бала тәрбиесіне жауапты кім?» деген сұрақ аясында ой қозғала қалса, көпшіліктің пікірі екіге бөлінеді. Бірі бала тәрбиесіне мұғалім жауапты десе, екіншісі бұл ата-ананың жауапкершілігіндегі дүние екендігін айтады. Осы орайда тақырыбымызға арқау болған сауал төңірегінде бала тәрбиесіне жауапты жандардың пікіріне құлақ түрген едік.











Нұрлыгүл ДЕМЕСБАЙҚЫЗЫ, психолог, арт-терапевт:
Ата-ананың басты қызметі – бала тәрбиесі
– Өзекті мәселе – бала тәрбиесі. Бала дүниеге келді деген сөз, сол отбасыға өзгеріс келді дегенді аңғартады. Әрбір баланың дүниеге келуі – ата-ана үшін сынақ әрі сабақ.Себебі ұлды, қызды тәрбиелей отырып, өзімізді тәрбиелейміз. Ал өзімізді тәрбиелемесек, балаға дұрыс бағыт көрсете алмаймыз.
Баланың қалыптасуына, жетілуіне, дамуына, қала берді қоғамға енуіне бірден-бір жауапты орта – отбасы. Яғни өз отбасында қажетті құндылықтарды бойына сіңірген бала өскенде де дәл өзі сияқты ортамен араласады және ешкімнің жетегінде кетпейтіндей ішкі діңгек қалыптасады. Сондықтан баланың шалыс әрекеттерін сыртқы ортадан көру – өз жауапкершілігін басқаға аударудың көрінісі ғана деп білемін.
Ата-ана бала қателескенде жазалауды білсе де, ол жылағана сәтте жұбатуды ұмытып жатады. Бұл тиісінше олардың шектен тыс тұйықталуына немесе назар аударту үшін бұзықтық жасауына алып келеді. Себебі көп отбасыда бала тек бірдеңе бүлдіргенде ғана сөйлеседі. Басқа уақытта бала да, ата-ана өз әлемінде өмір сүреді. Содан балада бейсаналы түрде бұзықтық жасау, шу шығару деген ой пайда болады. Бұның барлығы отбасында махаббат, мейірім, қамқорлықтың жетіспеуі салдарынан. Бірақ шектен тыс қамқорлықтың берілуі де баланың қателікке ұрынуына әсер етеді. Көбіне ата-ана баланы өмірге, қоғамға емес, өзіне бейімдейді. Баланы өзінің жеке меншігі ретінде көреді. Бұл шектен тыс қамқорлық баланы моральдық тұрғыда мүгедек етеді. Мұндай әрекет көп жағдайда аналар тарапынан жасалады. Психологиялық тілмен айтқанда баламен уақытында сепарация жасалмайды. Құс екеш құс та уақыты келгенде балапанын ұшырып жібереді. Ал адам кейде сол құс құрлы саналы бола алмайды. Сөйте жүріп, баламды қорғаймын, өз аямнан шығармаймын деп оның ертеңіне зиянын тигізіп жатқанын байқамайды.
Баласы бар әр адам өзіне жауапкершілік алуы керек. Әрбір бұрыс қылығы үшін әр сәт өзіңізге «мен қай жерден қате жібердім?» деп сұрақ қойыңыз. Қандай жағдай болмасын баланы қараусыз қалдырмаңыз. Ол өз қиындығын басқаға емес, сізге айтатындай досы болуыңыз қажет. Қаншама жұмысбасты болсаңыз да күніне 10 минут баланың әңгімесін тыңдаңыз. Ол қателік жасаса жазаламас бұрын арқасын қағып, құшағыңызға алыңыз. Балаңыз сіздің құшағыңызға жылынып, жақсы сөзіңізге тоймаса, кейін сізге де солай жасамасына кім кепіл?

Гүлден ИМАМАДИНҚЫЗЫ, ата-ана:
Тәрбиенің түп негізі отбасынан басталады
– Қазақ «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» – деп бекер айтпаған. Сондықтан баланы туғаннан бастап, бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп, тәрбиелеген абзал. Себебі тәлімнің негізі әкенің қанымен, ананың сүтімен, әженің әлдиімен бойына сіңеді. Соңғы уақытта ата-ананың бала тәрбиесінде жіберетін кемшілігі туралы жиі айтылып жүр. Көбі бұған заманды, тұрмысты кінәлайды. Меніңше, бұл дұрыс емес. Баласының үлгілі азамат болып қалыптасуын ойласа, өздері де соған лайық өнеге көрсету керек емес пе?! Біз көбіне осы тұрғыда шалыс қадам жасап жүрміз. Өзіміз баламызға «Сен мұндай бол, олай жасама» деген сынды міндетті жүктейміз де, бірақ соның бірде-бірін өзіміз жасамаймыз. Олай етпегені үшін ренжитініміз тағы бар. Біз – баланың айнасымыз, бала айнадан не көрсе соны жасайтыны бесенеден белгілі. Онда неге өзіміз балаға үлгі болмаймыз? Отбасындағы құндылықтарды әлсіретпеуді ойласақ, бала тәрбиесінде әкенің айбары, ананың ақылы үнемі көрініс табуы керек. Сонда ғана ол отбасында тәлімді тәрбиені бойына сіңірген жақсы азамат болып қалыптасады. Расымен баланың тұлғасы отбасында қаланады десек, оны ешбір қоғамдық орта алмастыра алмайтындығын қаперден шығармағанымыз жөн. Себебі тәрбиенің түп негізі – отбасыда.

Ұлан ҚАЛИЕВ, мұғалім:
Бала тәрбиесіне біржақты қарауға болмайды
– Қазіргі таңда бала тәрбиесінің ақсауы әлеуметтік тұрмыстық теңсіздікке байланысты дер едім. Неге десеңіз, бүгінде көп ата-аналар баланың материалдық жағдайын қамтамасыз етуді басты мақсат еткен. Себебі сананы тұрмыс билеген заман. Баланың қатарынан қалмауына жағдай жасаймын деп жүріп, көпшілігі бала тәрбиесінен тыс қалып жатыр. Одан бөлек бала тәрбиесіне кері әсер етуші факторлар да бар. Мысалға айтар болсақ, балаларымыздың қолында жүрген ұялы телефон. Бұл да бала тәрбиесіне теріс әсер етеді. Себебі бала ата-ананың ақылымен емес, қалта телефонмен тәрбиеленіп жатыр. Ұялы телефоннан нені көріп, нені тыңдап жүргендігін де бақылауда ұстап, қадағалуды назардан шығарып алып жатқан жағдайлар да аз емес. Тіпті балаға шектеу қоюды ұмытып бара жатқандаймыз. Осының бәрі кішкентайға кері әсер етпей қоймайды.
Халқымызда «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген тәмсіл бар. Десек те, бүгінгідей бала тәрбиесінде әкенің рөлі жоғалып бара жатыр. Оны жоққа шығаруға болмайды. Себебі қазір әкенің көзқарасынан ығатын, ананың сөзінен именетін бала аз. Сондықтан мұндай олқылықтың алдын алу үшін мектеп жанындағы «әкелер» институтын жандандыру керек деп ойлаймын. Қазір ата-аналардың көбісі бала тәрбиесін мектеп мұғалімдеріне арта салуды үрдіске айналдырған. Десе де, бала тәрбиесіне ұстаздардың белгілі бір мөлшерде ғана қатысатындығын қаперден шығарып алып жатыр. Тиісінше ата-аналардың құқықтық сауатының төмендігі ауданда мектеп оқушылары арасында көрініс тапқан кешегідей келеңсіз оқиғаға негіз болып отыр. Мектеп әкімшілігі баланың тек сабақ үстіндегі көңіл-күйіне, мемлекеттік стандартты игеруіне, мектеп ауласына кіргеннен, шыққанға дейінгі тәртібіне ғана жауапты. Қалған уақытта барлық жауапкершілік ата-ананың мойнында болуы тиіс. Баланың мектепке баруы және келуі, сондай-ақ бала кешіккен жағдайда сынып жетекшісімен тығыз байланыста болуды әдетке айналдырса, нұр үстіне нұр болар еді.
Арайлым ЖҮСІПОВА
15 сәуір 2023 ж. 318 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031